Қосанов Ғұсман (1935-1993)

871935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының Изатулла ауылында дүниеге келген.

Сол ауылдағы Абай атындағы 7 жылдық мектепті тамамдаған. Ауылдың шаңдақ жолын бұрқырата жүгірген қараторы бала жастайынан желаяқ атаныпты. Арада жылдар өтеді. Ғұсман әскер қатарына шақырылып, алыстағы Молдавия жерінде азаматтық борышын өтейді. Оның хас саңлақ, нағыз спортшы ретінде танылған кезі осы кез еді.

Олимпиада медалін тұңғыш иеленген қазақ.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірді.

Жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.

4×100 метрлік эстафеташылар жарысынан Рим Олимпиялық ойындарының күміс жүлдегері (1960).

КСРО чемпионатының 4х 100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1960).

100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Днепропетровск, 1966).

КСРО – АҚШ спортшылары матчындағы 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1965).

1967 жылдан жаттықтырушылық қызметпен айналысып, 1968 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері « атағына ие болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қосанов құрметіне арналған жеңіл атлетикадан “Қосанов Мемориалы” атты халықаралық жарыс 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қазақтың тұңғыш олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосанов 1993 жылы 17 маусымда Алматы қаласында қайтыс болды.

 

Әдебиеттер:

  1. Шығыс жұлдыздары: энциклопедиялық анықтамалық. Т.2. – Астана: Фолиант, 2011. – Б.22
  2. Жолымбетов Ө., Құлназаров А. Қазақстан-спортщылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009. -Б.397
  3. Нәсенов Б. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі. Т.3, 4-ші кітап. – Абыралы – Сұңқарлары, 2002. – 758 б.
  4. Шиманбаев С. Олимпиада оттары: Афиныдан Москваға дейін. – Алматы: Қазақстан, 1980. – 138 б.
  5. Қазақ олимпиадашылары. Спорт саңлақтары. Т.1 / құраст. Р. Қыдырбек. – Астана: Ер-Дәулет, 2009. – 558 б.