Қазақтың қамын ойлаумен ...

 «Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы – орманшы-статист, 1863 жылы туған, өздерін Шыңғыс ұрпақтарына жатқызатын Бөкей сұлтан әулетінен. Бөкейханов алдымен медреседе, содан кейін жер-техникалық училищеде және орман институтында оқыған, оны 1897 жылы бітірген.Тобыл губерниясы бойынша статистикалық жұмыстарға қатысып,одан кейін кейін Омбы орман мектебінде оқытушы болды. 1897 жылдан 1904 жылға дейін Егін шаруашылығы министрлігінде дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедицияларда жұмыс істеді. Мақалалары Сібірдің көптеген газеттері мен журналдарында басылып тұрды. 1906 жылы, кейіннен әкімшілік жауып тастаған «Иртыш», «Омич», және «Голос степи» газеттерінде редактор болды. Прогресті бағыттағы астаналық газеттерге мақалалар жазды. 1905 жылғы жер жөніндегі съезге қатысты. 1906 жылы қамауға алынған. Семей облысы қазақтарынан бірінші Мемелекеттік Думаға сайланғаннан кейін Омбы түрмесінен май айында босады. Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін Семейде 3 ай қамауда болды».
  Ф.А.Брогауз бен И.А.Ефрон шығарған атақты «Жаңа энциклопедиялық сөздікте» (8-том, 452-бет) қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жалынды публицист Әлихан Бөкейханов туралы осылай жазылған. Ол алғашқы орыс энциклопедиясына іліккен санаулы қазақтың бірі. Осының өзі Әлекеңнің қоғамдағы орнын білдірсе керек. Қазаққа ол кезде орыс жұртшылығын мойындату тіпті де оңай болмаған.
  Әлихан Нұрмұхамедұлы – қазақ тарихындағы аса ірі тұлға. Ол туралы зерттеулер жариялылық жылдарында соңғы кездері ғана там-тұмдап жарық көре бастады.
  КСРО Жоғарғы сотының 1988 жылғы 14 мамырындағы қаулысы бойынша КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1937 жылғы 27 қырқүйектегі үкімі бұзылып, оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ісі қысқартылғаны аян. Бірақ әлі күнге дейін Ә.Бөкейхановтың саяси-қоғамдық қызметі әділ бағасын алған жоқ...
  Халқы үшін шырылдап, өз заманының аса белсенді қоғам қайраткері болған ол артына мол мұра қалдырып кетті. Әлекеңді оқырмандарға таныстыра беру мақсатымен біз оның бірнеше еңбегін ұсынып отырмыз. Бұл мақалалар енді ғана елдік сипат алып жатқан бүгінгі парламентіміздің жұмысына да үлкен ой салғандай.
  Шамасы, мақалалар әуелде орыс тілінде жазылып, сонан соң әлдекім дүмбілездеу аударса керек. Әдепкідей Әлекеңнің жорға тілі жоқ. Сол себепті ішінара стильдік түзетулер енгізілгенін естеріңізге сала кетеміз.
  Материалды жариялауға әзірлеп, алғысөзін жазған журнал қызметкері Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ.

