554Қасымбаев Жанұзақ Қасымбайұлы 1941 жылы 25 желтоқсанда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы Аягөз (Шұбартау) ауданы Баршатас селосында дүниеге келген. Жанұзақ Баршатастағы С.Киров атындағы орта мектепте білім алды. 1959 жылы Ж. Қасымбаев Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищесінің «Баян» бөлімінде өнер саласында білім алады. 1959 – 1960 жж. талантты жастың С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде тыңғылықты білімге тартылуы оның келешектегі ғылыми-педагогикалық деңгейінің жетіле түсуін мейлінше нығайтты.

Е.Бекмаханов, М.Ахынжанов, С.Кенжебаев, Г.Семенюк, М.Даришев, кейін тарих ғылымдарының докторы, профессорлар Ә. Такенов, С. Жақыпбеков, Т. Найзағарин сынды тарихшылардың дәрісі жас тарихшының кәсіпқойлық дәрежесіне біршама әсер етті.

Жанұзақ Қасымбаев Каир, Пекин, Дамаск, Стамбул, Анкара, Мәскеу, Ташкент, Душанбе, Минск, Напьчик, Бішкек, Архангельск сынды қалапарда өткен көптеген халықаралық семинарлар мен конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысты.

600-ге жуық мақалалардың авторы, Ж.Қасымбаевтың редакторлығымен 40 шақты монография, ғылыми жинақтар, оқу-әдістемелік басылымдар жарық көрді. Әсіресе, қазақ хандары (Кенесары, Айшуақ, Жантөре т.б.), XIX-XX ғасырлары басындағы қазақ-қытай керуен саудасы, қалалар тарихы (Семей, Ақмола) туралы терең мазмұнды, көлемді зерттеулері елімізде және шет елдерде жоғары баға алды. Оның жетекшілігімен 30-дан астам ғылым кандидаттары мен 2 ғылым докторы дайындалды.

ҚР Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, Ж.Қасымбаевтың «Семей қаласының тарихы (1718- 1917 жж.)» атты монографиясының жауапты редакторы К.Байпақов: «Ж.Қасымбаевтың 1970 жылы «Семей қаласының тарихы (1718-1917)» тақырыбында қорғаған кандидаттық диссертациясының жетекшісі Г.Семенюктің ұстаздық орны тым ерекше. Оның жас тарихшыны адамгершілік қасиеттерге баулыған еңбегі тіпті бір төбе. Осы кезден Ж. Қасымбаевтың шығармашылық ізденісінің басты бағыттары қалыптасты. Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск, Барнауыл, Новосібір, Орынбор, Астрахань, Элиста, Ташкент қалапарының бай мұрағат қорларынан жинастырылған, сұрыпталған құнды құжаттар негізінде 1983 жылы «Шығыс Қазақстан қалаларының қазақ ауылымен, орыс шаруа мекендерімен және іргелес мемлекеттермен қарым-қатынастардың орталықтары ретінде дамуы (XVIII ғ. 20-шы жылдары – 1917ж.)» атты тақырыпта қорғалған докторлық диссертациясы – тарих ғылымдарындағы жаңалық. Осы және кейінірек жарияланған басқа да зерттеулерінде тарихшы тұңғыш рет кейінгі феодалдық қоғамның ыдырай бастауы және капиталистік процестің алшақ отарланған өлкеде орын тебе бастаған жаңа құбылыстардың өзіндік ерекшеліктері хақында жаңа концептуалды теориялық қағиданы тұңғыш рет негіздеді», – деп көрсетті.

«Семей қаласының тарихы (1718-1917)» атты монографиясында автор Семей қаласының революцияға дейін Қазақстандағы ең ірі сауда орталығы болғанын, Ресей мен Қазақстанның, Батыс Қытай қалаларымен экономикалық қарым-қатынастарының дамуына үлес қосқанын, Семей қаласы өз заманының үздік өкілдері болған революционерлер мен демократтарға саяси мекен болған жер екенін және олардың қатысуымен осы қалада көптеген тарихи оқиғалардың болғанын зерттеді. Сауда ісімен қатар, қаланың мәдениеті мен халыққа білім беру, әлеуметтік – экономикалық дамуы және Семей Қазақстанның рухани орталығы болғанын, ұлылар мекені екенін мақтанышпен жазды.

