Кітапханамыздың сирек басылымдарының алтын қорындағы ерекше құнды жәдігерлер XX ғасыр қаламгерлерінің, ұлт зиялыларының көзі тірісінде баспа көрген шығармалары. Ғалым Нұрғали Рымғалидың тілімен айтсақ «…Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған: Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженерлік, заңгерлік, экономистік, дәрігерлік секілді сан алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағылшын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген…Сол замандағы кез келген озық елдің зиялыларынан асып түспесе, кем соқпайтын, әр түрлі ғылым негіздерін меңгерген, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалар еді.Алаш қозғалысына қатысып, Алаш партиясын құрысып, Алашорда өкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұлғалары шықты».

Қазақ әдебиетінің алтын ғасырын құрап, тарихта мәңгі ұмытылмас зобалаң жылдары мерт болған ұлт зиялыларының көзі тірісінде жария көріп, авторлары «халық жауы» деген жаламен қуғындалғанда ұзақ жылдар бойы тиым салынған шығармалар қатарында С.Сейфуллиннің «Қызыл ат», Б.Майлиннің «Азамат Азаматычы», «Шұғаның белгісі», «Он жылда», І.Жансүгіровтің «Таңқыбай» деген бүркеншік есіммен жариялаған «Құқ» фелетондар жинағы, Ә.Ермековтың «Ұлы математика курсы», Ж.Күдериннің «Өсімдіктануы», Х.Досмұхамедовтың «Как бороться с чумой среди киргизского населения», «Адамның тән тірлігі» сынды асыл тұлғалардың көзі тірісінде жарық көрген сүбелі еңбектері қамтылады. Бұл еңбектердің әрқайсысының ғылымда алар орны ерекше.

Тағы да Нұрғали Рымғалиға жүгінсек: «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік тәжірибені меңгерген дарынды қаламгерлер жасаған, барлық жанрларда дамыған, сұлулық жүйесі қалыптасқан, биік эстетикалық деңгейге көтерілген маманданған өнер екенін тамаша туындыларымен әйгілеп берді… XX ғасырдағы қазақ әдебиеті-ұлттық өнердің алтын ғасыры…».

Алаш жетекшілерінің бірі, ірі қоғам қайраткері, тұңғыш профессор, математик Ә.Ә.Ермековтың «Ұлы математика курсын» алар болсақ, төл тіліміздегі алғашқы ірі ғылыми еңбек. Автор бұл еңбегімен ұлттық математикалық терминдер қалыптасуына, математика ғылымы дамуына ықпал етті.

Бүкіл саналы ғұмырын еліміздің халық шаруашылығын дамытуға, мәдениетін, ғылымын кемелдендіруге жұмсаған энциклопедиялық білімді биолог ғалым, жерлесіміз, 50 ден аса маңызды ғылыми еңбектің авторы Ж.М.Күдериннің 1927 жылы Мәскеуде жария көрген «Өсімдіктануы» да жаратылыстану ғылымында ойып алар орны бар, бай мазмұнымен, автордың өз қолымен салған 108 суреттерімен ерекшеленген бір соны дүние.

Медицина, зоология, биология, тарих, тіл, әдебиет және басқа түрлі ғылым салаларында 20-дай, қоғамдық ғылым саласынан 40-тан аса еңбек жазған ғалым, әскери жоғары білімді дәрігер Халел Досмұхамедұлының сирек басылымдар қорында Ташкентте 1924 жылы баспа көрген «Как бороться с чумой среди киргизского населения» еңбегінің 2-ші басылымы және Мәскеу-Қызылордада 1927 жылы жарық көрген «Адамның тән тірлігі» сақталған. Х. Досмұхамедұлы шығармасы арқылы ел ішінде етек алған обаға қарсы күресудің амалдарын, аурудан сақтану жолдарын көрсетіп тақырыпты кең көлемде қамтыған және бір ерекшелігі мұндай далалық оқшауланған ем жүргізу нүктелерінде қалтаға салып жүріп жұмыс істеуге ыңғайлы анықтамалық басылым бұған дейін орыс тілінде болмаған.

