Бөкейханов және тарих шындығы

 Өткенімізді өзімізден қаншалықты қуғанымызбен, ол өзін қайткенде және өктем қуғанымызбен, ол өзін қайткенде және өктем түрде есімізге салып отыратыны көптен белгілі. Мәселе, тек «қашан?» деген сауалға сайса керек. Тарих заңы осындай. Және бұл заң әлдебір ірі құбылысқа, саяси-қоғамдық қозғалысқа ғана емес, сондай-ақ қандай да бір бұрылыстарда озық көрініп, көрнекті тұлға, былайша айтқанда, фигура болған адамдарға да қатысты болып жатады. Олар жөніндегі естелік әдетте жүзеге асқан яки аспаған, сәтті немесе қате шешімдерге орай сақталады. Жеке тұлғаның, таңдаған жолы өзіне ғана емес, жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдардың тағдырына әсер етіп жататыны құпия емес қой. Бәрі де фигураның ой ауқымынан, саяси салмағымен айқындалады.Тарихтың сонау үш революция уақытын сыйғызған шешуші, күрт бетбұрысты кесіндісінде қырдағы аса ірі фигуралардың бірі - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болған еді, оның ұзақ, үздіксіз өрлеуі мен одан кейінгі күйреуі – қате таңдалған жолына тығыз байланысты.
  Ол туралы бізге – КПСС Орталық Комитетінің 1985 жылғы апрель Пленумы, партияның ХХҮІІ съезі және ХІХ Бүкілодақтық партконференция рухына сәйкес партия бастаған тазару процесін бүгіндері нақтылай түсетін істер қатарындағы, бір қарағанда әдеттегідей көрінетін сот шешімі еске салды. Соңғы үш жылда баспасөз, радио, телевизия – 20- жылдардың аяғында, 30-40 жылдарда, 50-жылдардың басында сталиншілдік заңсыздықт арының тойымсыз диірмені коммунистер мен партияда жоқтардың, Совет үкіметі үшін күрескендер мен олардың бұрынғы қарсыластарының (тіпті олардың көшпілігі саяси күрес аренасынан әлдеқашан шығып қалса да, егер қызықтырған күннің өзінде – таза тарихи тұрғыдан ғана әуестендіруі ықтимал болса да) тағдыры мен өмірін немқұрайдылықпен талқандағанын сенімді түрде әңгімеледі.
  Үстіміздегі жылы 14 майда СССР Жоғарғы сотының Пленумы еліміздің Бас прокурорының қарсылығын қарай келіп, 1937 жылғы 27 сентябрьде, яғни бұдан 52 жылдай бұрын шығарылған, Ә.Н. Бөкейхановты РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-8, 58-11 статьялары бойынша айыптау жөніндегі СССР Жоғарғы соты Әскери Коллегиясының әділетсіз үкімін жоққа шығарды. Қолданылған жаза аса қатал – ату еді.
 Біз әділетсіз үкім деген сөзді баса айтып отырмыз. Себебі 72 жасар қарт пенсионер қандай да болмасын саяси қызметпен айналысуды әлдеқашан қойған болатын. Екіншіден, 1920 жылы-ақ Совет өкіметі оған жұмысшы-шаруа құрылысына қарсы контрреволюциялық күреске белсенді басшылықпен қатысқанына кешірім жасағантын. Оған қоса, ол 1920 жылғы октябртьдің басында Қазақ АССР-і Советтерінің 1-Құрылтай съезіне мейман ретінде шақыру билетін алған-ды.
