4

1936 жылы 8 қыркүйекте  Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Жарма ауданы, Былқылдақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Дүйсенбі Омбыдағы кадет корпусында оқып, әскери фельдшер мамандығын алған азамат. ЖармаКөкпекті  аудандарында жаппай емдеу ісін ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды жұқпалы шешек, оба ауруларынан сақтап қалуға көп еңбек сіңірген. Шөптен дәрі жасап, дәріхана ашқан, суы мен батпағының емдік қасиеті күшті көлді тауып, санаторийлік емдеуді ұйымдастырған. Сол «Дүйсенбі көлі» қазіргі уақытта да халық емдеу ісіне пайдаланылып келеді.

Мұрат  Қалматаев 1959 жылы ҚазМУ (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті), 1967 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1965 жылдары  Көкпекті ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы, осындағы аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы болды. 1967-1975 жылы Семей облысы партия комитетінде нұсқаушы, партиялық-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1967-75), Қазақстан КП ОК-нің инспекторы (1975-80), Орал облысы партия комитетінің хатшысы (1980-83) қызметтерін атқарды.

1983 жылы республика ІІМ-нің жаңадан ұйымдастырылған саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалып, 1986 жылғы қарашада генерал-майор атағы берілді. Мұрат Қалматаевтың азаматтық тұлғасы осы жылғы желтоқсан айында Алматыда өтіп, Кеңес Одағының әміршіл-әкімшіл басқару жүйесін, отаршыл империяның шаңырағын шайқалтқан оқиғалар кезінде айқын көрінді. Ол көтерілісші жастар жағына ашық пейіл танытып, жазалаушы отрядтардың қимылдарын тежеуге, жарақат алғандарға медициналық көмек ұйымдастыруға барынша күш салды. Республика Бас прокурорына, Қазақстан КП ОК-нің 2-хатшысына кіріп, алаңда «заңсыздыққа жол беріліп жатқанын» айтып, бұл тағылықты тоқтатуды талап етті.

Әділдік жолындағы осы заңды әрекеттері үшін «өз қызметіне лайықсыз адам» ретінде дереу Ауғанстан соғысына жөнелтілді. Қалматаев 1988-89 жылдары Ауғанстан соғысында бірнеше жауапты операцияларға қатысып, басшылық етті. Майданнан аман-есен елге оралып, Семей облысы Ішкі істер басқармасын басқарды (1989-94). 1995 жылы ҚР ІІМ-нің кеңесшісі болып тағайындалды.

Қалматаев 12-13 сайланған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі комитеттің төрағасы болды. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет белгісі», «Қызыл Жұлдыз», «Халықтар достығы», «Отан күзетінде» ордендерімен, 8 рет КСРО және шетел медальдарымен марапатталған. Семей қаласының құрметті азаматы.

Ішкі істер қызметінің, ауған соғысының  ардагері, қоғам қайраткері  Мұрат Қалматаев  2016 жылы 16 маусымда дүниеден озды.

                                                          Әдебиеттер:

1.Даңқ.Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Б.Ө. Жақып.-Алматы: «Сөздік-Словарь» ЖШС, 2009. – 263 б.

2.Генерал Қалматаев // Ертіс өңірі. – 2016. – 14 желтоқсан. – Б.12-13

3.Қалматаев, М. Досым туралы толғаныс // Семей таңы. – 2012. – 16 қазан. – Б. 7

4.Мұрат Дүйсенбіұлы Қалматаев // Семей таңы. – 2016. – 24 маусым. – Б. 8

5.Омаш, А. Генерал шенді журналист [Ішкі істер қызметінің ардагері, қоғам қайраткері, отставкадағы полиция генерал-майоры Мұрат Қалматаев туралы] // Ертіс өңірі. – 2016. – 5 қазан. – Б. 11

6.Бүгін генерал Мұрат Қалматаев дүниеден озды // http://alashainasy.kz/alash/bugn-general-murat-kalmataev

7.Мұрат Дүйсенбіұлы Қалматаев // https://kk.wikipedia.org/wiki