66Теміржан Базарбаев – Алматы облысы Алакөл ауданының Жалғызағаш ауылында 1935 жылы 13 наурызда дүниеге келген. Болашақ композитор музыкалық білімнің алғашқы әліппесін К.Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінде ашып, кейіннен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында профессор Қ.Х.Қожамияровтың класында оқуын жалғастырады.

1961 жылы жоғары оқу орнын бітірген жас маман киелі Семей жеріне аяқ басып, өнер ордасы М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесі теория бөлімшесінің меңгерушісі әрі оқытушысы болып қызмет атқарады.

1979-1982 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының Ертіс бойы бөлімшесін басқарды. Сазгер талантының гүлдене түсуі де осы тұс. Оның қаламынан әртүрлі шығармалар –опера мен симфониялар, концерттер, кантаталар, сюиталар туады. Айрықша мелодизм, жаңа көркемдік тәсілдер, ерекше оркестрлеу – оның музыкалық тілінің ең басты қасиеттері.

Композитор шығармашылығының басты бағыты – вокалды-аспапты шығармалар. Дәл осы бағыт пәлсапалық қорытылған образдарды жүзеге асыру үшін, күшті эмоцияларды беру үшін кең жол ашты.

Композитор шығармашылығында Отан жайында, туған өлкенің әсемдігі мен халқының тарихы сияқты азаматтық тақырыптар басты орын алған. Атап айтқанда, «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер», «Ауылым» әндерімен қатар, «Отан таңы», «Семей жастары», «Қалың елім, қазағым,қайран жұртым», «Белгісіз солдат анасы«, «Курган бессмертия», «Шалқыма», «Әнсіз қазақ болмаған», «Қазақстан», «Мен-коммунистпін», «Қазақстаным-өз елім», «Ұлы достық» т.б. дүниелері қазақ музыкасының асыл қорлары. «Дала» ораториясында жас мемлекет – Қазақстан Республикасының қалыптасуы туралы баяндайды. Полигон тақырыбы да сазгер назарынан тыс қалмады, оған арнап «Қара дала» әнін жазды.

Рухы асқақ Семей елі –сазгердің екінші туған жеріне айналды, мұнда ол жарты ғасырға жуық өмір сүріп, табысты еңбек етті. Қаланың мәдени өміріне белсене араласып, ақын-жазушылармен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды.

Теміржан Базарбаев – арнайы білімді, теориялық сауатты, әлемдік музыкадан мол хабары бар өнер иесі. Ол педагогтық қызметті де абыройлы атқарды. Өте тәжірибелі және кәсіби деңгейі жоғары оқытушы Т.Базарбаев танымал сазгерлер Ж.Дәстенов пен М.Рахымбаевты тәрбиелеп, білім берді. Сонымен қатар, талантты жастарды анықтауға атсалысып, көбіне өзінің шығармашылық жолын табуына көмектесті. Қ.Досымжанов, М.Жанболатов, К.Өлмесеков, А.Ахметжанов, Ш.Әбеновтің пікірлестері, сырластары, шығармашылық қуаныштарын бірге бөлісті.

Баспадан жарық көрген «Қаздар қайтқанда», «Ақбаян» жинағына енген отыздай әндері мен романстары енгізілген. Т.Базарбаевтың Т.Молдағалиев, Н.Шәкенов, Ж.Молдағалиев өлеңдеріне шығарған «Жаңа жерлер», «Қазақстан» т.б. шығармалары  қазақ ән дәстүрінің тағы бір жаңарған құбылысының жемісі. Сазгердің домбыра мен өзге аспаптардың қосылуымен шығарған терме-толғаулары қазіргі музыкаға қосып отырған жанр жаңғыртудағы тың үлесі.

Педагог, сазгер Теміржан Базарбаев Қазақстанның музыка мәдениетіне қосқан үлесі үшін Қазақ ССР-нің Жоғары Кеңесінің грамотасымен, Семей, Павлодар облыстық партия комитеттерінің грамотасымен марапатталды. 2005 жылдың қыркүйегінде «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы  берілді.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Базарбаев Т. Ауылым: Әндер жинағы. – Семей: Талант, – 151 б.
  2. Базарбаев Т. Негізгі мақсатым – шәкірт тәрбиелеу // Ертіс өңірі. – 2003. – 7 тамыз. – Б. 27
  3. Базарбаев Т. Мұхтарым: (Сөзі А.Манабаевтікі) // Семей таңы. – 1977. – 24

сентябрь.

  1. Базарбаев Т. Мұхтар аға: (Сөзі Қ.Мұхаметхановтікі) // Семей таңы. – 1967. – 10

декабрь.

***

  1. Атантаев А. Асылды ардақтайық арадағы : (Өлең) // Ертіс өңірі. – 2005. – 7 сәуір.
  2. Жақып Е. «Ауылым» әндер жинағы шықты // Семей таңы. – 2005. – 21 қазан.
  3. Жанияров О. Жан дүниесі тұнған ән: (Т.Базарбаевтың шығармашылығы туралы)

// Семей таңы. – 1995. – 21 қараша.

  1. Иманғали М. Ән ұялаған жүрек Теміржанын сағынып жүр // Дидар. – 2010. – 11

наурыз. – Б. 7

  1. Қамбаров Ж. Жүректерге жол тапқан әндер шырқалады // Семей таңы. – 2009. – 4

маусым. –  Б. 4

  1. Кәрібжанов О. Біртуар Базарбаев. Өнер тарланы // Ертіс өңірі. – 2010. – 10

наурыз. -Б.13; // Семей таңы. – 2010. – 8 сәуір. – Б. 3 ; // Қазақ әдебиеті. – 2010. – 4 маусым. – Б. 5

  1. Кәрібжанов О. Студенттеріміздің келешегі жарқын боларына еш күмәніміз жоқ //

Семей таңы. – 2010. – 17 маусым. – Б.4

  1. Кәрібжанов О. Педагог, композитор // Дидар. – 2005. – 19 наурыз.
  2. Кәрібжанов О. Әуез ордасы. – Семей, 2005. – Б.53-56
  3. Сейсенұлы Д. «Ауылым» әнінің авторы: (Т.Базарбаевтың 60 жылдық

мерейтойына орай) // Егемен Қазақстан. – 1995. – 21 желтоқсан.

  1. Сейсенұлы Д. “Ауылын” ардақтап, “Тамашамен” тамсандырған // Семей таңы. –
  2. – 25 наурыз. – Б.2
  3. Семей Теміржанмен де ерекше: (60 жасқа толуына орай) // Семей таңы. – 1995.

11, 14 наурыз.

  1. Төлеуханұлы Қ. «Ауылым» әнінің тарихы // Ертіс өңірі. – 2009. – 8 сәуір. – Б.13