n2

Абылайхан Қалқаұлы Асылбай – қолөнер шебері

Он саусағынан бал тамған Абылайхан Асылбай 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында, оның ішінде, Жаңатұрмыс кентінде өмірге келген. 1997 жылы ол құрылыста жұмыс істеп жүріп, краннан құлап, белін сындырып апғандықтан, үш жыл бойы төсек тартып жатуға мәжбүр болған. Кейіннен Абылайхан «еш қимылсыз төсек тартып жата берген жөн болмас, мүгедек болдым деп отбасына, туысқандарға масыл болмай, тіршілік жасауым керек» деген ойға келіп, өз бетінше еңбек  етуге бел буады.

2000 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сәнді өнер» кафедрасының профессоры Дәркембай Шоқпарұлымен танысып, алты жылдай шебердің мектебінен өтіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйренген.

Қазір Абылайхан Асылбай кез келген заттан қолымен тамаша бұйымдар жасайды.

Дулыға, сауыт-сайман, қару-жарақ, садақ, кіреуке – бұл қазақ батырының жабдықтары. Осындай жабдықтар Абылайхан Асылбайдың шағын «мұражайында» көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, жеке үйдің бір бөлмесінде. Бұл бұйымдарды ол өз қолымен қарапайым қолда бар материалдардан жасап шығарады. Жауынгерлердің сауыт-саймандарынан бөлек ол әйелдердің ұлттық әшекейлері мен тұрмыстық заттарын дайындап, кез келген темір бұйымға екінші өмір сыйлай алады. Материалдардың қатарында тіпті консерві банкілер де бар.

«Менің әкем, атам, арғы атам да осы қолөнермен айналысқан. Бұл біздің қанымызда бар, — дейді Абылайхан Асылбай. – Өкінішке орай, бұрын менде өнерге бос уақыт болмайтын. Жұмыс істедім, спортпен шұғылдандым. Сол күнге дейін… Бұл күнді қасіретті күн деп айта алмаймын. Мүмкін ол мен үшін бақытты күн де шығар. Өйткені мен ата-бабамның ісін жалғастырдым».

Бүгінде тағдырдың жазғанына төтеп берген хас шебер елге танымал. Себебі ол – өмірге деген құлшынысының арқасында қиындықты еңсеріп, еңбегі арқылы өнердің мұзартына шыққан жан. «Ұлттық өнерге деген ықыласым артты, анам терең күйзелістен алып шығып, өмірге деген құштарлығымды оятты» – дейді шебер.

Шығармашылығымен аймаққа кеңінен танымал ол Қазақстан шеберлерінің арасында өткен түрлі көрмелер мен конкурстардың жеңімпазы. Атап айтқанда,   2000 жылдан бастап «Қолданбалы көркемөнер саласындағы жетістіктері үшін», «Шексіз мүмкіндіктер» республикалық акциясында  «Жан-Шуақ» сыйлығымен, «Ұлы Дала жәрмеңкесі» сияқты көптеген республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың жүлдегері. Оның көптеген туындылары Қазақстан мұражайларының төрінен орын алған. Тіпті шетелдіктер де оның өнерін жоғары бағалауда. 2016 жылы «Даму» қорының грантына ие болды.

100 есім жобасына енген семейлік шебер – Абылайхан Асылбай  ұлттық қолөнердің қыр-сырын жас ұрпаққа үйрету жолында шәкірттер тәрбиелеуде.

 

Әдебиеттер:

Асылбай А. Рухымызға серпіліс әкелген еді  // Дидар. – 2012. – 27 қаңтар. – 6 б.

Бектасов Н. Қиындыққа мойымағандар // Семей таңы. – 2014. – 22 шілде. – 4 б.

Нұғманбекова Р. Қолөнерші Абылайханның арманы асқақ //  Дидар. – 2017. – 16 қараша. – 5 б.

Шалатайқызы Г. Шебердің қолы ортақ: Қолөнер шебері А.Асылбай туралы // Семей таңы. – 2017. – 25 сәуір. – 3 б.

Интернет ресурс:

Абылайхан Асылбай: Қазақстанның 100 жаңа есімі  //  http://100esim.el.kz/kz/bio/abilaihan_asilbai

Абылайхан Асылбай Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті // https://www.youtube.com/watch?v=04bg7ldWVVk

Жақып Е. Семейде Абылайхан Асылбай атты шебер тұрады // http://kaztrk.kz/news/qogam/page-6339-onerdi-dertine-daua-etken-sheber-68003

Нұғманбекова Р. Қолөнершіге қамқорлық //  https://egemen.kz/article/kolonershige-kamkorlyk

Семейлік А. Асылбай «Шығыс кәдесыйы» өңіраралық V қолөнер байқауының Гран-при иегері атанды // http://www.kazinform.kz/en/semeylik-a-asylbay-shygys-kadesyyy-oniraralyk-v-koloner-baykauynyn-gran-pri-iegeri-atandy-foto_a2781406