Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз... Өмірің, жүрген жолың біз – інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың! Жаса, сабазым!
Жүсіпбек Аймауытов
Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов.
Міржақып Дулатов
Үкіметтің қара қуғын жасаған күдерінде айдауына да шыдап, абақтысына да шыдап, елі үшін басын құрбан ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан.
Қошке Кемеңгерұлы, 1924 жыл. Мәскеу.
Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууыына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды.
Қошке Кемеңгерұлы, 1924 жыл. Мәскеу.
А.Н.Бөкейханов – қазіргі Қазақстанның халық тұрмысын зерттеген санаулы ғана ғалымның қатарына жатады.
С.П.Швецов, 1928 жыл. Ленинград
...Маңғыстауға шыққан және бір экспедиция – өлкенің экономикасын зерттейтін еді. Оның бастығы біздің аса құрметті қандасымыз, беделді ғалым, экономист, Ленинград университетінің профессоры Әлихан Бөкейханов болатын...
Әлкей Марғұлан
Ол кісі С.-Петербордың Орман Институтының экономика факультетін тамамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мухит білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін... Біз онымыздың ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей еді де, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой.
Әлімхан Ермеков
Щербина экспедициясынан кейін Бөкейханов жолдас Челябі мен Том арасынан өтетін Сібір темір жолы бойындағы мал шаруашылығын статистика мен экономика тұрғысынан зерттеу үшін менің басқаруыммен жұмыс атқарған экспедицияға қатысты. Осы жұмыстың нәтижесінде қазақтың қойы мен қазақтың қой шаруашылығы туралы осы күнге дейін осы саладағы ең үздік зерттеу болып отырған тиянақты монография дүниеге келді... Онымен бір мезгілде Бөкейханов жолдас тағы бір істі атқарды – қой туралы зерттеумен бірге жарық көрген қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі ірі қара мал туралы монографияны жазып шығарды.
С.П.Швецов
... әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды. Бізге осындай, әрине, біздің бақылауымызбен және басшылығымызбен жұмыс істейтін кадрлар өте қажет.
В.А.Радус-Зенкович.
Қазақ АССР Халық комиссарларының төрағасы
1921. 13 маусым. Орынбор.
Мен тек Әлихан Бөкейхановты ғана зерттеп қойған жоқпын, сонымен қатар қазақ зиялыларының ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулаттармен де таныстым.
Мені қызықтырған – олардың көзқарастары. Мәселен Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және еуропашылдық идеямен қатар, қазақ дәстүрін және қазақтықты сақтап қалу идеясы болды. Сондай-ақ ол модернизациялық және кәсіби көзқарастарға да бай болды. Маған осы қатты ұнады. Жалпы, Әлихан тұлға ретінде кімді болсын қызықтыратыны сөзсіз. Оның жазба стиліндегі терең сараптамасына тәнті боласың. Қалжыңға да кетәрі емес екенін аңғарасың. Әлиханды қазақ зиялыларының кемел бейнесі десе де болады. Ол – орыстың мәдениетін де, қазақтың дәстүрін де жетік меңгерген тұлға.
Уяма Томохико
Хоккайдо ун-ті жанындағы Славян зерттеу орталығының профессоры
Әлихан өмір жолындағы тірегінің бірі - ағартушылық ағым еді. Ол Абайдың, Ыбырайдың, Шоқанның жолын ілгері дамытты.
Манаш Қозыбаев, академик
Әлихан Бөкейхан – алып тұлға. Ол Әз-Жәнібек, Керейден, Абылайдан кейін қазақ мемлекеттігін жаңғыртып, XX ғ. сай қайта құру ісіне бар өмірін арнады. Бұл тұста Әлекеңнің Индияның Д.Неруі, арабтың Г.Насері сияқты бейне екендігі күмән тудырмаса керек. Әлекең осы ұлы істе алты алаштың ту көтерер ұлдарын соңына ертті. 35 млн. Мұсылман халықтарының, оның ішінде түркі тектес халықтардың мұң-мұқтажын жоқтады. Сондықтан да ол алты Алаштың Әлиханы атанды, оның ісі барша Ресей шығысына үлгі болды, ол құрған «Алаш» партиясына туысқан халықтардың ұлдары да мүше болды... Философиялық көзқарасы жағынан да Әлекең XX ғ. әлемдік алып тұлғалардың қатарынан табылады.
Академик Манаш Қозыбаев
Әлихан Бөкейхан бүгінгі тәуелсіздіктің қайнар бұлағы. XX ғ. қазақ ұлтының атасы, ол ұлтымыздың ұлы арысының бірі, қазақ халқының болашағына тұғыр боларлық жарық жұлдызы.
Академик Манаш Қозыбаев
Бүгінде Әлиханның шығармашылығы жайында зерттеулер көп. Оның жан-жақтылығы мен еңбегінің жемістілігі сонша, мен оны Ұлы Ренессанс дәуіріндегі қайраткерлерге тең деп есептеймін.
Мен ұлы бабамның алдында басымды иемін және де менің қандастарымның сан ұрпағына нағыз өмір сүрудің үлгісі болып отырғаны үшін оның аруағына дән ризашылығымды білдіремін.
Сырым Бөкейханов
Өмірге Шоқанның ізін ала келген Әлихан Нұрмұхамедұлы 1967—1968 жылдардағы орыс әкімшілігі енгізген басқару жүйесі жағдайында ер жетіп, есейді де сол ғасырдың соңында ресейлік реформалық шаралардың қазақ елін біржола жоюға көздейтіндігін байқап, жаңа сапа және мазмұндағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысын бастау ісін қолға алды. Оқыған білімді азаматтары саусақпен санарлық сол тұстағы қазақ қоғамы жағдайында бұл өте ауыр іс болатын.
Мәмбет Қойгелдиев
Қиын-қыстау заманда халқына болысып жол көрсеткен, халқының көш бастаушысы, ұстазы дәрежесіне жеткен Әлекеңнің, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның сөзі де, ісі де әрқашанда туған елімен бірге өмір сүретін болады.
Мәмбет Қойгелдиев