ҮШІНШІ ДУМА ҺӘМ ҚАЗАҚ

 Бірінші һәм екінші Думада қазақ халқы облыс басынан бір депутат сайланған еді. Бұл екі Дума бірі 72 күн, бірі 103 күн тұрып, қазақ халқының жай-жағдайы талқыға түспей қалды.
  1907-ші жылда 3-ші маусымда екінші Дума қуылып, енді келер думаларды сайлауға «3-ші маусым заңы» шықты. Бұл заң бойынша бүтін қазақ халқы депутатсыз қалды. Қазақ халқы надан, сондықтан Дума депутаты болуға лайықсыз деген желеу айтылды.
  Сөйтіп, бес жыл Думада қазақ тағдыры бөгде халық сайлаған депутаттар қолында қалды. Осы бөтен халық депутаттары қазақ жері туралы 3-ші Думада не сөйледі, не жұмыс қылды, осыны қысқартып жазалық.
  Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал облысына қараған қазақтарға арналып 1891-ші жылғы 25-ші мамырда «Дала ережесі» шықты.
  Бұл заңның 119-шы бабында: «Көшпелі қазақ отырған жер қазынанікі» деп жазылған. Ал 12-ші бапта: «Бұл жер мәңгілік көшпелі қазақ иелігінде» делінген. Осы 12-ші баптың қосымшасында: «Қазақтың пайдаланған жерін қазына өз керегіне алады» деп тағы айтылған.
  Жоғарыда айтылған бес облыста қазақ жерін мұжыққа осы қосымшаға сүйеніп алатұғын. Түркістандағы Самарқанд, Ферғана һәм Сырдария облысының қазақтарына 1886-шы жылғы 12-ші маусымда «Түркістан аймағын билеу туралы ереже» шыққан. Бұл ереженің 279-шы бабында қазақтан жер артылса оны қазына өз пайдасына алады деген қосымша жоқ еді. Бұл заң бұрынғы күйінде тұрса Түркістанда қазақ жері мұжыққа алынбайтын еді, хүкүмет 279-шы бапқа қосымша деп 1911-ші жылы 3-ші Думаға: «Түркістанда қазақ иелігінен артық жер табылса, қазына өз пайдасына алатын болсын», деген екі жол заі кіргізді.
  Осы заң Думада сөз болғанда қазақ пайдасына Қазан депутаты Мақсұдов, Забайкал депутаты Волков, Уора депутатыТевкелев, Тобыл депутаты Дзубинский сөйледі. Бұлардың сөзіне ұйып, депутат барон Мейендорф та бұл заңды қолдап, тас салмаймын деп қарысты. Думаның көпшілік жағы бәрібір үндемей отырсақ та, көпшілік жеңеді ғой деп ортасынан шешендерін шығарып, бұл заң халыққа пайдалы һәм әділ деп таласқан жоқ.
  Дзубинский тым болмаса қазақтың қазған арығы, салулы жоңышқасы, алма-мейіз салған бағы қазына пайдасына алынбасын деді. Думаның көпшілік мүшелері осы жөн сөзді де қолдамады. Сөйтіп, Дума көптігін қылып, жүйрік шешендерді тұқыртып, әділдікті бүктеп, 279-шы бапқа қосымшаны заң болсын деп шешті. 1911-ші жылғы 7-ші желтоқсанда Дума әлгі заңды екінші рет қарады. Кадет партиясының көсемі Милюков Түркістаннан жер аламын деген дұрыс емес деп тағы көсілді. Астрахань депутаты Виноградов қазақ жыртқан жер өзінде қалсын деп, заңды Дзубинскийше түзетпек болды. Сөз тыңдаған 3 Дума жоқ, көптігіне сеніп, екінші қайтара 279-шы баптың қосымшасын заң етіп қабылдады.
  Осылайша, Түркістан қазағына да Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал қазағының кебі келді. Енді Түркістанда қазақ жерін алғанда заңды деп алады.
  «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген осы-дағы.
  (аяғы бар)
Қыр баласы
 «Қазақ» газеті, № 9, 1913 жыл.

ҮШІНШІ ДУМА ҺӘМ ҚАЗАҚ

(басы 9-шы нөмірде)