 Сонда, съезде, ақгвардияшылар мен олардың жақтастары – басында ұдайы Ә.Н.Бөкейханов тұрған алашордашыларға қарсы Совет өкіметінің үш жылғы күресінің нәтижесін заңды түрде бекітіп, делегаттар зор өрлеу үстінде «Қазақ АССР-і еңбекшілері праволарының Декларациясын» қабылдады. Съезд советтік негізде қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін құру арқылы, ұлт мәселесін шешудің социалистік нұсқасын таңдаған қазақ халқының шешімін бекітті. Ал бұл - өлке еңбекшілерінің буржуазиялық жолмен даму нұсқасын біржола - әрмен қарай ысырып тастаудың тағы бір дәмелі-тін, буржуазиялық даму жолына 1905 жылдан бастап Ә.Н. Бөкейханов шақырып жүрген,ол оны әуелі 1917 жылдың октябріне дейінгі айларда, кейін ақтардың жәрдемімен, азамат соғысы барысында жүзеге асыруға тырысты.
  Дегенмен біз бүгін Алаштың бұрынғы лидерлерінің Қазақстан Советтері Құрылтай съезінде болуын – большевик-қазақтардың оған өткен саяси қызметінің бекершілігін көрсетуге тырысуы деп қана қарамай, өткенді ұмытуға,қазақ ұлттық интеллигенциясы қатарындағы туған өлкесіне жаңару мен гүлдену, халқына бақыт пен дәулет тілейтін, осы жолға өз үлесін қосқысы келетін азаматтармен ынтымақтасыпжемісті жұмыс істеу кезеңін бастауға келісімін көрсеткені деп айтуға хақылымыз. Әрі Алаш партиясында және жалпы алашордалық қозғалыс қатарында ұлт интеллигенциясының көпшілік бөлігі болғанын мойындауымыз керек қой. Болған іс болып өтті. Егер Ә.Бөкейханов 1917-1919 жылдары өз соңына, халыққа қарсы қозғалысқа, даланың интеллектуалдық тұрғыдан неғұрлым әзірлігі мол негізгі бұқарасын ілестіре алған болса, демек ол солардың бәрін маңына топтастырып, аузына қарата алғаны. Басқа сөзбен айтқанда ол нағыз саяси лидер еді, жеке тұлға, фигура болатын.
  Неліктен және не себепті мұндай жәйт мүмкін болды? Бұған көп нәрсе: Ә.Бөкейхановтың тегі де, жеке басының қасиеттері де, россиялық интеллигенцияның көрнекті өкілдерімен жан-жақты қарым-қатынас, байланыстары да әсер етті.
  Ә.Н.Бөкейханов 1866 жылы Семей облысының Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын болысының жетінші ауылында туды.
  Ауыл медресесін, одан Омбы техникалық училищесін бітіріп, ол Санкт-Петербург орман техникалық институтының экономика факультетіне түседі. Ә.Н.Бөкейханов 28 жасында жоғары білімін куәландыратын дипломға ие болды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы Россия астанасы әрі текті қоғамдық-саяси қозғалыстар орталығы боп табылатын. Бұлардың бәрі студенттік ортаға қатты ықпал ететін. Жастардың бірқатары түрлі жаңа халықшылдық топтар мен ағымдардың лидерлеріне,әсіресе, олардың ішіндегі либералдарға жататындарға қатты табынатын. Бірақ көпшілігінің есіл-дертін марксизмдегі жаңа ағымды жақтаушылар алушы еді, бұл ағым Россияның буржуазиялық жолмен дамуын қуаттай отырып, марксизмдегі ең басты шарттан – капиталисттік құрылыспен күресу бағытынан бас тартқан да, ұзамай оған, полиция қуғынына түспегендіктен де, «ашық» деген келемеж ат тағылған. Бұл ағымның үйірме-топтарындағы билеушілер П.В.Струве мен Туган-Барановский еді. Ә.Н. Бөкейханов соларды құрмет тұтты.Өзін біртіндеп көрнекті экономист-зерттеушілер,статистиктер қатарына қосқан байланыстарды ол сол кезде орнатқан-тын. Ол кең танымал көп томдық: «Россия. Біздің Отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты еңбектің авторлық коллективіне енгізілді. Бұл серияның 18-кітабы қазақ даласына арналып,1903 жылы шықты.
  Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын жалғастырып келе жатқан халықтың болашағына Ә.Н. Бөкейхановтың көзқарастары онда кеңінен орын алуы табиғи нәрсе. Кітап беттерінде ол оқырмандарды былай деп иландырды: «самодержавие жартылай жабайы халықтың мінез-құлқын жұмсартып, дәулет деңгейін көтеруді» көздейді, «сауда транспорттарының жүріп-тұруына ыңғайлылық» жасау үшін мүмкін болғанның бәрін істейді, ең бастысы, күллі цивилизаторлық ісін жүзеге асыру нәтижесінде самодержавие «астықты арзандатып,көшпенділердің өмір сүруін қамтамасыз ететін болды». (Россия.ХҮІІІ-том, 156-175 беттер).
  Аталмыш басылымға қатысқаннан кейін Ә.Н. Бөкейханов қазақ даласына қоныс аудару қозғалысының қанат жаюына экономикалық негіз дайындаған белгілі Шербина экспедициясы құрамында істеді. Қасқасы, 1905 жылға қарай ол Россияның либералдық-демократиялық интеллигенциясы топтарында шын мәніндегі өз адамына айналды.
  Орыс-жапон соғысы басталып, орыс армиясының масқара жеңілістері жөніндегі хабарларестіле келе, қоғамның түрлі таптары мен қабаттарында революциялық және оппозициялық көңіл-күйлер жентектелген қардай ұлғая берді. Забастовакалармен қатар, демонстрациялар, митингілер жиіледі. Ондай жиындарда астыртын саяси партиялардың өкілдері – социал-демократтар,социалист-революционерлер де, ашық партиялар мен қозғалыстардың өкілдері де сөйлейтін. Митингілерде Ә.Н.Бөкейханов та жиі сөз сөйлеп жүрді.
  1905 жылдың соңында қарай еліміздің буржуазиялық жолмен дамуын жақтаушылар партиясының – конституциялық-демократиялық партияның бірінші съезі өз жұмысын бастады. Осы съездің қарсаңында және одан кейін буржуазиялық-либералдық қозғалыс өкілдерінің облыстық және аймақтық форумдары өтті. Кадеттер съезінің бір жарым ай өткен соң, Оралда Дала өлкесі бес облысының өкілдерінен делегаттық съезд өткізілді. Мұны ұйымдастырушылар: Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, Б.Сырттанов... Сейдалин және басқалар Россия конституциялық-демократиялық партиясының Қазақ филиалын – болашақтағы қазақ буржуазиялық-демократтық Алаш партиясының прообразын – құруға әрекет жасады.
  Кадеттер арасында мол болған Россия шовинистері ұлттық филиалдардың құрылуына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Ә.Н.Бөкейханов Оралдағы делегаттық жиналысқа қатысушылардың шешімін қорғауға тырыспады. Осылай, қазақ филиалы жарияланғанмен, құрылмай қалды. 1906 жыл - Ә.Бөкейхановтың 1-Мемелекеттік Дума сайлауы кезеңінде, Омбыдағы кадеттер партиясының саяси науқанына белсене қатысқан уақыты болды. Сайлау алдыңдағы митингілерде өріс алған полимикалар барысында, одан баспасөз беттерінде де, бір жағынан – астыртын РСДРП-ның, екінші жағынан – ресми танылған конституциялық демократиялық кадеттер партияның жақтастары арасындағы айтыстарда, Ә.Н.Бөкейханов ел мен өлкенің дамуы жөніндегі өзінің буржуазиялық таңдауын қуаттай отырып, кейде ықтимал межеден асып түсіп, жергілікті отарлау әкімшілігін қатты сынап жатты. Соның салдарынан қысқа мерзісге болса да алғаш рет тұтқынға алынды да, 1-Мемлекеттік Думаға выборщик боп сайланып, жеке басының дербестігі статусына ие болғандықтан ғана түрмеден шығарылды.
