Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғабит Зұлхаров – 1937 жылы 23 қазанда Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Жарма ауданы «Қызыл жетек» ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді бітірген. Шыңғыстау баурайында туып, бала жасынан ұлы Абай, Шәкәрім, Ақылбай мен Мағауия сынды өлең, сөз зергерлерінің жыр-дастандарымен сусындап, қолына қалам алған шағында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен деректі шығармаларына ден қойып, тағылым алды. Зұлхаровтың зерттеуі Мұхаңның 1940 жылы мөрзімді баспасөз беттерінде жарияланған «Оның аты екінші» атты жол сапар очеркінен бастау алған. Бүгінде мұндай зерттеулерінің саны 200-дің үстінде.
Ұлы тұлғаны зерттеу жолында ащы тер төккен Қайым мен Кәмен ағаларындай болмаса да ізбасары бола білді. Ұлы жазушының 1933 жылы жарық көрген «Көктемнен бері», «Баймұхаметұлы – жолдас», «Товарищ Жанай» (1935 жыл), «Оның аты екінші» (1940 жыл), «Әр тынысың Отан дейтін күн бүгін» (1941 жыл), «Ворошилов атындағы колхозда» (1946 жыл), «Түркістан осылай туған» (1955 жыл) атты очерктерінің жазылу деректерін мұрағаттардан тауып, олар жайында танымдық мәні зор мақалаларын қазақ, орыс, ұйғыр, неміс және корей тілдерінде баспасөз беттерінде жариялатты.
Ол – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 1943 жылдың жазында, ұлы Абайдың 100 жылдығына дайындық кезінде, жол-жөнекей Аягөз қаласында үш күн болғаны жайында Семей облыстық «Екпінді» газетінде (02.07.1943 жылы) «Қазақстан жазушылары Аягөзде» атты мақаласын жариялаған Ә.Толғанбаевты іздеп тауып сұхбаттасуы, 10 жылға созылған ізденісі соңында, Мұхтар Омарханұлының 115 жылдығына орай, ол аялдаған үйдің қабырғасына 2015 жылғы 26 қыркүйекте ескерткіш тақта орнаттырды. Тағы бір жағымды жаңалық – ғұлама жазушының 120 жылдығына орай, Ғабит Зұлхаровтың «Әуезов және Аягөз» кітабы жарыққа шықты.
Екі тілде еркін қалам сілтейтін Ғабит қазақ даласында айдауда болған поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» атты тарихи маңызы зор кітабын орысшадан қазақшаға аударды. Ғабит Зұлхаровтың аудармасын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тіл мамандары «дербес аударма» деп танулары негізінде ҚР Әділ министрлігінің Санаткерлік меншік құқы жөніндегі комитеті авторлық құқығын бекітті. Сол кездегі Мәдениет министрлігіне қарасты Баспа және полиграфия жөніндегі департаменті А.Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай «Аударма» баспасынан Ғ.Зұлхаров аударған «Қазақ даласына сапарлар туралы жазбалар» кітабын шығарды. Қазақ даласында ширек ғасыр айдауда болған осы революционер атына Зұлхаров ұсынысымен Астанада, Семей және Аягөз қалаларындағы бір-бір көшеге Янушкевич атын берілді. Зұлхаровтың бастамасымен Янушкевич суреті басылған ашық почта карточкасы “Казпочтадан” шығарылды.
Ғабит Зұлхаров мұрағат деректерінде қазақ тарихымен сабақтас «Салқынбелдегі соктығыс», «Ақын Жазық кім?», «Құнанбай мея Сабырбай», «Аягөзге Достоевскийден келген хат», «Қыз көрелік», «Шоқанның Аягөзде болуы», «Джордж Семейде болған», «Еңлік-Кебек пьесасындағы Еспембет кім?» атты көптеге танымдық мақалаларымен рухани серпілістер туғызды.
Әдебиеттер:
1.Зұлхаров Ғ. Жер аударылушылардың жазбалары: А.Янушкевичтің “Қазақ даласына сапар туралы жазбалар” кітабының жарық көргеніне 150 жыл // Семей таңы . – 2012. – 17 қаңтар. – Б. 3
2.Зұлхаров Ғ. Семейде болған Джордж Кеннан: (“Сібір және сүргін” кітабының авторы жайында кейбір мұрағаттық деректер) // Семей таңы. – 2013. – 25 маусым. – Б. 4
3.Зұлхаров Ғ. Құнары мол құнды еңбек: тарихшы этнограф Құрбанғали Халидтың “Тауарих хамса” атты кітабының шыққанына 100 жыл // Семей таңы. – 2011. – 16 ақпан. – СБ 3
4.Зұлхаров Ғ. Шоқанның ізі қалған Аякөзде: Ш.Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына орай // Семей таңы. – 2010. – 24 қараша. – Б. 3
5.Зұлхаров Ғ. Жасампаз жыр – жәуhар жәдігер: Әйгілі “Қозы-Көрпеш-Баян сұлу” жырының тарихнамасынан үзік деректер. // Семей таңы. – 2007. – 8 наурыз. – Б. 4
***
6.Жұмабаев М. Тағылымы зор Ғабит аға // Семей таңы. – 2017. – 26 желтоқсан. – Б. 6