12Тұяқбай Алпысов 1919 жылғы, Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. Ол кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының ұлтқа жасалған геноциді – ашаршылықтан жаппай қырылып жатқан халықты көзімен көрді. Балалықтың дәмін сезбестен, ерте есейді. Майқайың алтын кен орнында қаршадайынан еңбек етіп, 1939 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскери комиссариаттан шыққан эшелон Мәскеудің түбіндегі Иваново қаласына жеткізіліп, үш айдан соң Грузияға жіберілді. Мұнда Тұяқбай Алпысов армиялық көлік жүргізушісі болып тағайындалып, тиісті курстан өтті. Авибөлімде ұшақтарға қызмет етті. Жанар-жағармай, арнайы техника, құрал-сайман мен жабдықтарды да тасыды.

1940-шы жылы көктемде кеңес-фин соғысы аяқталғанымен, әлемдік тарихтың барысын түбегейлі өзгерткен екінші дүниежүзілік соғыс басталды.  Қарт жауынгер Тұяқбай Алпысов кеңес-фин соғысын және Ұлы Отан соғысын басынан аяғына дейін өткерді. Алты дөңгелекті «ЗИС-6» жүк көлігін басқарып, Украинадан Венгрияға дейін барлық майдан жолдарын жүріп өтті
1941 жылдың соңында 3-ші Украина майданына түскен Тұяқбай Алпысов прожектор батальонына бөлінді. Түнде үлкен прожектормен жабдықталған автомобильдің көмегімен жаудың әскери техникасын көз қаратпай, ұшақтарды тапты. Әрі артиллерия мақсатын анықтады. Тұяқбай Алпысов үлкен алты дөңгелекті «ЗИС-6» жүк көлігін басқарды. Жаппай халық шаруашылығының «ЗИС-5» жүк көлігінің негізінде жасалған кеңестік төрт тонналық машина 1930-шы жылдары Қызыл армияның және Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінде ГАЗ-ААА көлігінен кейін екінші орынды иеленді. Тек 1933-ші жылдың желтоқсан айы мен 1941 жылдың 15 қазаны аралығында И.В.Сталин атындағы автомобиль зауытында «ЗИС-6» жүк көлігінің 21 239 бірлігі шығарылған екен.

Қазақ жауынгері Studebaker Corporation автомобиль фирмасы 1941-1945 жылдар аралығында көптеп шығарған Studebaker US6 жүк көлігін де тізгіндеді. Одаққа ленд-лиз бойынша жаппай жеткізілген транспорт құралы сол уақыттағы кеңестік жүк көліктерімен салыстырғанда кез-келген жерден қиындықсыз өтетіндігімен және жүк көтергіштігімен ерекшеленді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Studebaker US6 жүк көлігінің 100 мыңға жуығы КСРО-ға, қалғаны өзге одақтастарға, негізінен Франция мен Ұлыбританияға жеткізілді. Әлгінде айтып өткен үлкен алты дөңгелекті «ЗИС-6» жүк көлігімен Тұяқбай Алпысов Болгария, Румыния, Чехословакия, Венгрия жеріндегі және Австрия астанасы – Вена қаласындағы шайқастардың бел ортасында жүрді.

Қарулас жолдастарының өлімін, неміс-фашист басқыншыларының қатыгездігін, суық пен аштықты да басынан кешті. Алайда, оның ешқайсысы бір тудың астына біріккен сарбаздардың жауынгерлік биік рухын сындыра алмады. «Мен Кеңес Одағының маршалы, әйгілі қолбасшы, төрт мәрте кеңес Одағының Батыры Георгий Константинович Жуковты екі мәрте көрдім. Ол ең күрделі ұрыстарда солдаттардың жанынан табылып, күш-қайрат берді. «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етігімен су кешер» деген ғой дана халқымыз. Шетіне жау тиген елді қорғауға шыққан біздердің алдымызда үлкен бел жатқанын баса айтты.

Гитлерлік фашизмнен Отанымызды қорғауға міндетті екенімізді жүктеді. Жігерімізді жаныды, намысымызды қайрады. Сұм соғыс әлі күнге дейін көз алдымда. Еске алудың өзі де қорқынышты», деген еді соңғы сұхбатында ардагер. Тұяқбай Алпысов отбасымен 1945-ші жылдың 9-шы мамырында Жеңіс жеткенімен, Тұяқбай Алпысов отбасына бір жылдан соң ғана оралды. Семейдегі туған-туыстарына көшіп келіп, Хатима Шәкірқызымен өз жанұясын құрды. Бүгінгі күні жеті баладан 20 немере, төртінші ұрпақтан 38 шөбере бар. Әулеттің анасы 1994 жылы дүние салды. Ал, талай қырғынды басынан кешірген Тұяқбай ақсақалға Жеңістің 71-ші көктемін көру бұйырды. Алайда, Жеңістің белгісі, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып тұрған тірі тарих 97-ші туған күнін атап өтуге бір күн қалғанда бақилық болды. Қалай десек те 1941-1945 жылдар – біздің халқымыздың биік рухын, ерлігі мен қахармандығын күллі әлемге танытқан кезең. Соғыс жылдары бұрынғы Семей облысынан майданға 100 мыңға жуық адам аттанды.

Семей өңірінде 330-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының, 8-ші атқыштар дивизиясының және бірқатар әскери бөлімдердің негізі құрылды. Семейлік 53 адам Кеңес Одағының батыры атанды. 12 адам үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, 30 мыңнан астам қандасымыз орден-медальдармен марапатталды. Майданға кеткен 100 мыңға жуық семейліктің тең жартысы еліне оралмады. Бұл жерлестеріміздің әрбір екіншісі ұрыс даласында шейіт болды деген сөз. Өкінішке орай, соғыс ардагерлерінің қатары да жыл сайын сиреп барады. Мәселен, 2010 жылы Семей өңірі бойынша Ұлы Отан соғысының 386 куәгері бар еді. Бүгін бар-жоғы 72 ардагер қалды. Семей қаласы әкімінің шешімімен 2015 жылы 8 мамырда Алпысов Тұяқбайға Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

 

Әдебиеттер:

 

Мырзаханов А. Майдан шебіндегі жеті жыл:  Соғыстан қайтқан солдаттар // Семей таңы. – 2015. – 27 қаңтар. – Б. 1

Құсайын М. Үш майдангер – “Құрметті азамат” // Семей таңы. – 2015. – 12 мамыр. – Б. 1