Бурлаченко Степан Филиппович (1914-1989)

g88Степан Филиппович Бурлаченко 1914 жылы Семей облысы Ново-Шульба ауданының Алексеевка селосында кедей шаруа семьясында туған. КПСС мүшесі. Селолық мектепті бітіреді. Слесарь, шофер болып істейді. Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың январында шақырылады. Батыс, Сталинград, 1-Белорус майдандарындағы ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы екі рет жараланады. Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен наградталған. Біздің жерлесіміз Сталинград іргесінен Одерге дейінгі даңқты да ұзақ соғыс жолынан өтті.

1945 жылдың басында поляк жерінде кескілескен ұрыстар болып жатты. Неміс-фашист командованиесі совет әскерлерінің фашистік рейхқа баратын жолындағы соңғы бөгет – Польшадан айрылып қалудан қорықты. Генерал-полковник Богдановтың 2-гвардияшы танк армиясы әскерлерінің алдында Груец, Жирардув, Сохачев қалаларын алу, сөйтіп шегініп бара жатқан жаудың Варшавадағы тобының шегінетін жолын кесіп тастау міндеті тұрды. 47-Қызыл Тулы Суворов орденді гвардияшы Умань танк бригадасының танкистері қатты ұрыстарда дұшпанның қасарысқан қарсыласуын қирата отырып, Груец қаласын алды да шегініп бара жатқан жауды өкшелей қуып, Жирардув ірі тіректі пунктіне жетті. Қала күшті бекінгендіктен оны бірден шабуыл жасап алу қиынға соқты.

1945 жылғы 16 январьда таң ата ішінде жүргізуші-механик Бурлаченконың машинасы бар «Т-34» танктер тобы қалаға кіретін жолдарды барлап, қаланың батыс жақ шетіне кіріп, жаяу әскер бөлімдері келгенше сол арада бекінуге бұйрық алды. Танкистер қалаға таяп қалған кезде ұзақ уақытқа арналып салынған бекіністе отырып алған дұшпан артиллериядан нөсерлете оқ жаудырды. Қаланың шет жағында қызу шайқас басталды. Ұрыс қыза түскен кезде танк командирі оққа ұшты. Бірнеше танк істен шықты. Жағдай қиындай түсті. Танкті басқаруды Бурлаченко өз қолына алды. Қазақстандық жауынгер шеберлікпен басқарған қуатты машина шынжыр табанымен зеңбіректерді, минометтер мен пулемет ұяларын жаныштап, фашистердің арасында үрей тудырып, зәрелерін ұшырды. Бурлаченконың танкісі қалаға басып кірді де оның орталық көшесімен жүріп, жолында кездескеннің бәрін басып-жаншып отырды. Гитлершілердің үрейі ұшып қаша жөнелді. Бурлаченко өзінің машинасын батылдықпен гитлершілердің соғыс техникасы мен ат-арба колоннасына қарай тура бағыттады. Колоннаның ойран-топыры шықты. Осы ұрыста батыр танкист жаудың 5 зеңбірегін, 4 минометін, 6 гранатометчигін, 12 автомашинасын, 20 ат-арбасын, 70-тен аса гитлершіні жойды. Оның ер жүректілігі мен тапқырлығы арқасында жауынгерлік тапсырма орындалды.

СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1945 жылғы 27 февральдағы Указы бойынша осы ұрыстағы батырлығы мен тапқырлығы үшін гвардия кіші сержант С. Ф. Бурлаченкоға Совет Одағының Батыры атағы берілді.     Степан Филиппович жаумен шайқаса отырып, Берлинге жетті. Соғыстан кейін бейбіт еңбекке оралды. Семейдегі № 6 автобазада жүргізуші болып жұмыс істеді. 75 жасқа қараған шағында Кеңес Одағының Батыры Степан Бурлаченко қайтыс болды.

 

Әдебиеттер:

1.Герои Советского Союза – семипалатинцы / Управление архивами Восточно-Казахстанской области. Центр документации новейшей истории Восточно-Казахстанской области. – Семипалатинск, 2004. – С.15

2.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай- қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.55

3.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.25-26

4.Совет Одағының қазақстандық батырлары. Т.1. – Алматы “Қазақстан” 1969. – Б.265-266

5.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.286