  Ә.Н.Бөкейхановтың қамалуы енді оны еңбекші жұрт топтарына да кең танымал етті. Қазақ халқының әртүрлі бөліктерінің белсенді түрде қолдауы нәтижесінде ол 1-Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Алайда жұмысын шыңдап жолға қойып үлгерместен (27.4.1906 ж. ашылған) Дума патшаның указымен 1906 жылғы 8 июльде тарқатылды. Кадет, трудовик, меньшевик пен эсер депутаттарының бір бөлігі Выборгке жиналып, мәжіліс өткізді, онда олар арнайы манифестерінде қалың бұқараны пассивті қарсылық көрсетуге (салықтарды төлемеу, армияға рекруттар бермеу, патша заемдарын мойындамау) шақырып Думаның таратылуына қарсы наразылықтарын айтты. Выборг манифесіне Ә.Н.Бөкейханов та өз қолын қойды. Нәтижесінде ол екінші рет тұтқындалып Семей түрмесінде үш ай қамалып жатты.
  1906-1907 жылдар бойы Омбы кадеттері Ә.Н.Бөкейхановты өз партияларының губерниялық комитетінің құрамына енгізді, ол тіпті «Иртыш», «Омичь», «Голос степи» газеттерінің редакторы болды.
  Егер кадеттердің ниетін царизм саясатымен қатар қарастырсақ, кадеттердің прогрестілігін көреміз, егер олардың программаларын феодалдық қалдықтарды толық жоюдың революция шешуге тиіс міндетімен салыстырсақ – олардың реакцияларын көреміз, олар бұқараның санасын конституциялық бұлдыр үмітпен көлегейлеп, оны революциядан аулақтатты. Айтпақшы, 1-Мемлекеттік Думаның 10-жылдық юбилейіне орай естелік жазған Ә.Н.Бөкейханов 1906 жылғы сайлау алдыңдағы науқан кезінде өзінің консервативтік ислам топтарымен кездесулерін еш қоспасыз суреттейді. Ол былай деп жазды: «Өскемен мен Зайсан выборщиктері арасында белгілі қарт қазақ докторы менің кандидатурама қарсы үгіт айтып, өз кандидатурасын ұсынып жүргенін біз сайлаудан екі күн бұрын білдік.. Кешкісін мен доктордың күйеу баласы, выборщик Шормановқа меймандыққа шақырылдым. Менің достарым қонаққа барудан бас тартуға кеңес берді, бірақ мен Мемлекеттік Дума мүшелігіне кандидаттың сайлау алдындағы жиналыстардан қашуы жараспасын мәлімдедім де, Шормановқа жөнелдім. Оның үйіне бір жақтылау таңдалған халық жиналған екен: көбі молда, қажы, қариялар, барлығы 40 шақты адам. Олар мені нағыз сыңарезу тергеуге салды, дінге қалай қарайтындығым туралы мәселемен әуестенді. Мемлекеттік Думада қазақтардың діни мүддесін қорғаймын ба, жоқ па, соны шұқшия сұрады...
  Біздің сұхбатымыз күн шыққанға дейін созылып, өскемендік қарт Қайырбай қожаның батасымен аяқталды, ол өзінің сәтсапарын: «Ертең Әлиханды сайламаған адам әйелінен айырылып, кәпір болсын»,- деген қазақ антымен қорытындылады». («Бірінші Мемлекеттік Думаның онжылдығына». «Огни» баспасы, 1916. 49-50 б.б.).
  Бірінші орыс революциясы жеңілген соң, Ә.Н.Бөкейханов сенімсіз адам ретінде, полиция нұсқауына сәйкес, бірнеше жыл Дон жер банкінің статисті ретінде жұмыс істеген. Самарада тұруға мәжбүр болды. Оның пулицистикалық қызметі үшін сол жылдар өте жемісті болды. Семейде жүрген кезінде ол өзінің пікірлесі Н.Я.Коншинге Абай Құнанбаевтың творчествосы туралы үлкен мақала берген еді, мақала 1907 жылы «Семей географиялық қоғамының запискаларының» ІІІ шығарылымында жарық көрді. 1911-1914 жылдары ол «Жаңа Энциклопедиялық сөздік» баспагерлері Ф.А.Брокгауз бен И.А. Эфрон шаруаларына белсене қатысты. Оның есімі осынау сирек те құнды басылымның 4-21 томдарын дайындағандардың ішінде тұр.
