Олег Константинович Пименов – математик.
Ол ауырдың астымен жүріп үйреген жан. Ешқандай жоғары арнаулы математикалық білімі болмаса да, небір күрмеуі қиын есептерді шешуден тайынған емес. Тіптен, азамат атаулыға ғасырлар бойы жұмбақ болып келген Ферма теоремасын шешуге бел буған Олег осынау ребус-есептің шешімін табуға өмірінің 19 жылын арнаған екен.
Олег Пименов 1970 жылы суретші отбасында дүниеге келген. Анасы өмір бойы Семей ет комбинатында технолог болып еңбек еткен. Олегтің өзі болса, Семей қаласындағы № 14 мектепте білім алды. Шынын айтқанда, сол кездері мектеп мұғалімдері баланың бойынан математикалық қабілетті байқамаған.
-Біздің мектепте ешқашан математика үйірмесі немесе факультативі болған емес. Математикамен танысу мектеп бағдарламасы шеңберінде өтетін. Тек 12 жасқа келгенде оқушыларға арналған «Квант» математикалық журналын жаздырып алып, бұл ғылымды тиянақты түрде зерделей бастадым. Содан Ферма теоремасы туралы оқыдым. Әрине, 12 жасымда келешекте бұл тапсырманы өзім де күш жұмсайтынымды білген жоқ едім. Алайда, сол кездің өзінде-ақ мен Ферма теоремасының дербес шешімін ұсынатын адам атанғым келгені рас, – деп әңгімелейді Олег Пименов.
Сегізінші сыныптан кейін Олег медициналық училищеге түсіп, осы жерде математика жанашыры Вернер Ганефельдпен танысады. Білікті ұстаз Олегтің бойындағы ғылымға деген құлшынысты байқап, студентке сабақтан тыс тапсырмалар беріп, математикаға деген ынта-ықыласын одан сайын арттырады.
Алты жасында шахматпен танысқан ол күні бүгінге дейін бұл ойынды жанына серік етіп келеді. Математика бойынша жоғары білімі болмаса да, үлкен жетістікке адам. Математикада тіпті әлем ғалымдарының ақылы жетпеген, ескіден шешімін таппаған есептер бар. Олег Пименов сондай күрделі грек математигі Герон, германиялық Гаустың есептерін, Пьер Ферманың Ұлы теоремасын шешкен мықтылардың бірі. Өте күрделі саналатын Ферма теориясы тіпті мықты деген талай математиктерді есінен тандырған.
Математика тарихындағы ең күрделі осындай үш есепті шешкен талант 1999 жылы шахмат пен этюд құрастыруға қатысқан. Олег – 2006 жылғы Әлем чемпионатында 12-орынды иеленген дарынды шахматшы, көптеген шахматтық есептер мен этюдтердің авторы ретінде танылған азамат.
1637 жылы француз математигі Пьер Ферма «Арифметиканың» жолдарына: «хⁿ+yⁿ≠zⁿ жанында n≠2. Мен шын мәнінде осы сөйлемнің таңғаларлық дәлелін таптым, алайда жолақ тым тар болғандықтан оны сыйғызу мүмкін емес» деген фраза жазған. Міне, әйгілі математиктің дәл осы сөздерімен танысққаннан кейін Олегтің математикаға деген қызығушылығы басталды. Өкінішке қарай, бұл фразаның авторы дәлелін тағы бір жерлерге жазуды қиынсынса керек. XVII ғасырда математиктер n мағынасындағы есептердің сан түрлі дәлелін тапса да, тек 1995 жылы ғана Эндрю Уальс қана нақты жауабын шеше алды. Алайда бұл дәлел 130 бетті құрайды. Сол себепті де математика сүйер қауым кез-келген теореманың қысқа дәлелін іздейді. Олег Пименов өз нұсқасын ұсынды.
Қайтсе де, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасының ақтық кезеңіне өткен жалғыз математик ретінде танылған Олег Пименов – мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жан.
Мен ғылымдар патшасы саналатын математикаға деген адалдығымды дәлелдеп,
туған қалам – Семейімнің абыройын асқақтатуға үлесімді қостым деп ойлаймын, – дейді Олег Константинович.
Әдебиеттер:
Гуляева Е. Ферма теоремасын шешуге он тоғыз жылын арнапты: 100 жаңа есім // Дидар. – 2017. – 26 желтоқсан. – 8 б.
Интернет ресурс:
Олег Пименов: Қазақстанның 100 жаңа есімі // http://100esim.el.kz/kz/bio/oleg_pimenov