Семей, Алтай өңірінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, табиғатын, әлеуметтік экономикалық жағдайын, географиялық ерекшеліктерін, қазба байлығын зерттеп, осыларға байланысты өлкетану мұражайын ашқан, Семейде кітапхана ісіне араласқан, қажымай талмай еңбек етіп, өшпес із қалдырғандар ағайынды Белослюдовтар.
М.Әуезов өз естелігінде: “Николай Николаевич Белослюдовтың жарқын бейнесі алдынан өткен шәкірттердің жадынан ешқашан да ұмытылмақ емес. Бір ғана өз пәнін оқытумен ол тынбайтын. Оның әңгімелері ой қозғап, қиялыңа қанат бітіретін. Бұл кісінің дүниетанымы, ұстаған бағытының ізгілігі мен прогрессивті көзқарасы, әсіресе шәкірттеріне деген шексіз бауырмалдығы оны шын құрметтеуге себепші болатын…” дейді.
Виктор Николаевич Белослюдов 1883 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Аналары Варвара Васильевна ұлдарының кішкене кездерінен бастап дүниетануын молайтып, өлеңдер жаттатып, әр түрлі қызықты әңгімелер айтып, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді.
В.Н.Белослюдов 1889 жылы күзде 5-сыныптық қалалық училищеге оқуға қабылданды. Училище қабырғасында үздік оқып, сурет салуға үлкен ыңғай байқатады. Кейбір кездері Виктор Николаевич мұғалім орнына оқушыларға суреттен сабақ өткізген. Жас суретшіге қала училищесінің мұғалімі Василий Гаврилович Донскихтің ықпалы зор болған.
1894-1898 жылдары Виктор Николаевич жаңа ашылған ерлер гимназиясын үздік оқып, бітіреді. Гимназияда салған суреттері жоғары бағаланған. 1899 жылы Москва қаласындағы Строганов атындағы көркемсурет училилищесіне түсу Виктор Николаевичтің өмірінің ең жақсы кезеңдерінің бірі болды. Училище қабырғасында оқи жүріп ол Париж көрмесіне, Қазан қаласында өткен бүкіл Ресей көрмесіне қатысып, көрермендерді таң қалдырады. Бастапқы сыныпта Виктор Николаевич Москва қаласының Арбатында орналасқан Гоголь ескерткішінің авторы, мүсінші Н.А.Андреевтен білім алды.
Н.А.Андреевтің шақыруымен Васнецовтың “Георгий Победоносец” атты суретін үлкейтіп салады. Үлкейтілген сурет бойынша оны ойып, Третьяков галереясының кіре берісін әшекейлейді. Сол салған суреті әлі де осы галереяның негізгі кіре берісінде сақталған.
1906 жылы оқуын бітірісімен жас суретшіні таңғажайып болашақ күтіп тұрды. Училище әкімшілігі оны мұғалімдікке қалдырғысы келді, оған қызықты сапарлар қол бұлғады. Бірақ ол осының бәрінен бас тартып, туған жері Семейге ат басын бұрып, үйренген білімін туған өлкеге арнауға шешім қабылдады.
Виктор Николаевичті археология мен тарих қызықтырды. 1906 жылы ол өзінің мұражайын ашуды ойлайды. Мұражайды ашқан соң жоспарланған жұмыстарын жүргізе бастайды. Мұражай жылдан-жылға өсіп, құжаттар жинақтала береді. Жинақталған материалдар зерттеліп, бөлімдер бойынша сұрыпталады. “Сибирьский архив” (N3, наурыз 1913) журналында Белослюдовтардың мұражайы жайлы арнайы мақала жарияланады. Мақалада мұражайдың Семей өлкесін зерттеуде баға жетпес маңыздылығы айтылған.
1911 жылы Омбы қаласында өткен ауылшаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде “ғылыми бөлім” бойынша ағайынды Белослюдовтардың коллекциялық жинақтары күміс алқаға ие болды.
В.Н.Белослюдов Семей, Алтай өңіріне оқушылармен бірге ұзақ мерзімге, зерттеу барысымен саяхатқа шығып, көптеген картина, пейзаждар салып әкелген. Сол пейзаж, картиналар Алматы,Семей т.б қалалардың өлкетану мұражайларында сақталған.
Виктор Николаевич көптеген суретшілермен хат жазысып, олардан көне картиналарды өз ақшасына сатып алып, өзінің жазған картиналарымен алмасып, мұражайларынан сурет галереясын ұйымдастырған. Суреттер жинағы Кеңес Одағының бастапқы жылдарында біршамасы жоғалып, қалғандары Алматы, Санкт-Петербург және т.б қалаларда көркемсурет мұражайларынан орын алды.
Белослюдовтың әдебиетші-жазушылар арасында достары көп болған. Олардың сұрауымен шығармаларына иллюстрациялық суреттер салып берген. Жазушы Г.Д.Гребенщиков Зелинскийдің “Қырғыз” (қазақ) поэмасын поляк тілінен орысшаға аударып, оған Виктор Николаевич иллюстрациялық суреттер салған. Қазақ поэзиясына қызығып, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” дастанына иллюстрациялық сурет салды.
Талантты суретші В.Белослюдов жақсы ұстаз – ағартушы да бола білді. Өмірінің соңына дейін мұғалімдік қызмет атқарды. Виктор Николаевич өзінің шәкірттерінің сурет өнеріне деген қызығуын оята білді, шәкірттері сурет салумен құштарлықпен айналысты. Ол тәрбиеші ретінде шәкірттеріне үлкен ұстаз болды. Оқушыларына ешқашан жаза қолданбаған. Тәртіп бұзған оқушының дұрыс жолға түсуіне оның бірауыз сөзі ғана жеткілікті еді. Виктор Николаевич Белослюдов – халқымыздың мәдениетінің дамуына көп еңбек еткен жан, халқымыз олардың есімін әрдайым есте сақтайды.
Әдебиеттер:
Бейсенбаев М. Белослюдов Николай Николаевич // Абай. Энциклопедия / Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: Атамұра, 1995. – 154-155 б.
Шакарова Э. Туған өлке тарихын зерделеген: В.Белослюдов – 130 жыл // Ертіс өңірі.-2018.-24 қаңтар.-13 б.
Виктор Николаевич Белослюдов // http://imena.pushkinlibrary.kz/kz/iskzedy/952-.html