  Алайда, интеллигент және эрудит Бөкейхановтың бойында зерттеуші және публицист әрқашан екінші қатарға ығысып, бірінші орынға саясаткер шығатын. Жаңа таптық шайқастар белгі бере бастаған ұлттық шет аймақтардағы таптық күштердің орналасуын либералдық топтар мұқият талдай бастаған жаңа революциялық өрлеудің ең бастапқы кезінде Ә.Н.Бөкейханов өзінің әріптестерінің ұсынысы бойынша «Қазақтар» деген арнайы мақала жазады. «Жақын болашақта, шамасы, далада, қазақ ортасында пайда бола бастаған екі саяси ағымға сәйкес екі саяси партия ұйымдасып қалар.Олардың бірі діни –ұлттық деп аталуы мүмкін және оның мұраты қазақтарды басқа мұсылмандармен діни тұрғыдан біріктіру болып табылады. Екіншісі – батыстық бағыт... Алғашқысы, шамасы, үлгі ретінде мұсылман, татар партияларын алар. Ал екіншісі, оппозициялық орыс партияларын – атап айтқанда, халық бостандығы партиясын алып қалар». Өзін және өзінің жақтастарын Ә.Бөкейханов еш бүкпесіз батыстық бағытқа қосты.
  Осындай партияны құру жөніндегі жұмысты ол үздіксіз жүргізіп отырды. Бұл жұмыс әсіресе 1913 жылдың көктемінде, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қолдауымен жалпы ұлттық бағыттағы «Қазақ» газетін шығаруды жолға қойғаннан кейін, мейлінше қанат жайды. Осы газетте «Қыр баласы» деген және басқа лақап аттармен ол алуан түрлі көптеген мақалалар жариялады.
  1913 жылғы 3 мартта шыққан «Думадағы партиялар» деген мақала мейлінше қызық та көрнекті, мұнда ІҮ Мемлекеттік Думадағы күштердің орналасуын автордың қалай түсіндіретіні көрінеді. «Ескі көзқарастарды ұстанатын партиялар – оңшылдар, ал жаңа көзқарастағылар – солшылдар деп аталады»,- дейді Ә.Бөкейханов.
  Оңшылдарға «орыстар партиясы», «қаражүздікшілер», «ұлттық партия» жатады. Бұлардың негізгі партиясы: Россия – орыстар үшін, яғни өзге діндегі, нәсілі бөлек, басқа халықтардың бәрі одан төмен болу керек... Бұл партиялардың аттары олардың позицияларының мазмұнына сәйкес келеді.
  Солшыл партиялар: «Вперед» партиясы, «кадеттер» партиясы, «Трудовик» партиясы, «социал-демократтар (жұмысшылар) партиясы ...»
  Байқап отырғанымыздай, ол кадеттерді солшылдар қатарына қосады. Алайда олар өздерін ұдайы орталық партия, ұлы мәртебелі патша ағзам оппозициясының партиясы деп есептеді. Ә.Н.Бөкейханов өзінің бірқатар мақалаларында – белгі беріп келе жатқан ұлттық партия ауқымында саяси тұрғыдан бірігудің қазақтар үшін аса қажет екенін ерекше атап өтіп отырды. 1913 жылғы 23 июльде жарияланған «Дума және қазақтар» деген мақаласында ол былай деп жазады: «Думадағы 442 депутаттың 40-50 депутаты ғана шаруалардан, егер орыс патшалығын асырап отырған шаруаларға деген көзқарас осындай болғанда, саны аз, бөлшектенген, надан қазақ халқы одан не күтпекші? Қазақты думадан шығарып тастады...»
  Бөкейханов 1913 жылы өзінің мақалаларының бірін (15 августағы) позициясы Карл Каутский, Георгий Плеханов, яғни ІІ Интернационалдың оңшыл-орташыл топтарының лидерлерінің позицияларымен үндес болып келген Герман социал-демократиясының лидері Август Бебельдің естелігіне арнады.
  Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң Ә.Н.Бөкейхановтың солшыл буржуазиялық көзқарастарына едәуір өзгерістер енді. Бұл шынтуайтқа келгенде, елдегі қоғамдық пікірді білдіретін түрлі топтардағы сана-сезімнің жаппай оңға қарай ығысуын көрсететін еді.
  «Қазақ» газетінің беттерінде патша үкіметін қолдайтын мақалалар бірінен соң бірі жарияланды, қазақ атты әскер бөлімдерін жасақтап, оны майданға аттандыру туралы ұсыныстар жасалды. Ал самодержавие басқаша әрекет етті. Қазақтарды тыл жұмыстарына алу туралы патша указы жарияланды. 150 мың адам қара жұмысқа шақырылатын болды.
  Бұдан бұрынғы оңжылдықтар кезінде таңдаулы қырық милли он гектар жерінен айырылған ауылдың экстенсивті экономикасы үшін әрбір үшінші асыраушысын жоғалту өліммен пара-пар еді. Байлар жігіттерді қара жұмысқа бермекші болды. Ал даланың түгелге жуық дерлік халқы патша указына қарсы шықты. Бөкейханов пен оны қоршағандар байларды қолдауға тырысып, әрі өздерінің пікірлестері – кадеттердің саяси бағытына сай, ауыл еңбекшілерін самодержавиеге қолдау көрсет деп үгіттеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газеті арқылы «Алаш азаматтарына» үндеуін жариялады. «біздің отан қорғауға қатысатынымызға сенгендіктен,- деп жазды олар, - жұмысқа шақыру туралы жарлық жарияланды...
  Отандастарымыз – орыс халқы, бір діндегі мұсылмандар, татар халқы, сондай-ақ басқа көрші халықтар өрт құшағында. Бізге сырт қалуға болмайды.
  ....Біз халыққа үндеу жариялап отырмыз, біз бұл туралы т алай мәрте айтқанбыз, бұл істен бас тартуға болмайды».
  Ауыл шаруалары ұлт интеллигенциясының басындағылармен ажырасып кетті. Қуатты ұлт-азаттық көтеріліс тұтанды, царизмге оны басу үшін талай күш жұмсауға тура келді. Ә.Н. Бөкейханов пен оның айналасындағылар осы шақта самодержавие жағында болды. Мұны өкімет орындары атап өтті, әрі оны халық бұқарасы ұмыта қоймады. 1916 жылдың күзінде Ә.Н.Бөкейханов кадеттер билеп тұрған Бүкілроссиялық Земство одағынан Батыс майданға – майдан ставкасы жанындағы «Одақ» бұратана бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберілді, осылай. Минскіде, ол февраль буржуазиялық-демократиялық революциясын қарсы алды.
  Февраль революциясынан кейін бірден Қазақстанның барлық облыстары мен уезд орталық-либералдық қозғалыстың бірқатар көрнекті өкілдері қол қойған телеграммалар жөнелтілді, онда құрылтай жиналысына дайындық, демократиялық республика, «жер мал шаруашылығымен және егіншілікпен табыс тауып жүргендерге берілсін» ұрандарымен Уақытша үкіметті қолдау үшін шұғыл ұйымдасу қажеттігі айтылды.
  1917 жылдың көктемгі-жазғы айлары Ә.Н.Бөкейханов үшін жұлдызы туған шақ болды. 1917 жылғы 7 апрельде ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізіледі, сосын Торғай облыстық коммисары болып бекітіледі, бұл – революциядан бұрынғы өлшемдер бойынша – губернатор лауазымына сай келетін еді. Оған қосымша, май айында Халық бостандығы (кадеттер өздерін осындай атайтын болды) партиясының ҮІІІ съезі оны көпшілік дауыспен орталық Комитеттің құрамына сайлады.
