Шевченко Александр АлексеевичАлександр Алексеевич Шевченко 1927 жылы Украинада дүниеге келген. Қазақстанға жедел әскери қызметке шақырылып, іс-әрекеттегі полигонда төрт жыл қызметте болады. 1951 жылы әскерден қайтып, Семей қаласында тұрып, еңбек етеді. Семей ядролық полигоны мен Чернобыль – Украина тумасы шығармашылығының басты тақырыбына айналды. Александр Шевченконың «Семей ядролық трагедиясы» циклының суреттері «Адам үлесі» деген жалпы атаумен біріктірілді.
Украиндықтардың Қазақстанға қоныс аударуы, екі халықтың достығы, қазақ халқының тарихи кезеңдері – суретші шығармашылығынан айрықша орын алған. Оның қаламынан Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уалиханов портреттері туған.
А.Шевченко 40 жылдан астам уақыт бойы графика, сурет өнерімен шұғылданып, оның туындылары Вена, Париж, Брюссель, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Алматы қалалары мұражайларында көрмеге қойылған.
2001 жылғы 15 тамыздағы Украина Президентінің Жарлығымен А.А. Шевченкоға «Украинаның еңбек сіңірген суретшісі» атағы беріледі. Шебер Тарас Шевченкоға арнаған еңбектерін соның есімімен аталатын мұражай-қорыққа табыс етеді. Ол «Семей ядролық трагедиясы» циклынан 45 суретін Невзоровтар отбасы есімімен аталатын мұражайға сыйға тартады.
1997 жылдың 18 маусымында Александр Алексеевич Шевченкоға Семей қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Әдебиеттер:

Асылжанқызы П. Суретші Шевченко // Семей таңы. – 1998. – 10 қыркүйек.
Мұхамедова Р. Сұлулыққа табынған // Семей таңы. – 2002. – 28 маусым. – Б. 3.