z4Андрей Данилович Семенов – 104-ші гвардиялық атқыштар полкының рота командирі (36-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 57-ші армия, Степной майданы), гвардия капитаны.

1909 жылы Дондағы Ростов қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген.  ВКП(б) мүшесі (КПСС). Білімі аяқталмаған орта. Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) құрылысында есепші қызметін атқарды. 1941 жылы қыркүйекте Қызыл Армия қатарына шақырылды.  1942 жылы жаяу әскер училищесін  бітіріп, 36-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 104-ші гвардиялық атқыштар полкына жіберіледі. Взвод, рота командирі болды. Сталинград шайқасы кезінде Червленая өзеніндегі ұрысқа, Верхняя Ельшанка және Купоросный хуторы (қазір Волгоград маңы) 62-ші және 64-ші армиясы қатарында, Сталинградты азат ету  ұрыстарына қатысты.

Бұдан кейін, Северский Донец өзенінде, Курск шайқасы, Белгород-Харьков шабуылдарына қатысты. Прелестное (Прохоров ауданы Белгород облысы) поселкесі үшін ұрыста Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Кейінгі ұрыстарда 104-гвардиялық атқыштар полкы 1943 жылы 25 қыркүйекте Паньковка (Петриковск ауданы  Днепропетровск  облысы, Украина) селосы маңында Днепрге шықты. Нижнеднепровск стратегиялық шабуылында ерекше көзге түсті (Днепр үшін  шайқас. 1943 ж.) 1943 жылы 26 қыркүйекте танкке қарсы рота гвардия капитаны Семеновтың  қолбасшылығымен қайықпен жасырын және еш шығынсыз Сошиновка селосы маңында Днепрден өтіп (Верхнеднепровскі ауданы Днепропетровск облысы, осы екі село да Днепродзержинск су қоймасының астында қалған)  гитлершілерге шабуыл жасады. Жау соққыны күтпестен ұрыс алаңына әскери техникалары мен құралдарын тастап қашуға бет алды. А.Д.Семенов артиллериядан топ құрып, төрт трофейлік қару-жарақтан  оқ жаудырды. Селоны басып алған соң, Семенов ротасы жауды 134,4 биігінде шабуылдады. Осы ұрыста рота командирі жарақат алғанымен қатарда қалды.

26 қыркүйекте жау контршабуылы кезінде Семенов екінші рет ауыр жарақат алып, медсанбатқа жіберілді. Ол қысқа емделуден кейін өз ротасына оралып,  1943 жылы 9 қазанда  134,4 биігінде қаза тапты. 1943 жылғы 20 желтоқсанда СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен  неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін гвардия капитаны Семенов Андрей Дементьевичке Кеңес Одағының Батыры атағы қаза тапқаннан кейін берілді.

Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, “За оборону Сталинграда” медалімен марапатталды. А.Д.Семенов Сошиновка селосының бауырластар зиратына жерленген, кейіннен Верхнеднепровск ауданы Днепровское қала типтес поселкесіне, ескерткіші орнатылған соң  қайта жерленді.

Әдебиеттер:

1.Кеңес Одағының Батырлары – қазақстандықтар. Т.2. – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1968. – Б.221-222

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.57-58

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.367

4.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.91