  1917 жылдың жазында елімізде азаттық қозғалысы өрлей түсті де, Ә.Н.Бөкейханов осы жағдайда өзінің күш-жігерін қазақ ұлттық-буржуазиялық-демократиялық партиясын қалыптастыруға жұмсады. Қазақ жұртшылығының облыстық және уездік съездерінде, апрель, май айларында партияның Программасына кіруі ықтимал негізгі қағидалар талқыланды.
  1917 жылғы июльде Орынборда партияның І-съезі – партияны «бар» деп жариялады, программасының жобасын біржола жөндеп шығу үшін арнайы комиссия бөлді. Құрылтай жиналысына кандидаттар бекітті.
  Жылдам өзгерген жағдайды ескергендіктен, Ә.Н.Бөкейханов қатты асықты, тіпті партияға «Алаш» деген атты ІІ-съездің қолдауын күтпей-ақ беріп жіберді. Бірақ ол революция қарқынына ілесе алмады. 1917 жылғы 25 октябрьде Петроградта қарулы көтерілістің жеңуі, Ленин бастаған совет үкіметінің құрылуы, большевиктер партиясының ұлт саясатын, оның басты қағидасы – ұлттардың өзін-өзі билеу правосын мойындауды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадамдары – осының бәрі буржуазиялық либерализм позицияларына, «Алаштың» лидері күрескен мұраттардың бәріне қатты соққы болып тиді.
  Ол өзін күйреткен тағы бір қадамға бет алады: 10 ноябрьде ақгвардияшылар баспасөзінде «Алаш» партиясының большевизммен күрес негізгі мәселесі болып бара жатқан контрреволюциялық Оңтүстік-Шығыс одаққа қосылуы туралы мәлімдеме жарияланды. «Алаш» басшылығы өзінің Оңтүстік қанатының лидерлері М.Тынышбаев пен М.Шоқаевтың Қоқан автономиясындағы буржуазиялық-ұлтшылдық антисоветтік үкіметтің басшылары постына кірісуін қуаттайды.
  1917 жылғы 5 декабрьде Совет өкіметіне соғыс жариялаған атаман А.И.Дутов билеп тұрған Орынборда, Алаш партиясының ІІ-съезі жиналды, 80 делегат пен 130 қонақтың жұмысына Ә.Н.Бөкейхановтың өзі тікелей ықпал етті. Съезде терең бағытталған шешім қабылданады. Ұлттық-территориялық Алашорда автономиясын құру, оның территориясындағы пробуржуазиялық тәртіптерді ұстап тұру үшін 25 мың адамдық әскер жасақтау қажет деп шешіледі.Ә.Бөкейхановтың өзі Алашорда үкіметінің басшылығына сайланды.
  Шындық үшін атап өтейік. Алаштың лидері автономияны – капиталистік Россияны қалпына келтіру үшін қажет плацдарм ретінде жасауды көздеді. Ол Ж. және Х. Досмұхамедовтардің автономияны шұғыл жариялауды талап еткен одан гөрі «радикал» топтарының әрекеттерін ауыздықтады.Екіншіден, өзінің болашақ үкіметіндегі орындардың 40 процентін орыстарға беруді жобалады. Яғни оның саясатында орысқа қарсы ештеңе де байқалмайтын. Керісінше ол Россия үшін, бірақ – капиталистік Россия үшін күресті.
  «Алаш» лидерінің бұдан кейінгі әрекеттерінің бәрі – большевиктерге қарсының бәрін қолдау – осы ісімен айқындаоды. Оның Дулатовпен, одан Самарадағы Құрылтай жиналысының комитеті – Комучтың эсерлік-ақгвардияшыл үкіметімен, Сібірдің ақгвардия үкіметімен байланыстарының мәнісі осында.
