w3Дмитрий Камоликов 1923 жылы Семей облысының Белағаш ауданында кедей шаруа семьясында туды. Әскер қатарына 1941 жылы желтоқсанда шақырылған. Полк мектебінде әскери дайындықтан өткен соң, Сталинград майданына барлушы-автоматчиктер ротасына жіберілді. Кейін Батыс және 2 – Украин майдандарында соғысты.

Сержант Камоликовқа өз бөлімшесімен Тиссанның оң жағасындағы плацдармды алу және батальон жауынгерлерінің өзеннен өтуін оқпен бүркемелеп тұру жөнінде бұйрық берілді. Батырлықтың үлгісін көрсетіп, сержант Камоликов борап тұрған миномет пен пулемет оғының астында өзенге секіріп түсіп, алғашқылардың бірі болып қарсы жағаға жүзіп шықты. Гвардияшылардың батыл қимылына шыдай алмай, есеңгіреп қалған дұшпан қолайлы шептен қуылды. Камоликов бөлімшесінің табанды да батыл қимылы гитлершілердің қатарын шайқалтты, жаудың 70 солдаты мен офицері тұтқынға алынды, бөлімдерімізге дұшпанның қорғаныс шебіне 7 километр өтіп, Шаруд деревнясын алуға жағдай жасалды.

1944 жылы 10 қарашада Камоликов ауыр жарақаттанып,əскер қатарынан босады. Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Тисса өзенінен өтерде көрсеткен тапқырлығы мен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы Қаулысы бойынша сержант Д.Т. Камоликовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Новосибирск құрылыс техникумын бітірген соң зауытта жұмыс істеді. 1967 жылы Украинаға қоныс аударған. 1977 жыл 16 сәуірде Украинаның Киев облысындағы Белая Церковь қаласында қайтыс болды.

 

Әдебиеттер:

1.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! // Вести Семей. – 2015. – 17 февраля. –  С.5

2.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары:  фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.109

3.Перцева Н. Речники в боях за Родину // Наше дело. – 2015. – 30 апреля. –  С.10

4.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.35-36

5.Совет Одағының қазақстандық батырлары. Т.1. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.337-338

6.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.380