g06Виктор Васильевич Буторин 1898 жылы Семей қаласында туған. Қызыл Армия қатарына 1941 жылдың қарашасында шақырылды. 16 – гвардияшы атты әскерлер дивизиясының құрамында Сталинград және Орталық майдандарда ұрыстарға қатысады, үш рет жараланды. Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталиградты қорғағаны үшін» медальдарымен наградталды.

1943 жылдың жазы мен күзінде гвардия аға сержант Буторин күптеген қызу ұрыстарға қатысты. Әр ұрысқа қатысқан сайын оның жауынгерлігі шыңдалып, даңқы арта берді. Виктор Буторинді әрқашан да ең жауапты және қауіпті тапсырмаларды орындауға жіберітінді.

1943 жылдың ұмтылмас күзінде Орталық майданның сол жақ қанатындағы әскерлер 19 қыркүйекке қараған түні қолда бар заттарды пайдаланып, Деснадан өтті де Черниговқа кіре берісте ұрысқа қатысты. Жау қайткенде де қаланы  өз қолдарында сақтап қалуға тырысты. Оның авиациясы топ-тобымен қимылдап, біздің шабуылға шыққан бөлімдерімізді бомбалады.

Чернигов түбіндегі ұрыстарда 16 – гвардияшы атты әскер дивизиясының 62 – гвардияшы атты әскер полкінің взвод командирі аға сержант Буторин тағы да көзге түсті. Шабуылшы топтың алдында келе жатқан взвод дұшпанның минометтен, пулемет пен мылтықтан нөсерлете атқан оғына тап болды. Жаудың өздігінен жүретін «Фердинанд» зеңбірегі жақын жерден үдете оқ жаудырып, біздің бөлімшелеріміздің алға басуын тежеді. Тәжірибелі жауынгер Буторин жаудың бората атқан оғының астында қалуға болмайтынын түсінді.

Буторин взводты шабуылға бастады.  Екі рет жараланған ол бірінші болып, жауға шабуылға шықты. Жау үрейі ұшып, солдаттары мен офицерлерінің көптеген өліктерін қалдырып, қаша жөнелді.Сол күні 21 қыркүйекте дивизия жауынгерлері Украинаның облыстық орталығы – Черниговты азат етті. 16 – гвардияшы атты әскер дивизиясына Чернигов дивизиясы деген атақ берілді.

Отан үшін ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Кеңес Одағының Жоғары Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Қаулысы бойынша гвардия аға сержанты В.Буторинге Кеңес Одағының  Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін лейтенант Буторин запасқа шықты. Киев қаласында тұрып, жұмыс істеді. Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1974 жылы 7 наурызда Киев қаласында қайтыс болды.

Әдебиеттер:

1.Герои Советского Союза – семипалатинцы / Управление архивами Восточно-Казахстанской области. Центр документации новейшей истории Восточно-Казахстанской области. – Семипалатинск, 2004. – Б.16

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.27-28

3.Совет Одағының Қазақстандық Батырлары. – Алматы: Қазақстан,1969. – Б.159-162