a01Владимир Алексеевич Колесников 1924 жылы Семей облысының Багратионовка  селосында кедей шаруаның семьясында туған. Он жылдықты бітіргеннен кейін ФЗО мектебіне түсті, шахтада тіреуші болып жұмыс істеді.    2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, лейтенант, зеңбірек батареясының командирі. 1942 жылы тамыз айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Самарқанд қаласындағы (Өзбекстан) танк училищесіне жіберілді.    1944 жылы мамыр айында майданға аттанды. Колесников Беларусь майданында болып, Витебск мен Орша, одан кейін Минск қалаларын азат етуге катысты. 1944 жылдың 16 тамызында 45-атқыштар корпусы жауынгерлерінің алдында 9 шақырым жерде шекара жатты. Жау осы жерде күштерін шоғырландырды. Колесников қызмет атқарған батарея жаудың барлық шабуылына тойтарыс беріп, оны кейін ысырып тастауға бұйрық алды. Келесі күні таңертең жау Кеңес әскері позицияларына артиллерия мен минометтен оқ боратты. Неміс танкілері мен өздігінен жүретін зеңбіректеріне  тосқауыл шебін бұзуға, Кеңес әскерінің қорғаныс шебіне 400-500 метр  жерге жақындап келді. Колесников жауынгерлері орманнан шыққан жау танкілеріне ок жаудырып, оларды шетінен жоя бастады. Кенет экипаж үстінен снаряд жарылып, нысанашы құлады. Нысанашының орнына Колесников өзі тұрып, жаудың тағы да бірнеше техникасын жойып үлгерді. Осы ұрыста Колесниковтың экипажы жаудың 9 танкісін, 12 пулеметін және 300-ден астам әскерлері мен офицерлерін жойды. Ол соғысты Прага қаласында (Чехия) аяқтады. Осы көрсеткен ерліктері үшін Колесниковқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (24.3.1945). Ленин, 2 рет 1-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталды. Соғыс аяқталған соң да әскери қызметін жалғастырды.

1974 жылы подполковник Колесников запасқа шығып, Ленинград облысы,Ломоносов қаласында тұрып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Владимир Алексеевич Колесников 2003 жылдың 28 қыркүйегінде қайтыс болып, Ломоносов қаласындағы Иликовский зиратындағы Батырлар аллеясында жерленген.

 

Әдебиеттер:

1.Айбын: энциклопедия / бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 880 бет.

2.Герои Советского Союза – семипалатинцы. – Семипалатинск: Управление архивами Восточно-Казахстанской области, 2004. – С.29

3.Семипалатинску 285 лет. – Семипалатинск: Семипалатинский историко-краеведческий музей, 2003. – С.50

4.Совет Одағының қазақстандық Батырлары. Т.1. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.391-392

5.Шығысқазақстандықтар – Кеңес одағының Батырлары = Восточноказахстанцы – Герои Советского Союза. – Өскемен: Медиа –Альянс, 2010. – Б.127-128