a04Иван Васильевич Косенков 1923 жылы Семей облысының Белағаш ауданындағы Богословка селосында шаруа семьясында туған. 1941 жылы желтоқсанда Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1- дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдарімен наградталды. Сержант Косенков Днепрден өту кезінде екі қайықты қосып байлап, оған снарядтарымен 76 миллиметрлік зеңбіректі тиеп алды да, дұшпанның артиллерия-минометтері мен пулеметтерінің зуылдаған оғының астымен жүріп отырып, өзеннің оң жағалауына шықты. Зеңбіректі жағаға орнатып, атыс позициясына қойды да, дұшпанды төпеп атқылады.

Косенков өз зеңбірегінің оғымен жанталасқан жаудың бірнеше қарсы атакасына тойтарыс берді. Гитлершілердің көптеген солдаттары мен офицерлерін, бірнеше атыс ұясы мен соғыс техникасын жойып жіберді.

Днепрден өтерде неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарда ерлік пен батырлық көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі 1944 жылғы 22 ақпандағы Қаулысы бойынша сержант Иван Васильевич Косенковқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Косенков әскер қатарынан босатылды. Алматы облысы Үштөбе қаласында тұрды, Зейнеткерлікке шыққанға дейін тракторшы, Алматы орман өсіріу станциясында мастер болып қызмет істеген. Ленин, 2 рет 1- дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен  марапатталған. Кеңес Одағының Батыры Косенков Иван Васильевич  2015 жылы 18 қыркүйекте қайтыс болды.

 

Әдебиеттер:

1.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! // Вести Семей. – 2015. – 17 февраля. –  С.5

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.40

3.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.139