g07Иван Иосифович Варепа – 1910 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, Перьятенка ауылында туған. 1941 жылы майданға шақырылды. Сталинград, Украин, 2 – Белорус майдандарындағы ұрыстарға қатысады. 77 – гвардияшы Чернигов атқыштар дивизиясы Днепр үшін шайқастың соғыстың барысы үшін қаншалықты шешуші мәні бар екенін жақсы түсінді. И. Варепа өзінің бөлімшесімен арнасы кең Днепрден алғашқылардың бірі болып өтті. Гвардияшылар фашистерді өздеріне жақын жіберіп алды да, пулеметтен, автоматтан оқ жаудырып, гранат лақтырып, жаудың жанталаса жасаған төрт қарсы атакасына тойтарыс берді. Осы кезде 288 – гвардияшы полктің бөлімшелері оң жағаға шығып, жұмыла атака жасады, гитлершілерді қорғаныстың алдыңғы шебінен қуып шықты.

И.И. Варепаның  пулемет расчетының тапқыр да батыл қимылы Днепрде жеңіске жетуге көмектесті. Осы ұрыста батыр жауынгер бірнеше атыс ұясы мен 20- дан аса гитлершілерді жойып  жіберді.

Днепрден өткенде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша 1944 жылы 15 қаңтарда әскери тапсырманы орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен ержүректілігі үшін гв. кіші сержанты Варепа Иван ИосифовичкеКеңес Одағының Батыры атағы, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» (№ 3070) медалі қоса тапсырылды. Днепр үшін болған шайқастың батыры И.И. Варепа кіші лейтенанттарды оқытатын армиялық курсты аяқтап, офицер атағын алды, пулеметшілер взводын басқарды. Әскери жорығын Берлинде аяқтап, 1945 жылы КПСС қатарына кірді.

Соғыстан кейін гвардия лейтенанты И.И.Варепа Қазақстанға оралды. Семей облысының Шар ауданында колхозда еңбек етті. 1981 жылы 15 наурызда қайтыс болды. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Әуезов кентінде жерленген. Ленин, Александр Невский ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Әдебиеттер:

1.Герои Советского Союза – семипалатинцы / Управление архивами Восточно-Казахстанской области. Центр документации новейшей истории Восточно-Казахстанской области. – Семипалатинск, 2004. – С.17

2.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай- қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.61

3.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналғанбиблиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.28-29

4.Совет Одағының Қазақстандық Батырлары. Т1 .- Алматы, 1969. – Б.474