Қадыр Тортайұлы Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында 1940 жылдың 9 қаңтарында дүниеге келген. 1957 жылы Ақсуат орта мектебін бітірді. 1957-1958 жылдары телефон желілерін бақылаушы, 1960 жылы Ақсуат байланыс торабында кезекші техник, 1960-1964 жылдар аралығында Ташкент электротехникалық байланыс институтын бітіріп, Семей қаласында радио хабар тарату дирекциясында аға инженер, 1965-1968 жылдары бас инженер қызметтерін абыроймен атқарды.
1968-1970 жылдары Кеңес әскері қатарында болды.
1973-1984 жылдар аралығында Семей облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасы бастығының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары, одан кейін үздіксіз 1997 жылдың мамырына дейін облыстық байланыс басқармасын басқарды. Осы жылдар ішінде Қадыр Тортаевтың басшылығымен Семей өңірінде байланыс ісі жоғары қарқынмен дамыды. Осы кездері Семей байланыс басқармасы бірнеше рет республикалық және Бүкілодақтық Социалистік жарыстың озаты деп табылып, ауыспалы Қызыл тумен марапатталды. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1989 жылғы 24 наурыздағы жарлығымен Қадыр Тортаевқа «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген байланысшы» құрметті атағы берілді.
1999 жылы «Семей қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Үздік байланысшының атын есте қалдыру мақсатында 2002 жылы Семейдің Радио техника және байланыс колледжіне есімі берілді.
Әдебиеттер:
Тортаев Қадыр // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары.- Алматы: Арқас, 2005. – 271 б.
Баймұқашұлы Н. Өнеге тұтар бір ғұмыр // Ертіс өңірі. – 2003. – 13 қараша. – Б. 16
Жақсыбаев Д. Жүрегі жылы жан еді // Ертіс өңірі. – 2004. – 30 желтоқсан. – Б. 16