 Думада қазақ сияқты жетім жұрттар жайынан екі-ақ рет сөйлеу кезегі келеді: бірі депутаттар қазақ мәселесінде заңды баса-көктеп, зорлық қылып, соған орай хүкұметтен жауап сұраған кезде. Мұны орысша «запрос» дейді. Екінші министрліктің бір жылғы шығынын Дума бекіттіреді, оны бюджет жарыссөзі дейді.
  1909-жылы бюджет жарыссөзі болғанда һәм қазақ жерін мұжыққа бергенде чиновниктерден заңнан тысқары жұмыстарын беттеріне басып, депутат Дзубинский һәм Виноградов неше түрлі дәлел келтіре сөйледі. Бірақ қанша алтын болса да бұл сөзді тыңдайтын үшінші құлақ жоқ, саңырау болды да қалды.
  1910-шы жылы бюджет жарыссөзі болғанда, қазаққа заңнан тысқары зорлық қылуды әлі қойған жоқсыңдар деп депутат Дзубинский сөйлеп еді, бұған хүкүмет бес-алты қазақты қыстауынан көшіріп, елу-алпыс мұжыққа жер берсек, «қазақ, қазақ» деп құлақтың мазасын аласың, осы дума қазақ Думасы ма, жоқ орыс Думасы ма? Деп жауап берді.
  Дума қазақ мұнын тағы да қалыс қалдырып өте шықты. Мұнан кейін екі рет бюджет жарыссөзі болғанда қазақ деп сөйлеген депутат болған жоқ. Бұлар неғып болсын: тасқа шапқан пышақ не өндірер.

 1908-ші жылғы 21 маусымда кадет депутаты Виноградов бас болып сұрау салған. Мұжыққа қала салуға Өскемен уезі, Воложин болысы, үшінші старшында 16 мың десятина жер кесіп, неше ауылды қыстауынан көшіріп, неше үйдің арық, егінжайын алып еді. Есеп алған Щербинаның өлшеуі бойынша қазақтарда мұжыққа берілуге лайықталған 50 мың десятина артық жер бар екен. Сұрау салған депутаттар: өз есептерінде 50 мың десятина артық жер болса, мұның 16 мыңнан ғана алғанда, қазақты қыстауынан көшірмей, арық, егін-пішеніне тимей неге алмадыңыздар? – деген.
  Бұл сұраудың дәлелі күшті болып, 3-ші Думада мұны сұрау комиссиясы ақыры мақұлдады.
  Дума заңы бойынша мұндай Дума мақұлдаған сұрауға хүкүмет бір айда жауап беруші еді. Осы қазақ жері туралы бес жылда берілген жалғыз сұраныс үш жыл жатып, 3-ші Дума тарағанда, 1912-ші жылы бірге құрыды, хүкүмет оған жауап берген жоқ.
  Тағы Өскемен уезінде Торғын болысы, 7-ші старшында бір рулы қазақтың жерін мұжыққа алған екен. Жерінен айырылған бұл қазақтар Тобыл депутаты Скалазовқа: «бізді мынау зорлықтан қорғаңыз» деп хат жазды. Бұл қазақтардың өз жері үй басына 63 десятина екен. Бұл қазақтардың 169-ның 60-сы өзінде болмаған соң қазақ-орыс жерінен ақысын төлеп пішен шабады екен. Қой, жылқы бағатын жайылымды жылқы басына он тиын, қой басына бес тиын төлеп, көрші қазақ-орыстан жалға сатып алады екен. Осы дәлелдерді Щербина кітабынан алып, депутат Скалазов: заң қазақтан артық жерді ғана ал дейді, ал сіздің чиновниктеріңіз кез-келген жерді алады, бұ қалай? – деп қоныс аударушылар бастығына жазды.
  Уезд комиссиясынан өткен соң Қошанай жері ақырында қазақ пайдасына қалды.
Қыр баласы,
 «Қазақ» газеті, № 10, 1918 ж.

