5Белібаев Закария 1917 жылы 9 мамырда Семей облысының, Абай  ауданы, Архат ауылында  туған. Қызыл Армия қатарына 1939 жылы шақырылды. Отан соғысының түрлі майдандарында ұрыстарға қатысады. 60- армияның әскерлері тегеуірінді шабуыл жасап, шегініп бара жатқан жауды қуа отырып, Днепрден өту тарихы басталды.

1940 жылдың мамырына дейін Киев әскери округінің 30-атқыштар полкінің жауынгері болды. 1941 жылы фашистік Германия кеңес еліне баса көктеп кіргенде 19 дербес қалқымалы- көпір батальонының құрамында шайқасқа кіреді. Кеңес Армиясының тарихында  аса ауыр кезеңі-шегіну ұрыстарына қатыса отырып,Украинадан Мосваға дейін келді. 60- армия құрамында қолбасшы генерал-лейтенант Черняховскиймен Москаны қорғауға қатысты. 21 дербес аспалы-көпір батальонының құрамында Кавказ қорғанысына қатысты. 1944-1946 жылдары  Кеңес Армиясының Еуропаны азат ету миссиясына қатысты. Варшава қаласын алуға қатысып Висла, Одер, Эльба, Шпрее өзендерінен өтіп, І Белорус майданының құрамында әлемге әйгілі Берлин операциясына қатысты.  21 дербес понтон-көпір жасау батальоны өзеннен әскерлерді өткізуді қамтамасыз ету жөнінде бұйрық алды.

Понтоншы З.Белібаев ерекше көзге түсті. Түн жамылып қайықтарға, понтондарға, салдар мен басқа да қолдан жасалған құралдарға әскерлер, техника мен оқ-дәрі тиеледі.

Фашистер судан өтіп келе жатқандарды ерте байқап қалды да, оқ жаудырды. Көп адам жараланды. Десант тобының командирі де ауыр жарақат алды. Понтоншы З.Белібаев топты басқаруды өз қолына алды. З.Белібаев өзен үстіндегі шайқаста қайық тесіктерін тығындап, понтондарды сақтады, понтон үстінен суға құлағандарды құтқаруға жауынгерлерді ұйымдастырды. Ақыры жағаға жетіп, гитлершіл-фашистерге тойтарыс берілді. Дұшпанның бората жаудырған оғы астында З.Белібаев бірнеше тәулік бойы мұздай суды кешіп, бір бөлімшеден соң екінші бөлімшені біздің қолымыздағы плацдармға өткізіп отырды.

Плацдарм бір сағат сайын кеңейтіліп, нығая берді. Біздің бөлімшелеріміз қосымша қуатты күш алып, гитлершілерді батысқа қарай ығыстырып тастады. Батырлық пен ерліктің символы болған Днепр өзенінен  өту кезеңіндегі қаһармандық ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 10 қазандағы  Указымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин» және «Қызыл жұлдыз» ордендері тапсырылды. Ол тек Ұлы Отан  соғысына ғана емес, милитаристік Жапонияның Квантун армиясын  талқандауға да үлес қосты. Сөйтіп , Ұлы Отан соғысының ғана емес, Екінші Дүниежүзілік соғысының ардақты ардагері болды. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды. «Үздік минер» (мина ісінің маманы) атағы бар. Соғыстан кейін ел үшін аянбай еңбек етті.

 

Әдебиеттер:

1.Айсанов Ж. Жерлес батырға лайықты құрмет болса// Семей таңы. – 1992. – 5 мамыр

2.Айсанов Ж. Жерлес Батыр – 75 жаста // Абай ауылы. – 1992. – 8 мамыр

3.Әзімжанова Т. Белібаевтай батырдың аты аталмай қалмаса екен // Ертіс өңірі. – 2014. –  6 тамыз. – Б.12

4.Әзімжанова Т. Зәкәрия жайлы бір сөз  // Семей таңы. – 2012. – 24 сәуір. –  Б.4

5.Батырдың  награда қағазы // Семей таңы. – 1980. – 17 қазан

6.Белібаев Закария. Жорық күндеріндегі жан серігім // Лениншіл жас. – 1975. – 1 март

7.Ибраев М.  Су үстінде өткен 144 сағат // Лениншіл жас. – 1975. – 10 мамыр

8.Имаханов Ә. Тұлғалар бар тумысынан бірегей  // Абай. – 2015. – № 3. – Б.54-58

9.Имаханов Ә. Тұлғалар бар тумысынан бірегей  // Ертіс өңірі. – 2010. – 24 наурыз. – Б.18; Дидар. – 2010; 6 мамыр. –  Б.3

  1. Имаханов Ә. Тұлғалар бар тумысынан бірегей // Ертіс өңірі. – 2014. – 30 сәуір. – Б.11

11.Совет Одағының Қазақстандық батырлары. Т.1. – Алматы, 1968. – 117 б.

12.Сүлейменұлы  Т. Берлинде табысқан Арқаттық ағайындар // Ертіс өңірі. – 2015. – 3 маусым. – Б.17