Имаханов Бекен (1936)

Имаханов БекенБекен Имаханов 1936 жылы 20 қарашада бұрыңғы Семей облысы, Абай ауданында туған. 1955 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік факультетіне, белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың класына түседі. Қазақ сахансының белгілі тарландары С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Ш.Аймановтардың ойынын көріп, үлгі тұтқан ол оқуын бітірген жылы Ш.Аймановтың шеберханасында жүріп, М.Бегалиннің «Жерге қайтып оралу» фильмінде суретшінің бейнесін жаайды.
1959 жылы Абай атындағы Семей облыстық қазақ драма театрына жіберілген талантты актер бүгінгі күнге дейін осы шаңырақта жемісті еңбек етіп келеді. Алғашқы жасаған образдары Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясындағы – Әубәкір ақын, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» – Нияз, Р.Сейсенбаев пен Е.Обаевтың «Өзіңді тап» пьесасындағы – Әділет ақын, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы – Ақан рольдері актердің болашақта түрлі кесек тұлғалар галереясын жасауына алтын көпір болды.
М.Әуезовтің «Абай» драмасындағы – Абай, Т.Ибрагимовтың «Жаза – наза» пьесасындағы – Құнанбай тәрізді тарихи тұлғалардың психологиялық ерекшелігін ашу жолында жан-жақты ізденді. Сонымен қатар, ол фольклорлық шығармалардағы кейіпкерлер: Қобыланды, Кебек, Есен, Көтібар, Қодар, Бекежан, Ақан, Сауран сұлтан бейнелерін сомдап, ұлттық театр өнеріне зор үлесін қосты.
Б.Имаханов – ұлттық шығармаларындағы автор ойын, режиссер тұжырымын түсіне отырып, кейіпкерлеріне өзіндік қиялмен үн қосатын актер. Актердің музыка мен драманы қатар алып жүрудегі шеберлігі Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясында анық байқалады. Оның бекежанның бес бірдей ариясын айтудағы дауысы, озбыр характеріне сай келген.
Актер»Шәкәрімнің соңғы күзі» атты толық метражды кинофильмде Шәкәрімнің сом тұлғасын жасаса, М.Ибраевтың «Шәкәрім» пьесасындағы ағартушының сахналық-көркемдік тұлғасын үлкен шабытпен орындады.
Замандас келбетін жасауды назардан тыс қалдырмаған театр репертуарының ауыр жүгін көтеруде актердің еңбегі ерекше. О.Бөкейдің Түрксіб теміржол құрылысын негізге ала отырып, сол кездегі еңбекшілердің жанқиярлық ерлігін суреттейтін «Өз отыңды өшірме» пьесасында Таңатар ролін сомдаған Б.Имаханов кейіпкерінің мінез ерекшелігіне терең бойлап, оның ішкі жан дүниесін түсіне біледі.
Осындай түрлі мінездегі бейнелерді түрлендіріп, құбылта білген актердің тетар сахнасы мен кино эранындағы зор еңбегі бағаланып, 1969 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі», 1981 жылы «Қазақ ССР-нің Халық артисі» деген құрметті атаққа ие болады. Екі мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған ол «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Сахнада 50 жылдай уақыт өнер көрсетіп, 200-ден аса түрлі оюраздар мен алуан мінездерді зерделеп, зерттеген сахнагер «Театр – өмір, театр – өнер» деп өмір мен өнерді бөлмей келе жатқан театр тарланы әлі де шығармашылық сара жолдың көкжиегінде келе жатыр.
2004 жылы 18 қазанда еліміздің өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
2016 жылы 14 желтоқсанда қала әкімі Ермак Сәлімов еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында еңбек сіңірген ҚР халық әртісі Бекен Имахановқа «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлы медалін табыстады.

Әдебиеттер:
1.Имаханов Б. Естен кетпес естеліктер. – Семей: Интеллект, 2016. – 276 б.
2. Имаханов Б. // Қазақ мәдениеті. – Алматы: Аруна, 2005. – 274 б.
***
3.Ел ырысын еселегендер қандай құрметке де лайық // Ертіс өңірі. – 2016. – 14 желтоқсан. – Б. 1,7
4. Имаханов Б. “Театр -рухани жан серігім” // Абай. – 2014. – № 6. – Б. 62-67
5. Имаханов Б. Абай мен Ақан серіні қоятын режиссер қайда? // Ертіс өңірі. – 2006. -22 қараша. – Б. 8
6. Имаханов Б. Сахнадағы дүниелердің барлығы өмірден алынады // Дидар. – 2010. – 8 ақпан. – Б. 5
7. Исламбаева З. Семей сахнасының саңлағы // Мәдениет. – 2009. – № 2. – Б. 8-11
8. Мағжан А. Сахна саңлағы // Ертіс өңірі . – 2016. – 23 қараша. – Б. 9
9. Нұғманбекова Р. “Шәкәрім” медалі ақын бейнесін сомдаған майталманның төсінде // Егемен Қазақстан. – 2017. – 10 қаңтар. – Б. 6