ТӨРТІНШІ ДУМА ҺӘМ ҚАЗАҚ

  Дума құрылғалы бері, патшалықтың бір жылда жұмсалатын шығынын, жыл сайын сонда бекітіп отырады. Мұны бюджет дейді. Осы бюджет Думада қаралғанда болған әңгімені бюджеттік жарыссөз деп атайды. Әр министрліктің шығынын Дума бекіткенде, депутаттархүкүметтің ұнамсыз істерін бетіне басып, енді мұндай жолсыздықты жасама деп айтып өтеді. Біздің қазақ мәселесі жетім жұрт секілді бюджеттік жарыссөзде жылда бір-ақ айтылады. Өткен 11-ші маусымда Думада қоныс аударушылар басқармасының шығынын қарады. Қазақтың жер туралы заңнан көріп отырған қорлығын айтып, Забайкалье депутаты Волков һәм Баку депутаты Жагфаров сөйледі.
  Волков: «Біз Сібір депутаттары үшінші Думадан бері міне жеті жыл келімсек мұжыққа жер алғанда қазақтың ең жақсы жерін алып, бұларға жер қалдырмай отырсың деп зарлап келеміз. Бірақ әзірге біздің айтқан сөзімізді тыңдаған кісі жоқ; қазақтың қазулы арығын, бау-бақша еккен жерлерін кесіп алып отыр.Қазақтың жерден қысылғандығы сондай, енді өзі бөтен жаққа «переселен» болып көше бастады. Тұрғын жұрт – қазақты орнықтырып, содан қалған жерді қоныс аударушыларға берген жөн еді, тұрғын жұртты орнықтыратын заң жобасын хүкүмет әлі Думаның күн тәртібіне кіргізген жоқ».
  Келімсек мұжыққа бермекке күні бүгінге шейін қазақты қысып, жерін алушы еді. Енді биыл қоныс аударушылар басқармасы бұрынғысы қазаққа аздай, бай орысқа берем деп (Дала аймағынан) (Ақмола һәм Семей облысы) жүз учаске кесіп отыр, оның әр қайсысының көлемі 5 мың десятина. Ойы бұл жерді әуелі бай орысқа көп жылға жалға бермек, аяғында сол жерге байды не қылмақ. Хүкүметтің бұнысы тұрғын жұрт – қазаққа қып-қызыл залал. «Жер кесілгенде қазаққа өз шаруасын аздырмайтын етіп кессін!». Волков осы сөзін өткіземін деп Думаға тас салуға тартты. Дума мүшелерінің көбі хүкүмет недесе соны мақұл дейді. Волков тілегін қолдаушылардың аз болу себебі осы. Енді қазақты тонағанда Думадан бата алмадым деп тонайды.
  Баку депутаты Жагфаров Думадағы мұсылман депутаттары атынан сөйледі: «Бізге қазақтар әр жерден көрген қорлығын айтып хат жазады. Мұжыққа жер бөлгенде бар жақсы жерін алып, қазаққа үлкен зорлық қылып отыр. Бұл зорлықты қалай заңды, әділдік жолы дейміз?».
  1908-ші жылы Түркістандағы істерді тексергенде: «артық жер деп қазаққа қалдырғаны тастақ, тақыр, ашы, сортаң жер. Осы зорлыққа көніп, мінез шығармай, тыныш отырған қазақтың дүниеде жоқ момындығы»деп сенатор граф Палин айтқан еді. Осы зорлықты көріп отырған жұрт хүкүметті не деп білмек? Біздің мұсылман депутаттары қоныс аударушылар басқармасының мекемелеріне ақша бермеуді қостап тас салады», деп Жагфаров сөзін бітірген болатын.
  Сөйтіп, қазақ қолындағы малын бағуға жайылымдылық жер бекітіп бер десе, бұл сөз назарға алынбайды екен. Себебі, «бүйтіп қазаққа енші берсе қазақ ұтып кетеді екен, қазақ жерінен өзге телмірген ауыздарға сыбаға-мүше аз қалады екен» ...
  Осымен бюджет жарыссөзі тұра тұрсын. Қазақ жұрты, қазақ жері туралы тағы біраз сөз.
  Төртінші Думада қоныс аударушылар басқармасы кіргізген заң жобасы бар. Мұнда не жазған? Бұл заң қазақ жерін кесіп, мұжыққа беруші еді. Мұжық біткен егін салатын қара топырақты жерді алып бітті. Енді мұжықтар кескен жердің көбін тастақ, татыр, шөл кесірленіп алмай жатыр. Осы мұжық алмай, қазаққа қалдырған жерді жаңа заң бойынша мыңғырған мал бағатын орыс байына көп жылға жалға бермек. Біраз жыл өткен соң осы жерлер орыс байларының мүлде өз жері болып қалмақ...
  Осылай ... қазақ мекендеген жерді қазақтан басқа, кім болса сол сатып алып, сұрап алып өзінікі қылмақ. Жалғыз-ақ бұл жол қазақ байғұсқа бұйырмай тұр.
Қыр баласы. 1913 ж. № 19.