Әсіресе, XIXғасырдың соңында Семей қаласындағы халыққа білім беру ісі қалай қарқынды дамығаны жайлы нақты деректермен келтірілген. 1883 жылы «Сибирская газета» басылымында: «Біздің қала оқу орындарына бай емес. Қалалық және приходское училищесі мен әйелдер мектептерінде ғана қажетті білім алатын еді»,- деп келтірілген. 1882 жылы қала халқының ерлері небәрі 24,8% ғана сауатты болса, әйелдердің 10,0% сауатты болды. Ерлердің 72,0% сауатсыз, әйелдердің 85,6% сауатсыз болды. Осы бөлімде, Семей қаласындағы халыққа білім беру ісімен қатар, мәдениеті де қарқынды дамығанын көреміз. Семейге саяси жер аударылып келген студенттер, орыс социал-демократтары және поляк революционерлері өздерінің қоғамдық, ағарту және ғылыми қызметтерін тоқтатпады, керісінше, жергілікті ғылыми және мәдени-ағарту ұйымдарының құрылуына белсене қатысты. Орыс демократтарымен бірге жергілікті көзі ашық қазақтар – Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлихановтардың белсенділігімен, сол кезде «Алаш» деп атын ашық атамағанымен, М.Дулатовтың «Оян, қазағы» Семейде қапай белсенді тарағаны, А.Байтұрсыновтың қайраткерлігі мен еңбектері жайлы мақтанышпен айтылған.

«1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы» бөлімінде 1905 жылы қазан айында әртүрлі партияларға қатысты революционерлер тобы өздерінің «Семипалатинский листок» атауымен газеттерін шығара бастады. Сол газетте Семей пошта-телеграф кеңсесінің қызметкерлері наразылық шеруіне шықты. Әскери губернатор наразылық шеруіне қатысушылар мен олардың басшыларын қамауға алу туралы бұйрық берді. Осыған байланысты қаладағы көптеген кәсіпорындар мен гимназиялар наразылық білддіріп, уақытша жұмыстары мен оқуларын тоқтатуға тура келді», – деп жазды.

Жанұзақ Қасымбайұлының осы еңбегіндегі басты ерекшелік – өзі қазақша білім алып, қазақ ауылында өскен азамат бола тұра, өлкенің тарихын орыс тілінде жазуын басқа ұлт өкілдеріне түсінікті болуы үшін деп түсіндіреді.

Ғалым, тарих ғылымының докторы (1983), профессор (1984), Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі (1986, 1988), Қазақстанның білім беру ісіне еңбегі сіңген қайраткері (1990), «Парасат» орденінің иегері (1999).

Әдебиеттер: 

  1. Қасымбаев Ж. Қ. Қазақ ССР тарихы: 9-сыныпқа арналған оқулық. – Алматы: Рауан, 1990. – 97 б.
  2. Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 112 б.
  3. Қасымбаев Ж.Қ. Қазақстан тарихы (YVІІІ ғ- 1914 жж.): Орта мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Рауан, 1993. – 192 б.
  4. Қасымбаев Ж. Қазақстан тарихы (18 ғ.-1914 ж.): Орта мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. 5-ші бас. – Алматы: Рауан, 1998. – 208 б.
  5. Қасымбаев Ж. Абайдың орыс достары: архив қазынасынан // Білім және еңбек. – 1984. – №11. – Б. 37.
  6. Қасымбаев Ж. Құнанбай қажы: (Туғанына 200 жыл) // Жұлдыз. – 2004. – № 5. – Б.173-176.

***

  1. Әлжан Л. Семей тарихын зерттеуші: (Танымал, ғалым, профессор тарих ғылымдарының докторы Жанұзақ Қасымбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай) // Семей таңы. – 2015. – 18 тамыз. – Б. 6.

8.Мамырайымов С. Жасампаз ғалым: (Ж.Қасымбаевтың ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстары туралы)  // Қазақ тарихы. – 2006. – № 5. – 68-73 б.

  1. Мамырайымов С.Д. Жанұзақ Қасымбаевтың жас ұрпаққа тарихи бiлiм беру саласындағы қызметi // Отан тарихы. – 2005. – № 4. – 151-164 б.
  2. Мамырайымов С. Жанұзақ Қасымбаев //  Қазақ тарихы. – 2009. – № 2. – 23-26 б.
  3. Жанақова Н. Т. Ж. Қасымбаев – Семей қаласының тарихын алғаш зерттеген ғалым ҚР ҰҒА хабарлары = Изв. НАН РК. Сер. Общественных и гуманитарных наук. – 2013. – № 1. – 78-80 б.