Бунтовских Василий Васильевич (1921 – 1945)

77Василий Бунтовских 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Дарственное (қазіргі Барақ батыр ауылы) селосында туған. 1940 жылы Семей педагогикалық училищесін бітіреді. Училищені тамамдаған соң «Қызыл Партизан» елді мекеніңде  мектеп директоры болып қызмет атқарады. Сол жылы әскер қатарына шақырылады. 1-Мәскеу атқыштар дивизиясы 22-ші инженерлік батальонда қызмет етеді.

Соғыстың бірінші күнінен майданда. Саперлар взводының командирі ретінде Батыс, Воронеж, 3-ші, 4-ші Украина майдандарына қатысқан. Мыңдаған шақырым жол жүріп, үлкенді-кішілі ондаған өзендерге өткел салып, жол ашқан.

Ингулец және Оңтүстік  Буг, Днестр и Прут, Тисса және Дунай – міне сапер Василий Бунтовскихтің жүіп өткен жолдары.

1943 жылы Чернигов-Припять операциясына қатысып,  Днепр  өзенінен өту кезінде көзге түскен. Воронеж майданы 38-Армия, 180-атқыштар дивизиясы 33-ші жеке саперлар батальонының взвод командирі  лейтенант Бунтовских 28 қыркүйектен 5 қазан аралығында Днепр өзенінен өтетін өткелде жұмыс істеген. Киев облысы Вышгород ауданы Сваромье селосын жаудан азат ет у үшін  қарша бораған оқ астында қайық пен қолдан жасаған суға батпайдын құралдармен 2 бірдей атқыштар батальонын, 2 артиллерия дивизиясын өткелден өткізген.

Кеңес Одағының Батыры атағы Василий Бунтовскихке 1944 жылы 10 қаңтарда берілді. Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапаталған.

1944 жылдың қараша айында Бунтовских алғашқылардың бірі болып Дунай өзенінен өтіп. Өткел жұмысын жолға қояды. 26 желтоқсанда Будапешт неміс әскерлердің қоршауында қалып, 1945 жылдың 13 ақпанында кескілескен шайқастан соң қала советтердің қолына көшеді. Неміс әскерлерінің аз тобы ғана қоршаудан шығып  қашып кетеді. Осы ауыр шайқаста В.Бунтовских ерлікпен қаза тапты.  19 ақпан күні В.Бунтовских Будапешттің Орталық офицерлер зиратына жерленеді. Зираттағы ескерткіште «Бұл жерде Кеңес Одағының батыры аға лейтенант Василий Василиевич Бунтовских  жерленген. 1921 жылы туған. Будапешт қаласын неміс фашистерінен азат ету жолында қаза тапқан» – деп жазылған. Батыр атында Күршім ауданында мектеп, Батырдың туған ауылы қазіргі  Барақ батыр ауылында Бунтовских атында көше бар.

 

Әдебиеттер:

1.Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – Б.132

2.Отан батырларын мадақтайды: Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.53

  1. Совет Одағының қазақстандық Батырлары. Т.1. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.155-156

4.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.285