g5Сергей Алексеевич Батиньков 1920 жылы Семей қаласында ұсақ қолөнерші семьясында туады. Ұлты орыс. КПСС мүшесі. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1940 жылы Армия қатарына шақырылады. 1942 жылы Әскери – авиациялық училищені бітіреді. Әскери ұшқыш, полковник.

1942 жылы маусым айынан майдан шебінде. 4-Украина майданына қатысты. 227-штурмдық авиация дивизиясының 208-штрумдық авиаполкі құрамында Брянск, Воронеж, Оңтүстік Батыс, 1-ші және 4- Украина майдандарында соғысқан. 1942 жылдың тамыз айынан басында 9 «Ил-2» ұшақ тобымен бірге Коротяк аумағында дұшпанның 3 мыңнан астам әскер легіне шабуыл жасап, оларға көп шығын әкелді. Жауға кенеттен соққы беріліп, бірнеше жүз атты әскері жойылды. Ұрыстың қызу кезінде Батиньков аяғынан жараланып, самолеті зақымданды. Машинасы жана бастайды. Өмірі қыл үстінде тұрды. Не істеу керек? “Парашютпен секіріп, гитлершілердің қолына түсу керек пе… Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Онан да өлген артық” – деп ұйғарады Сергей. Қайсарлық пен ерлік өз айтқанын істетіп, ол әзер дегенде жанған машинаны өз жеріне қарай бұрады. Сол кеште майдан командашысы армия генералы Ватутин батырға алғыс жариялады.

1942-43 жылдары ол өз тобымен Сталинград, Житомир, Бердичев, Львов, Станислав (қазіргі Иваново-Франковск қ.) т.б.қалаларды азат етуге қатысты. Батиньков 157 рет әуеге көтеріліп, әуежай, теміржол, жау өткелдерін шабуылдаған. Жаудың Доннан Одерге дейінгі өткелдеріне шабуыл жасаған. Ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен каһармандығы үшін 1945 жылғы 29 июньде капитан С. А. Батиньковка Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ленин, 3 мәрте Қызыл Ту, 1-және2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, 3-дәрежелі «КСРО қарулы күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен, бірнеше медальдармен, марапатталған. Соғыстан кейін 1951 жылы КСРО Қарулы күштері Әскери-әуе академиясын бітірген. Мәскеуде оқытушылық қызметте болып, 1975 жылы запасқа шыққан. 1985 жылы 13 наурызда қайтыс болды.

Марапаттары: Ленин ордені, Үш бірдей Қызыл Ту ордендерімен, екі мәрте І-Дәрежелі Отан соғысы, ІІ-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «ІІІ-Дәрежелі КСРО қарулы күштері қатарында Отанға сіңірген қызметі үшін» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

 

Әдебиеттер:

1.Герои Советского Союза казахстанцы: сборник документов и материалов. Т.1. – Алма-Ата: КазОгиз, 1945. –  Б.99-100

2.Герои Советского Союза: историко-статистический очерк. Т.1 / Д.Н.Артамонов и др.; ред. И.Н.Шкадов. – М.: Воениздат, 1984. – С.127

3.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! // Вести Семей. – 2015. – 10 февраля. –  С.4

4.Кеңес Одағының Батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – С.9

5.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом = Родина награждает отважных: Восточноказахстанцы – Герои Советского Союза: фотоальбом – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – С.29

6.Семипалатинцы – Герои Советского Союза  // Семипалатинские вести. – 2004. – 10 декабря. – С.5

7.Совет Одағының Қазақстандық батырлары. Т.1. – Алматы. – Қазақстан, 1969. – Б.99

8.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. – Б.252