88Ғұмар Ескендірұлы Макаров 1951 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. Төрт жасында анасынан айырылған оның балалық шағы, есею жылдары Өскеменде, осындағы Жамбыл атындағы қазақ мектеп-интернатында өтіпті. Мектепті бітірісімен Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-графика факультетіне оқуға түседі. Оны бітірген соң жолдамамен 1972 жылы Семей педагогикалық институтына сабақ беруге келеді. Содан бергі 30 жыл бойы ол ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып келеді.

Ғ.Е. Мақаров Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің дизайн және бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы. Жыл сайын жазғы мезгілде Қазақстан даласына, таулы аймағына сапар шегеді, ұзақ әрі жемісті еңбекпен шұғылданады. Шығыс өңірінің қатал да сұлу табиғаты, суретшінің пейзаждарынан ерекше орын алады.

Суретші живописьтің ішінде пейзаж, яғни табиғат көріністерін салғанды ұнатады. Суретшінің өзі бұл туралы : «туған жерімнің әсемдігі, кең даламның дархандығы менің бойыма қуат бітіреді. Содан да болар менің көрмелеріме жиналған көрермендер Жасыбай көлінің күміс суын, күн шуағына маужыраған тау мен қырқаларды, қарағай көмкерген шатқалдарды көргенде қатты толғанады. Мен сурет салғанда бір нәрсенің өзін мың құбылтып беруге тырысамын.» дейді.

Өнерде таңдаған жол – пейзаж, яғни табиғат көріністерін салу. Ол «Дизаин және бейнелеу өнері» кафедрасында ширек ғасырдан астам ұстаздық жолында мыңдаған шәкірттерін баптады. Суреткерліктің үнемі жаңа бір қырлары мен сырларын аша отырып, Мақаров «Тұнық су», «Ауыл табиғаты», «Алма – Арасан», «Алатау» сияқты бірқатар тақырыптық сериялар тудырған.

1972 – 1997 жылдары облыстық, көптеген қалалардағы көрмелерге қатысқан, ол 1983 жылы Орал қаласында , 1985 жылы Шымкентте, 1990 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған, 2000 жылы «Туған өлкеме арналады» атты шығармашылық көрмесін Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы кітапханада өткізді.

Ғұмар қатысқан көрмелердің жалпы саны жиырма шақты, әрбірінің өзі жеке тақырып деуге болады. Оның творчествосымен тек қазақстандық жерлестері ғана емес, шетелдіктер де жақсы таныс. Шығармашылық жұмыстары Германия, Израиль , Ресей, АҚШ, Қытай меншік көркем өнер иегерлерінің қолында. Жалпы туындыларының саны 300 – ден асады. Алматыда «Ұмай тәңірісі » галереясы, Владимир Филатовтың ұйымдастыруымен халықаралық фестиваль аясында тағы да көрмесі ашылған еді. Осы фестивальда еңбегі жоғары бағаланып, «Мастер-класс» фестиваліне қатысып, «Қазақстанның Жібек жолы» номинациясында жүлдегер атанды.

 

Әдебиеттер:

  1. Абсалықова М. Ғұмардың жанды жазуы // Ертіс өңірі. – 2007. – 17 қаңтар. – Б.10, 31
  2. Асылжанқызы П. Жерлес суретшінің көрмесі: Ғ. Мақаров – ұстаз, оқытушы, суретші // Семей таңы. – 1997. – 1 қараша. – Б.2
  3. Нұғманбекова Р. Бояуға жан бітірген талант // Дидар. – 2003. – 8 ақпан. – Б.6