«История Казахской ССР» (1943)- тұңғыш ұлттық республика тарихы, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып тұрып, Е.Бекмаханов дайындаған тарауы, «орысқа қарсы» деп айыпталып үлкен пікірталас тудырған. «Казахстан в 20-40 годы XIX века» (1947) атты Е.Бекмахановтың іргелі монографиясы сол тараудан бастау алған. Ол авторы Е.Бекмахановтың қуғынға ұшырап, 25 жылға ГУЛАГ лагеріне айдалуына себеп болып, «тиым салынған» тағдыры ауыр кітаптардың бірі.

Сирек қордағы ерекше құнды зерттеудің бірі қазақ тарихының ерте заманнан 1917 жылға дейінгі кезеңін талдаған алғашқы ірі ғылыми еңбек С.Асфандияровтың «История Казакстана: С древнейших времен»(1935). Қазақ тарихындағы қасіретті жылдары «халық жауы» деген жаламен атылған ұлт зиялысы, мемлекет қайраткері, ғалым, педагог қазақтың тұңғыш тарих профессоры С.Асфендияровтың Ресейдің отаршылдық саясатын ашық жазған тарихи шығармалары оқуға тиым салынып, жарты ғасырдай «арнайы» қорда сақталды. Ұлт зиялыларының асыл мұраларының электронды нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз:

1.​ Бейімбет (Майлин), Ғабит (Мүсірепов), Әмірқан (Ситдықов). Сауаттандырғыш: Cауатсыздар әліппесі.- Алматы: Қазақстан баспасы, 1934.- 78 б.;

2.​ Доқтыр Мамыт ұлы Ахмет. (М.Мәметованың әкесі) Денсаулық жолында.- Қызыл-Орда: Қазақстан баспасы, 1935.- 152 б.;

3.​ Ермеков Ә. Ұлы математика курсы. Б.1: Аналитикалық геометрия мен дифференциал және интеграл есептеу негіздері.- Қызыл-Орда: Қазақстан баспасы, 1935.- 160 б.;

4.​ Жұмағали (Тілеулин) Жұқпалы науқастар, оларға қарсы қолданатын шаралар.- Мәскеу, 1926.- 84 б.;

5.​ Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы (8-9-10 кластарға арналған).- Алматы: Қазақ Мемлекет баспасы, 1938.- 167 б.

6.​ Кабанов А.Н. Адам анатомиясы мен физиологиясы: Орта мектеп үшін / Аударғандар: доқтыр Қ.Барлыбайұлы, доқтыр А.Сейітұлы.- Қызыл-Орда, 1934.- 151 б.;

7.​ Күдері ұлы Жұмахан. Өсімдіктану: Оқу құралы.- Қызыл-Орда-Мәскеу, 1927.- 140 б.;

8.​ Майлы ұлы Бейімбет. Он жылда: Өлеңдері.- Қызыл-Орда: Қазақ мемлекеттік баспасы, 1927.- 95 б.;

9.​ Майлы ұлы Бейімбет. Шұғаның белгісі.- Мәскеу, 1926.- 76 б.;

10.​ Майлин Б.Азамат Азаматыч: Ұзақ әңгіменің 1- бөлім /Жауапты ред. А.Әлібайұлы.- Қызыл-Орда: Қазақстан баспасы, 1934.- 149 б.;

11.​ Мұқанов С. Ақ аю: Поэма.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1935.- 86 б.;

12.​ Мұқанов С. Сөз – Советтік армия: Өлеңдер жинағы.- Алматы: Қазақстан Орталық ЛКСМ Комитетінің Комсомол баспасы, 1939.- 95 б.;

13.​ Мүсіреп ұлы Ғабит. Қызыл әскер әліппесі.- Қазақстан баспасы, 1932.- 144 б.;

14.​ Мүсіреп ұлы Ғабит. Тулаған толқында: Ұзақ әңгіме.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1935.- 93 б.;

15.​ Сәкен (Сейфуллин) Қызыл ат: Дастан.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1934.- 76 б.;

16.​ Таңқыбай (І.Жансүгіров) Құқ: Сықақ әңгіме, фелетондар.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1935.- 132 б.;

17.​ Шаңғытбаев Қ. Ар: өлеңдер.- Қазақтың біріккен Мемлекет Баспасы, 1945.- 78 б.