ДУМА ҺӘМ ҚАЗАҚ

1905 жылғы 18-ші ақпанда патша ішкі істер министрлігіне мұнан былай жұртымның игі жақсылықтарымен ақылдасып заң шығарамын, соған орай ел жақсыларын сайлаудың жолын жаса депх жарлық қылған. Патша енді сол айтқанын жүзеге асырмақшы. Оның айтқанын орындаймын деп ішкі істер министрі Думаға депутаттар сайлайтын жол жасады. Мұны «мемлекеттік Дума мекемесі» дейді. Осы жария еткен патша манифесі 6-шы тамызда шыққандықтанхх бұл жол «6-шы тамыз жолы» атанды.
  1905 жылдың жазында олар далалық генерал-губернаторға хат жазып, біз мұнда Думаға жұрт жақсысын сайлап жіберетін жол жасап жатырмыз. Сіз қазақты билеп отырсыз, біздің бұл ақылды қалай көрессіз деп сұраса керек. Олар қазақ жұртын жабайы, көшпелі, түн астында, мұзы ерімейтін мұхит қабағында ит жегіп жүрген самоед, лапармен бірдей деп ұғады. Сондықтан депутат сайлауынан тысқары қалайық деп тұрмыз.
  Ол кезде генерал-губернатор Сухотин еді. Ол Омбыдағы мекеме бастығы – орыстарын жинап алып, қазақ жұртын Думада тысқары қалдырсақ деген қимылын кеңеске салды. Жиылған орыстың көбі бұл пікірді алжығандық, адасқандық деп бағалаған. Қазақ жұрты іскер шешен, саны бес миллион қазақ өз жайын өзі Думада баян қылатын жөні бар. Қазақтан Думадан депутат болмаса,бес миллион жұрт мақсаты ескерусіз қалады, ал бұл әділетсіздік болар еді...
  Енді Сухотин пікіріне келелік. Рас, қазақ самоед, лапар емес, бұлардың арасы жер мен көктей, қазақты бұлармен оттас, ошақтас қыламын деген әншейін құр далбаса. Әйтсе де қазақ жұртына депутат бермейміз деген пікірдің бары рас.
  Патшаның қол астындағы жұртының жарым-жартысы поляк, еврей, татар, қазақ һәм өзге уақ жұрттар. Орыстың өздері сайлаған депутаттарының жарымы жұрттың бәрін тең қылмақ ойда. Бұлар тәмам орыс емес, жұрт сайлаған депутаттар. Бұл жолды таңдасақ Думада біздер – орыстар аз қаламыз. Қазақ ақылсыз, надан болса, олардың депутаты қарсы жаққа шықса да сыры беймәлім. Ал ақылды,шешен болса, одан да қауіпті, оданда қазақты Думадан тысқары қалдыру керек дейді жандарал Сухотин.
  1905-ші жылдың жазы Сухотинді сөйлетіп қойып, қарап жататын уақыт емес еді. Сондықтан Қарқаралы, Павлодар қазақтары: Қоластындағы жұртқа жасаған жақсылығыңнан біздің қазақты тысқары тастама, біздің қазақ жұртына да депутат болған. Сухотин адасып отыр... деп патшаға жеделхат жіберді.
  Бұл жеделхат берілген уақыт – қазақ жұрты әскерге алынып жатқан кез. Семей облысы, Павлодар уезі қанжығалы Рахмет Әлдебек баласына патша саған тәңір жарылғасын айтты деп жеделхат беретін уақыт. Сөйтіп сухотинді аударып тастап, «6-шы тамыз жолымен» қазақтан депутат сайланатын болды.
  Бірінші һәм екінші Думада Сухотиннің айтқаны келіп, депутаттың көбі орыс патшалығы панасында жұрттың бәрін тең қылмақ болды. Думаның бұл пікірі біздің патшалықты билеп отырған орыс дворянына жік түсірді, бүйтіп жұрт қатарға кірсе, жұртты қойдай айдап жүрген байлар пайдасынан айырылысып қалатын болды.
