a05Кошуков Вениамин Борисович 1922 жылы Тюмень облысы Казань ауданы Ильинка селосында дүниеге келген. Петропавл химия-технологиялық техникумына оқуға түседі. Сол жылы техникум Семей қаласындағы ет комбинаты базасына ауыстырылады. Осы жерден 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады.  Оренбург қаласындағы  Чкалов әскери ұшқыштар мектебін тәмамдап, сержант атағын алады. Майданға 1942 жылы қыркүйек айынан кірген. Ұшқыш-шабуылшы В.Б. Кошуков Ил-2самолетімен Закавказье, Солтүстік Кавказ майдандарында, жеке Примор Армиясында, 2-Балтық майдандарына қатысқан.

1944 жылдың 20 қаңтарына дейін Ил-2 самолетімен 120 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, 87 автокөлік, 10 танк, 4 баржы, 1 теміржол көпірі, 8 зенит қаруын, 9 артиллерия қаруын, 1 минометті батареяны,   2 су өткелін, 4 қару-жарақ қоймасын, 1 жанармай қоймасын, 10 теміржол вагонын, 1 паровоз, 1 дзот, жау зеңбірегі бекінген 6 үйдің көзін жойып,  жау жағына 16 рет өрт қойған, Керчь бұғазындағы Эльтиген деген жердегі десантниктерге 68 қап азық-түлік пен қару – жарақ түсірген.

1944 жылғы 13 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен жаудың техникасы мен әскерлерін жоюда көрсеткен ерекше ерлігі мен батылдығы үшін Кошуков Вениамин Борисовичке Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

1944 жылы 19 шілдеде Латвияны жаудан азат ету кезінде 140 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде самолетке жау артиллериясының оғы тиеді. Прейль ауданы Галены поселкасының маңында өртенген самолет жерге құлады.  В. Кошуковпен бірге көздеуші сержант Г.К. Велеев қаза тапты.  Ержүрек ұшқыштар Галены поселкасындағы совет құтқарушы жауынгерлеріне ескерткіш қойылған Бауырластар зиратына жерленген.

Петропавловск қаласының бір көшесіне батырдың есімі берілген. Өткен ғасырдың 60 жылдары Прейлидің бір көшесі В. Кошуков атымен аталған еді. Латвия КСРО құрамынан шыққаннан кейін көшеге басқа атау берілді.

В.Б. Кошуков Ленин (13.04.1944), Қызыл Ту (17.11.1943), Қызыл Жұлдыз (22.04.1943) ордендерімен марапатталған.

 

Әдебиеттер:

1.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семй, 2015. – Б.41-42

2.Совет Одағының қазақстандық батырлары. Т.1. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.415-416

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.398-399

4.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.91