я2Григорий Селиверстович Окунев  – 966–ші артиллериялық зеңбірек полкы командирі (383- атқыштар дивизиясы, 33-армия, 1- Белорус майданы) 1923 жылы 25 наурызда Семей (қазір Семей қ. Шығыс Қазақстан облысы) қаласында дүниеге келген. Балалық және жасөспірім шағы  Солтүстік Кавказда өтті.  10 жасында жетім қалып, Пятигорск, Георгиевка, Орджоникидзе, Грозный балалар үйлерінде тәрбиеленді. 1937 жылдан Ольгинское (Солтүстік Осетия)  селосындағы үлкен әпкесінің қолында тұрды.  Мұнда 7 сыныпты бітіріп, тракторшыларға көмектесе жүріп өзі де техника тілін меңгерді. Жазғы каникул кезінде тіркеуші /прицепщик/  болып жұмыс істеді. Курстан кейін, Нартовск машина-трактор станциясында тракторшы болды. Соғыс басталысымен майданға сұранды.  МТС директорына, аудандық әскери комитетіне  өтініш жазғанымен, сәтсіз болды.

Тек 1942 жылдың жазында, соғыс Солтүстік Осетияға жақын қалған кезде ғана  Г.С.Окуневтің өтініші қабылданды. 1942 жылы тамызда Окунев Солтүстік Осетия аудандық  Правобережный әскери комитеті армия  қатарына шақырып, Махачкалаға 337-ші атқыштар дивизиясына  жіберілді.  Ол қысқа мерзімде әскери жаттығудан өтіп, танкке қарсы қарудың (ПТР) бірінші нөмірі болды. Сол жылы қазан айында Владикавказ түбінде алғаш рет ұрысқа қатысып, Терск үстіртіндегі  шайқаста оң аяғынан жараланған соң Махачкала госпиталіне жіберілді.

Қатарға ілінген соң Кубаньді жаудан азат ету ұрыстарына қатысты.  1943 жылы сәуірде теңіз жаяу әскерінің  164-ші бригадасы құрамында Краснодар өлкесінің Красноармейская станицасы түбінде жаумен айқасты. 1943 жылы сәуірдің соңында 383-ші атқыштар дивизиясының 966-ші артиллериялық полкына жіберіледі.  Соғыстың соңғы күніне дейін осы полкта болды.  Жаумен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін,  Таман түбегін азат етуде көрсеткен  артиллериялық шеберлігі үшін екі «За отвагу» медалімен марапатталды.

1943 жылы күзде және 1944 жылдың басында кіші сержант Окунев  4-ші Украина майданының Жеке Приморск армиясы құрамында Қырымды жаудан азат етуге қатысты. Аджимушкая ауданындағы кескілескен ұрыста Окунев тобы гитлершілерге тойтарыс беруде ерекше көзге түсіп, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. 1944 жылы мамырда Окунев өзінің зеңбірек тобымен, жаяу  әскермен бірге Сапун тауында  жауды күйретуге, сондай-ақ  Севастопольдегі  фашистер гарнизонына шабуылға қатысты.   1944 жылы қыркүйекте  383 атқыштар дивизиясы 1-ші Белоруссия майданына жеткізіліп, 33-ші армия құрамына кірді. Кіші сержант Окунев зеңбірек тобы командирі ретінде Польшаны жаудан азат етуге, Пулавск плацдармын ұстауға қатысты. Ол соғыста көрсеткен ерлігі үшін екінші рет  2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. 1945 жылы қаңтарда Висла-Одер шабуылдары кезінде ерекше көзге түсті.

1945 жылы 23 қаңтарда атқыштар ротасының  қатарында, кіші сержант Окунев өз әскери тобымен Калиш  қаласы маңында (Польша) шегінген фашистердің жолын кесіп, алдыңғы танкті жойды. Қиын сәтте зеңбірек жанында қалып, жау танктері  мен өздігінен жүретін зеңбіректі құртты. Гитлершілердің шабуылы іске аспады. 1945 жылғы 31 мамырда СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен әскери тапсырманы үздік орындап,  неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін, кіші сержант Окунев Григорий Селиверстовичке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» (№ 6989) медалімен марапатталды.

Окунев Жеңісті Эльба жағасында қарсы алып, әскери қызметін жалғады. 1945 жылы 7 қарашада сержант Окунев Германиядағы әскери Топ штабына шақырылып, маршал Г.К. Жуковтың қолынан Ленин ордені мен«Алтын Жұлдыз» медалін  алды.  1947 жылы әскерден босатылды. Солтүстік Осетияға оралып, МТС-те тракторшы болып жұмыс істеді. 1949-1961 жылдары Беслан қаласында аудандық байланыс конторының басшысы қызметін атқарды. 1961 жылы  Правобережный ауданының «Сельхозтехника» басқармасында экскаваторшы  болды.  КПСС-тің Солтүстік-Осетия  обкомының мүшесі болып сайланды. 1983 жылы құрметті демалысқа шықты. Орджоникидзе (Владикавказ)  қаласында тұрды.

2002 жылы 22 сәуірде қайтыс болды. Владикавказда Қызылгвардия саябағының Даңқ аллеясында жерленген. Ленин ордені  (31.05.45), 1-дәрежелі Отан соғысы (06.04.85), екі 2-дәрежелі  Отан соғысы  ордені (17.06.44; 03.06.45), Қызыл Жұлдыз орденімен (16.12.43), медальдармен,  соның ішінде екі  «За отвагу» медалімен марапатталған.

 

Әдебиеттер:

1.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! // Вести Семей. – 2015. – 24 марта. –  С.5

2.Перцева Н. Героями рождаются // Наше дело. – 2016. – 16 июня. –  С.6

3.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом  / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.197

4.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.587