Баиров Қамкетай Дүйсекенұлы (1926)

9Ерлік істері өнеге ардагер Қамкетай Баиров  1926 жылы Жарма ауданында дүниеге келген. Қамкетай ақсақал балалықтың балдәурен шағын ұмытып, колхоздың жұмысына бұғанасы бекімей жатып араласты. Қабырғасы қайыса, қанаты қатаймай жатып майданға аттануға бел байлайды. Бұл 1943 жыл болатын. Ол кезде Отанын фашистерден қорғауға бел буған бозбаланың жасы 17-ге жаңа толған-ды. Сол себепті Қамкетай Баиров бірден майдан шебіне алынбай, Балтық теңізіндегі Кронштадт портына бес айға оқуға жіберіледі. Оқудан соң Балтық теңізіндегі «Актубе» кемесіне жіберіледі.

«1943 жылы 17 жасымда өз еркіммен соғысқа сұрандым. Алдымен фашистермен кескілескен ұрыс жүріп жатқан Ленинградқа жіберді. Ол кезде Ленинградты немістер атқылап жатыр екен. Атыс біткеннен кейін барып, қайда баратынымды сұрады. Мен өзімнің теңізші болғым келетінімді айтып, оқуға жіберулерін сұрадым. 1943 жылы қазан айынан Балтық теңізіндегі Кронштадт портына жіберді. Ол жерде бес ай оқу – жаттығудан өттім. Одан кейін «Актубе» кемесіне жіберді. Сол жерде ағылшынның 20 мм. пушкасы бар екен. Сонда нысанашы болуды үйрендім. Кейін сол кемеде нысанашы болып соғыстым, – деп есіне алады ақсақал.

Бір соғыста Қамкетай ақсақал майдандастарымен неміс кемесінің бірін суға батырады. Кейін сол ерлігі үшін «Адмирал Нахимов» медалімен марапатталады. Кейін олардың кемесі Эстония астанасы Таллинге ауыстырылады. Ленинград шайқасын да көрдік. Ол жерде көптеген қиыншылықтар болды ғой. Немістер қоршап алып, азық жібермей, қанша халық қырғынға ұшырады. Ұшақ, теміржол, көлік атаулыны кіргізбей, барлығын атып түсіріп жатты. Ол жерде Ладожский көлі болды. Сол жолмен халыққа азық-түлік жеткізіліп тұрды. Сонда адамдар көшеде келе жатып өліп қалады. Машинамен келіп жинап, ортақ бейітке апарып техникамен жаба салатын. Жерлейтін уақыт та жоқ. Соғыс біткеннен кейін де, теңізді тазартумен айналыстық. Немістер судың астынан мина қойып қояды. Жел соққанда, кеме қозғалып, минаға тиіп кетсе, күлің көкке ұшады. Кемеде жалғыз қазақ мен болдым, – деген Қамкетай ақсақал неміс кемесін суға батырған сәтін күрсініп есіне алды.

Майдангер соғыс аяқталғаннан кейін де, бес жыл әскер қатарында болып, қызмет жасаған. Ардагер «ІІ дәрежелі Отан соғыс», «Еңбек ардагері», «Адмирал Кузнецов» ордендерімен және «Украинаны қорғағаны үшін», «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің» мерекелік медальдарымен марапатталған. Қамкетай Баиров елге оралғаннан кейін теміржол стансасында қызмет етті. Бүгінде ақсақал құдай қосқан қосағы екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, олардан 7 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Келер жылы тоқсанның төріне шығатын ардагер, бейнеттің зейнетін көріп, бейбіт заманның куәсі болғанына риза екенін айтады.

2015 жылы 8 мамырда Семей қаласы әкімінің шешімімен Байров Қамкетайға  «Семей қаласының Құрметті азаматы»  атағы берілді.

Әдебиеттер:

 Мырзаханов А. Кемедегі жалғыз қазақ // Семей таңы. – 2015. – 17 қаңтар. – 3 б.