z2Қазақстанның әйгілі суретшілерінің бірі.

Мұратбек Жанболатов Абай ауданы, Қарауыл ауылында 1948 жылы 20 шілдеде туған. 1966 жылы Абай орта мектебін тәмамдаған ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 1970 жылы оны сәтті аяқтайды. Сонан кейін Абай атындағы драма театрында жұмыс істеген ол Мәскеудің Суриков атындағы сурет институтына түсіп, онда алты жыл оқиды. Сол жылдары Ресейдің небір тума дарындарынан дәріс алып, Италияның қайта өрлеу дәуірінің суретшілерінің, шеберлерінің шығармаларымен кеңірек танысады.

«Қазақстанның бір талантты жасы Мәскеуде тәлім алып жатыр» дегенді естіп, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов Мұратбекті Семейге қайта шақырады. Осылайша ол туған жеріне қайта оралып, шығармашылық еңбегін жалғастырады. Мұратбек Жанболатов сол жылдары Лермонтов, Абай мүсіндерін сомдап, композияциялық туындылардан Бөрілідегі М.О.Әуезовтың, Семей қаржы-экономикалық колледжіне Рымбек Байсейітовтың ескерткішін жасаған. Семей мемлекеттік университетіне Шәкәрім аты берілген кезде Шәкәрім тұлғасын сомдаған Мұратбектің еңбегіне жиналған жұрт ризашылық білдірген еді. Әрі, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтаның да авторы өзі.

Мүсінші, өзінің ең алғашқы туындысы деп, Қарауыл ауылындағы «Үндестік» деген тақырыппен жасалған Гете, Лермонтов, Абай атамыздың қоладан құйылған барельефтері қойылған монументтік тақтаны атады. Ол әлемдік мәртебеде өткен ұлы Абайдың, М.Әуезовтың мерейтойларын көркемдеу-безендіру ісін абыроймен атқарды.

Мұратбек Жанболатовтың соңғы жасаған туындысы – Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш. Мұратбек Жанболатов 1981 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер қоғамының басқарма мүшесі болған Мұратбектің еңбектері республикалық одақтық көрмелерге қойылған, республикалық Қастеев атындағы мұражайда сақтаулы. Оның мәрмардан шапқан М.Әуезов бюсті Бөрілідегі мұражайда, Абай орта мектебінде, Гете, Лермонтов, Абай бейнелері қойылған монументі Қарауыл селосындағы «Достық» аллеясында, Шәкәрім ескерткіші Семей педагогика институты бас корпусының алдындағы алаңда, Кеңес Одағының Батыры Әйтікеш Ибраев бюсті оның туған жері Баженово селосындағы Жеңіс алаңына қойылған.Ұзақ жылдар еңбектеніп, Би атаның (Кеңгірбай бидің) творчестволық портретін жасаған М. Жанболатов Семей қаласындағы Қайрат Рысқұлбековтің бюстінің және Ауған соғысына қатысқандарға арналып Семей қаласында қойылған монументтің авторы.

Ондаған бейне, портреттер жасап, Семей облысындағы бірнеше мәдени, оқу-ағарту орындарын көркем безендіруді ұйымдастырған мүсінші, ҚР мәдениет қайраткері – Мұратбек Жанболатовқа 2003 жылы «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлағының лауреаты атағы беріліп, арнайы дипломмен марапатталды.

 

Әдебиеттер:

  1. Бәшей К. “Тобықты – Шыңғыстау шежіресі” Ертіс өңірі. – 2005. – 27 қаңтар. – Б.16
  2. Мейрамбек Жанболатұлы // Семей таңы. – 2012. – 13 қаңтар. – Б.7
    Нұғманбекова Р. Мүсіншінің сырлы әлемі // Дидар. – 2003. – 1 мамыр. – Б.4
  3. Нұрбаев С. Мүсінші Мұратбек мұрасы біздерге мирас болмақ // Семей таңы. – 2010. – 17 қараша. – Б.9
  4. Әнеттегі Т. Ұлылар рухына адалдық // Үш анық. – 1999. – қазан.
  5. Қамбаров Ж. Қара тастан үндестік іздеген // Семей таңы. – 2003. – 14 ақпан. – Б.13
  6. Мұратбек Жанболатұлы: Қазанама // Семей таңы. – 2006. – 23 қараша. – Б.9