n1Альберт Викторович Кронит 1925 жылы Семей қаласында туған. Оқушылық, жасөспірімдік кезеңі Краснояр өлкесі Рыбинск ауданында өткен.

1943 жылы қаңтар айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Краснояр өлкесі Ачинск қаласындағы Киев жаяуәскер училищесіне жіберілді. 1943 жылы оқуын бітірместен майданға аттанды. Украинаның Сумск облысындағы Ямпол түбінде алғашқы ұрысқа қатысты. Кейінірек Орталық, 1-Украина, 1–Белорус майдандарында шайқасқан.   Гвардиялық атқыштар полкінің танкке қарсы қаруының нысанашысы (75 гв. Атқыштар дивизиясы, 60-армия, Орталық майдан) комсомол, гвардия кіші сержанты Альберт Кронит, 1943 жылы 24 қыркүйекте, взвод құрамында алғашқылардың бірі болып Украинаның Киев облысы Вышгород ауданы Глебовка селосы тұсында  Днепр өзенінен өтіп, Днепрдің оң жағалауында жау шабуылына тойтарыс кезінде ерекше көзге түсті. Ержүрек жауынгер жаудың екі танкісін отқа орады. Жақыннан жарылған мина ПРТ қаруын істен шығарып, ал кіші сержант Кронит жараланғанына қарамастан шептен кеткен жоқ. Жау пулеметін қолға түсірген А.Кронит шабуылдаған жауды сол автоматпен жайратып, бірнеше фашистің көзін жойды. Бір тәулікте Кронит он бір шабуылды қайтарды. Көмекке қосымша күш жіберіліп, Кронитті взвод командирінің көмекшісі етіп тағайындайды. Взводқа 115,6 биіктікті алу тапсырылады. Артиллерия шабуылынан кейін жаяу әскер биіктікті алуға ұмтылады. Взвод командирі қаза тапқан кезде, Кронит басқаруды өз қолына алып, жауынгерлерді штурмға алып шығады. Бұл биіктіктің Днепр өзені үшін маңызы өте зор еді. Биіктік алынған кезде взводта 17 адам ғана тірі қалды. Жау осы ержүрек жауынгерлердің көзін құртып, биіктікті тартып алу үшін жанталасады. Взвод екі шабуылды кері қайтарып, біраз тыныштық орнағандай болды. Қосымша күш келіп совет жауынгерлері биіктікке мықтап бекінді.

КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша 1943 жылды 17 қазанында берілген тапсырманы өте жақсы орындап, неміс басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ержүректілігі мен батылдығы үшін кіші сержант Кронит Альберт Викторовичке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз (№ 1559). медалі тапсырылды. 1944 жылы шілде айында А. Кронитті әскери-теңіз авиация- техникалық училищесіне оқуға жіберілді. Оқуын бітірген соң Қызыл Тулы Балтық, Солтүстік флоттарда қызмет істеді. 1949 жылдан аға лейтенант А.В. Кронит–запаста.  Горький атындағы Пермь мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1953 жылы бітіреді. Пермде тұрып, бүкілодақтық ауылшаруашылық институты аэрофотогеодезиялық іздестіру Орал филиалы директорының орынбасары қызметін атқарған.

1983 жылы 14 қыркүйекте қйтыс болған. Ленин, 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медалдармен марапатталған. Пермь қаласында батыр атында көше бар.

 

Әдебиеттер:

1.Перцева Н. Отважный боец-бронебойщик // Наше дело. – 2016. – 9 июня. –  С.6

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015 . – Б.42-43

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия  / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014.- Б.410

4.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары:  фотоальбом  / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы, 2010. – Б.149