z55Кенжебек Шәкенов 1924 жылы Семей облысының Жарма ауданында жұмысшы семьясында туған. Әкесі Шәкен мен анасы Ақайша өмірлерінің соңына дейін осы ауылда тұрды. 1932 жылы әкесі қайтыс болады да, Шакен Күмісбек атты ағасының тәрбиесінде болады.

1939 жылы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін «Боко» алтын өңдеу руднигінде еңбек жолын бастайды. Жас Шакен өз жұмысын тыңғылықты істеп, ылғи жоспарды белгіленген мөлшерден артық орындап отырды. Осы жерде еңбек істеп жүргенде Лениндік комсомол қатарына қабылданды. Өмір енді ғана түзеле бастағанда соғыс басталды. Кенжебектің туған ағалары Тұрғазы Курск түбінде, ал Күмісбек Беларусь жерінде, соғыстың алғашқы күндерінде қаза табады.

1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды.1943 жылы тамызда Ташкенттегі пулемет училищесін бітірген соң майданға шақырылды. Ташкенттегі пулемет училищесін аяқтағаннан кейін 1943 жылдың тамызында Украина жеріне майданға аттанады. Кенжебек Шакенұлы екінші Украина фронтының 184 гвардиялық атқыштар полкінің 62 гвардиялық атқыштар дивизиясында пулеметчик болды. Ол Украинаның, Кривоград, Черкаск және Полтава облыстарын жаудан тазарту шайқастарына қатысты. 62 гвардиялық атқыштар дивизиясы құрылып болысымен, жорық маршымен Днепр жағалуларына жылжып келді де, 2 – Украин майданының 37 – армиясының құрамына енгізілді. 184 гвардиялық атқыштар полкі Днепрдің оң жағалауына өтіп, қолайлы бекініске орнықты. Кенжебек пулемет оғымен тура көздеп, фашистерді жайрата бастады. Осы ұрыста ер жүрек пулеметші 30-ға тарта гитлершінің көзін жойды.5 қазанда жауынгерлік күзетте болған пулеметші Шәкенов жаудың үш рет жасаған атакасын тойтарып, 17 солдаты мен офицерін және ірі калибрлі пулеметін жойды.

Сержант Шәкенов екі рет жараланды. 1944 жылғы наурыз айында Ашхабадтағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді.

Днепрден өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін сержант К. Шәкеновке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол кезде Кенжебек небәрі 20 жаста еді. Соғыстан кейін Кенжебек Шакенұлы еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін аянбай еңбек етті. Ардагерлер қозғалысының жұмысына белсене араласып, жастарға әскери – патриоттық тәрбие беруде өз күшін-жігерін аямады.

Шакенов Кенжебек Шакенұлы 1961 жылдың 11 тамызынан 1964 жылдың 1 ақпанына дейін Семей қаржы-экономикалық техникумының директоры болды. Құрметті еңбек демалысына Кенжебек Шакенұлы Жамбыл құрлыс тресінің партком секретарлық қызметінен 1984 жылы шықты. Соғыс және еңбек ардагері, Семей қаласының құрметті азаматы, Кеңес Одағының Батыры отставкадағы полковник Шакенов Кенжебек 2001 жылдың 30 желтоқсанында дүниеден өтті. Туған жері Жарма ауданының Георгиевка ауылында Шакенов Кенжебек Шакенұлының есімімен көше аталады. 2006 жылы 8 тамызында Жарма ауданындағы Чапаев атындағы орта мектебі Кеңес Одағының Батыры Кенжебек Шәкенов атына ауыстырылды.

 

Әдебиеттер:

1.Алтынбаев Қ. Днепр суын дулығасымен сапырған // Семей таңы. – 1994. – 23 ақпан

2.Зүкенұлы М. Сұрапыл соғыс сарбаздары: электрондық ресурс. – Семей: Үш биік баспасы. – 2011. – Б.12

3.Колледждің алтын шежірсінен // Абай. – 2016. – №5. – Б.6-7

4.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.68-70

5.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б. 271