  Бұл саясаттың логикасы түсінікті: советтік құрылысты толығымен қабылдай алмау. Ә.Н.Бөкейханов, жоғарыда атап айтқанымыздай, аса ауқымды эрудиция адамы,- тарихи дамудың үйреншікті айналымынан Россияның шығып кете алатынын, адамзатты белгісіз болашаққа апаратын жолды салу құрметін тағдыр Россияға жазғандығын түсіну дәрежесіне көтеріле алмады. Сондықтан да ол, ескі тәртіптерді жөндеу мүмкіндігі туғанда – соған ұмтылды және әлдебірдемелер жасады. Біздің тарихи әдебиетімізде антисоветтік күшті біріктіру жөніндегі осы адамның әрекеттерін көрсететін мысалдар аз емес. Бұл оның башқұрт буржуазиялық ұлтшылдарының лидері З.Валидовпен, Колчактың министрлерімен байланыстарынан айқын көрінеді. Мұнда ештеңені алып-қосуға болмайды.
  Алайда, әзірге, қазақ ұлттық автономиясын жасау жөніндегі «Алаш» партиясының қадамдарын қолдауды өтініп В.И.Лениннің атына оның жазған үндеуінің текстін (архивтер әлі де толық ашылып біткен жоқ) толық білмейміз. Бізге оның Семейден 1918 жылғы 2 апрельде Москвамен телеграф арқылы жүргізген келіссөздерінің текстері белгісіз. Олай болса, болашақта Алашорда премьерінің өмірбаяныңда жаңа да маңызды штрих болып қалуы ғажап емес.
  Біз Ә.Бөкейханов пен оның министрлерінің большевиктермен күресуді мақсат еткен Әскери Совет құрған қадамдарын білеміз. Азаппен өлтірілген жүздеген коммунистер мен партияда жоқтардың, жұмысшылар мен шаруалардың, Қызыл Армия жауынгерлері мен партизандардың рухы алдында Алашорда контурразведкасының мүшелері кінәлі екенін білеміз. Олар қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың қаза табуы және басқа да көптеген қастандықтар үшін айыпты.
  Азамат соғысы бәрін де өз орнына қойды. 1919 жылдың соңына қарай Қызыл Армияның шабуылға шыққан бөлімдері Есіл мен Ертіс жағасына жеткенде, Алаш басшылығы, ең алдымен оның лидері бұдан кейінгі жолын таңдауға тиіс болды: алға қойған мұраттары жолында күресуді жалғастыру үшін эмиграцияға кету немесе өзінің ұтылғанын, күйрегенін мойындап, өзін халық қолына беру сөйтіп, оның алдыңдағы өзінің кінәсін жууға тырысу керек еді. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өзін халық қолына берді. Совет өкіметі оған кешірім жариялады. Бірақ одан кейін бәрі жіптектей бола қойған жоқ. Азамат соғысы салған жара бәрінде бірдей жазылып кете қоймады. Қазақ большевиктерінің бірқатары жасаған ұсыныс бойынша Алашорда премьері 1922 және 1926 жылдары екі рет тұтқындалды, бірақ мәселенің мән-жайына жетісімен, жылдам бостандық алып отырды. Қазақстанда болған 20-шы жылдарғы мәдени құрылыс процесін тереңірек зерттейтін адамдар бұл іске революциядан бұрынғы ұлт интеллигенция өкілдерінің соның ішінде Ә.Н.Бөкейхановтың елеулі үлес қосқанына жылдам көз жеткізер деп ойлаймыз.
  Жаңаша саяси ойлауды жариялай отырып, тарихты күллі бедерімен ешқандай бояма және бұрмалау қоспай, толық көрсету жолындағы күресті өрістете келе, біз Ә.Н.Бөкейханов секілді ірі саяси фигуралардың ролін де объективті түрде бағалауға тиістіміз. Бұл 1917 жылғы октябрьде партия мен халық жасаған тарихи таңдау жолының дұрыстығын тағы бір рет айқын атап айту үшін, тарихи дамудың лениндік концепциясын, социализмнің лениндік адамгершілік бет-бейнесін толығымен жаңғырту үшін қажет.

Сармурзин А.Ғ., Григорьев В.К. Бөкейханов және тарих шындығы: Саяси портрет / Қазақ әдебиеті.- 1989.- 7 июль.- Б. 8-9