  Қазаққа депутат бермейміз дегенде Сухотин орыс ұлтының пайдасын көздеді. Енді бірінші һәм екіеші Думаның бет алысын көрген соң байлар мұжықтардан құтылмақ болды. Өйткені бұл екі Думада мұжыққа орыс дворяны жерінен жер кесіп бермек болды. Үшінші Дума депутат сайланатын жол жасағанда мұжық депутатын бұрынғыдан әлде неше есе азайтты. Орыс патшалығының панасындағы жұрттың әрбір жүзінің сексен бесі орыс мұжығы, қалғаны татар, қазақ һәм қалған уақ жұрттар. Ал «3-ші маусым» заңымен сайланған мұжық депутаты төрт жүз депутат ішінде қырық-елудей. Орыс патшалығы өздерін арқалап, асырап отырған мұжыққа мұны қылғанда аз, бытыраңқы, надан қазақты не қылсын?!
  Думадан шығарды да тастады.
  1905-ші жылғы 17-ші қазандағы патша манифесінің 3-ші бөлімінде бұдан былай ешбір заң Думада қаралмай жарыққа шықпасын деп жазылған еді. «Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді». Хүкүмет орыс дворянының ыңғайына қарай, патша манифесіне орай «3-ші маусым заңы» деген депутат сайлайтын жол енгізді...
  Қазақ «21 маусым заңына» кірем деп сұраса, тоны су болып бара ма? Қазақ хүкүметтен орын сұрасын, деп Думадағы депутаттар бізге ақыл қосқан.
  Міне биыл үшінші Дума тарқап, төртінші Дума сайланады. Қазақ ақсақалы, жұрт басшысы Думаға депутаттық орын бер деп, патшадан сұраңдар. Біз әр үйездегі қазаққа хабар салып едік.
  Қазақ сияқты аз жұрт біреуге ілесіп жұрт болады ғой. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды.
  Граф Хамит Әлдебек баласына патшаның жеделхатын бергенде біздің қазақ орыстың түзу жолда жүргендерінің отына жанып еді.
  24-ші маусымда Дума Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Самарқанд, Ферғана облысының үш жылғы ұстайтын ақшасын қарап, осы жөнінде Заң шығарды. Осы қазақ олблыстарының сметасы қаралған кеңесте қазаққа жаны ашыған депутаттар құлағы жоқ, саңырау «төртінші» Думаның көзін ашқандай болды. Біз мұнда Петербургте отырып қазақ жерінің өз депутатынсыз, олар туралы ереже жазуымыз қиынсыз десті олар.
  Енді мұнан былай қазақ облыстарынан Думаға депутат сайлау керек деп келісті. Осындай дума тілегін Дума ережесі дейді. Хүкүмет Думаның айтқанын жасайтын болса, онда қазақ қоныстанған облыстан депутат сайлайтын заң жобасын жасауы керек. Бірақ біздің хүкүмет өз мүддесі болмаса Дума тілегін орындамауды әдет қылған емес.
  Думаға қазақ жұрты депутат сайлайтын болса, жұрт сайлаған ол депутаттар сөзге жүйрік, жұртқа қалтқысыз қызмет қылатын болса, қазақ баласы, бірігіп жұмыс қылуға жол ашылар еді.
Қыр баласы.
 «Қазақ» газеті, № 23, 1913 жыл.

Бөкейханов Ә. Қазақтың қамын ойлаумен .../ Ақиқат. – 1992. - № 2. – Б.39-43