Аким Иванович Атмачиди 1937 жылдың 22 қыркүйегінде Краснодар өлкесінде жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын 1958 жылы құрылыс техникумын аяқтағаннан кейін «Семсовнархозстрой» Трестінің КСЖБ – 3 бетон торабының шеберінен бастаған, кейіннен Жамбыл технологиялық институтының экономикалық факультетін сырттай тәмамдайды. Өндірісте үзіліссіз еңбек еткен 10 жылда қатардағы шеберден КСЖБ-1 құрастырмалы темірбетон цехының директорына дейін қызмет жолын жүріп өтті.
1986 жылы ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында құрылған, құрамына 2 комбинат, 3 зауыт және жөндеу құрылыс басқармасы кірген базалық кәсіпорын – Құрастырмалы темір-бетон өндірісінің бірлестігін басқарды.
А.И.Атмачидидің басшылығымен бірлестік 4 бесжылдық барысында КСРО бойынша ең үздік бірлестік деп танылып, жалпыодақтық Құрмет тақтасы мен Республиканың Алтын кітабына енгізілді. 1995-2002 жылдар аралығында «Семей» қаржы-өнеркәсіп тобының президенті болып сайланды. Кейінгі уақытта ҚТБӨБ басқармасының төрағасы болды. Ол кісінің бұрынғы Семей облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, республиканың құрылыс индустриясына қосқан үлесі өлшеусіз.
Ірі құрылыс бірлестігінің басшысы ретінде қызмет атқара отырып, қайта құру кезеңдеріндегі қиын жағдайларда Аким Иванович өзінің дарынды жетекші, ұйымдасытрушы, нағыз патриоттық қасиеттерін көрсетіп, қашанда жұмысшылардың мүддесін бірінші орынға қоя білді. Көптеген замандастары мен соңынан ерген кейінгі буынға беделі зор тәлімгер бола білді. Өзімен бірге жұмыс істеп, өзін танығандардың үлкен құрметіне ие болды. Қызмет жолындағы жоғары табысы, сіңірген еңбегі үшін А.И. Атмачиди екі рет «Құрмет» белгісі ордені, «Халықтар достығы» ордені, «Октябрь революциясы» ордені, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің грамотасымен екі мәрте марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» жоғары атағын иеленді.
1995 жылы Қазақстан Республикасының жоғары ерекше наградасы – «Халық Қаһарманы» атағы Алтын жұлдызы берілді. Аким Иванович үлкен қоғамдық жұмыстармен де айналысты. ҚазКСР Жоғары Кеңесінің екі шақырылымының депутаты, Халық депутаттары Кеңесінің облыстық және қалалық депутаты болып бірнеше мәрте сайланды. Ол Қазақстан Республикасының халықтары Ассамблеясының мүшесі болды.
1997 жылы қыркүйек айында А.И.Атмачидиге «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Өмірі кейінгі ұрпаққа өнегелі азамат 2013 жылы дүниеден озды.
Әдебиеттер:
- Аким Иванович Атмачиди // Семей таңы. – 2013. – 18 қаңтар. – Б. 7
- Атмачиди А. // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары. – Алматы: «Арқас», 2005. – 220 б.
- Жанатұлы Е. Азаматтың ардақтысы еді // Семей таңы. – 2014. – 7 қаңтар. – Б. 5
- Жанатұлы Е. Ғибратты ғұмыр кешкен жан: Халық қаһарманы Аким Атмачиди жайлы естелік // Семей таңы. – 2013. – 19 ақпан. – Б. 3
- Жолымбет Қ. Атмачиди атындағы дәрісхана ашылды // Семей таңы. – 2015. – 25 қыркүйек. – Б. 2