g08Григорий Иванович Вахонин 1919 жылы 25 мамырда Алтай аймағында Заринск ауданында Яново селосында шаруаның отбасында дүниеге келген. Төртінші сыныпты бітірген соң, колхозда жұмыс істейді. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап майданда. Дивизиялық барлауда соғыса жүріп бірнеше рет барлауға сәтті барып, маңызды мәліметтер әкелді. Әсіресе Украинаның солтүстігін азат етіп, Днепрден өту кезінде ерекше көзге түсті.

1943 жылы 29 қыркүйекте аға сержант Вахониннің барлаушылар тобы Радуль (Чернигов облысы Репкин ауданы) елді мекеніндегі жау тылына жіберілді. Тылдан соққы бере отырып, 20 жау әскерінің көзін құртты. Бес «тіл» алып қайтты.

1943 жылы 1 қазанда Вахонин өз бөлімшесімен жасырын түрде Днепр өзенінен өтеді. Оң жағалауды жау тылына өтіп, жаудың оқ боратқан екі нүктесінің көзін гранатамен жойды. Бірнеше күнге созылған осы шайқаста барлаушы Вахонин 30 фашистің көзін жойды.

1944 жылы 15 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс –фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен батылдығы үшін аға сержант Григорий Иванович Вахонинге Кеңес одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды. Сол жылы ұрыста қатты жарақаттанып, демобилизацияланып, бейбіт өмірге кірісті.

Кейін Өзбекстанға қоныс аударып, Ферғанада қоғамдық тамақтандыру орындарында қызмет етті. 1965 жылдан бастап Семей қаласында тұрып, сонда еңбек етті.

24 ақпан 1973 жылы Семей қаласында қайтыс болды. Барнаул қаласындағы Даңқ мемориалында батырдың есімі жазылған.

 

Әдебиеттер:

1.Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – Б.132

2.Отан батырларын мадақтайды: Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай- қорығы, 2010. – Б.67

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. – Б.298