Сәкен Назарханұлы 1964 жылы 11 сәуірде Саржал ауылында туған. Мектеп бітірген соң, әскер қатарына барып, азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін, Семейдегі дизайнерлік училищеге түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды.
Бұдан кейін суретші-дизайнер мамандығы бойынша осындағы «Союз-Мир» суретшілер шеберханасында жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп Шәкәрім атындағы университеттің бейнелеу өнері факультетін сырттай оқып бітіреді.
Тоқсаныншы жылдардың басында ұлттық қолөнерімен ден қойып айналысқан. Ең алдымен сандық , жер үстел , бесік, тостаған, торсық, ожау секілді заттарды ағаштан ойып жасады. Жай жасаған жоқ оларды ою-өрнектермен безендіреді. Одан кейін қобыз, домбыра жасаумен айналыса бастайды. Біртіндеп тері, киізден бұйым жасауды меңгерді. Уақыт өткен сайын сол заттарына сұраныс арта түсті. Сөйтіп ол темірден де түйін түюге ұмтылған.
Ұлттық өрнектермен безендірілген қылыш пен оның қынабын, темір қалқан жасады. Сол жұмыстарының бәрі дерлік түрлі көрмелерге қойыла бастады. Көрмелердің көбінде ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегі арнайы дипломдармен марапатталып жатты. Мұның жұмысына шетелден келген меймандар да қызығушылық танытып, бұйымдарын жиі сатып алып жүрді. Енді Сәкен гобелен өнерін меңгеруді ойластырып жүр. Ши мен жүнді орнымен пайдалана отырып, жасаған әр затына ұлттық әр беру де ойында.
Ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан Сәкен кез-келген дүниеде ұлттық нақыш ою-өрнектердің болғаны жөн екенін түсінді. Ал, ұлттық нақышын дәл келтіру үшін бұйымның шығу тегіне , астарына үңілуді әдетке айналдырды. Оның қолынан шыққан дүниелерден қазақы болмыс пен қазақы мәдениеттің иісі аңқып тұратындықтан да болар, шетелдіктердің көбірек қызығушылық танытатыны.
Алғашқы бұйымдарының бірі – тостаған жиынтығына ағылшындардың ынтасы артып, зор ықыласпен сатып алған болатын. Бүгінде ағаш, сүйек, тері, мельхиор, күміс сияқты материалдарды пайдаланып, түрлі бұйымдарды , бүркітші құралдарын, бес қаруды, ұлттық музыка аспаптарын жасап жүрген Сәкен Назарханұлы Алматы, Астана қалаларында өтетін көрмелерге тұрақты қатысып тұрады.
Әдебиеттер:
- Ожарова А. Шебер // Ертіс өңірі. – 2007. – 17 қаңтар. – Б.10
- Сейсенұлы Д. Ағаштан түйін түйген // Егемен қазақстан. – 2004. – 27 наурыз. – Б.1