Семейдің Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының іргетасы 1883 жылдың күзінде саяси жер аударылғандардың ұйымдастыруымен, зиялы қауым мен қала көпестерінің қайырымдылық көмектерінің арқасында оқырмандарға есігін айқара ашқан болатын. Алғашқы жылы кітапхана қорында қала халқы сыйға тартқан 270 дана кітап болып 130 оқырманға қызмет көрсеткен. Кітапхананың алғашқы оқырмандарының қатарында болған қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев уақыт өте келе тұрақты оқырмандар қатарын көбейткен. Кітапхана іргетасы қаланған кезден бастап жинақталған әдебиеттер бүгінгі күні сирек басылымдардың алтын қорын құрап отыр.
Кітапхананың сирек басылымдар қоры XVIII ғасырдың 2-ші жартысымен XIX ғасырды толық қамтитын Ресейлік кітап баспа туындылары, ал өлкетану әдебиеттері, Семейлік басылымдар – Облыс Басқармасы, немесе көпес Плещеев баспаханасынан жарық көрген кітаптардан тұрады.
Қордағы ерекше құнды басылымдар – XX ғасырдың басында жарық көрген ұлт зиялыларының шығармалары болып отыр.
Сирек қорда сақталып отырған кітаптар саны 4 мыңнан аса болса, XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында шығып тұрған Ресейлік мерзімді басылымдардың 100-ден аса атауы бар.