4 маусым – Жазушы, драматург, қоғам қайраткерi

117Жазушы, драматург, қоғам қайраткері – Беков Орынбек Семей губерниясында қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданында ауыл батырағының отбасында туған. 1903 жылы оның үй іші Спасск зауытына көшіп барады. Екі кластық училищені бітірген соң, 1912 жылы зауытта түрлі қара жұмыстар істейді. Ақпан революциясынан кейін зауыттың саяси өміріне белсене араласады. Совдеп төрағасының орынбасары, еңбек бюросының төрағасы болады.

1919-1922 жылдары ревком төрағасы және жұмысшылар депутаттары Спасск зауыт советі мен БК (б)П Спасск аудандық комитетінің мүшесі, хатшысы қызметтерін атқарды. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы, одан соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1925 жылы БК(б)П Өлкелік Комитетінің шешімі бойынша Еңбек халық комиссариаты аппаратына қызметке ауысады. 1928 жылы Алматыда шығатын «Тілші» газетінің редакторы, ал 30-жылдары қазақ драма театрының директоры болды.
Әңгімелері мен өлеңдері республикалық газеттер мен «Жаңа әдебиет» журналының беттерінде жариялайды. 1928 жылы «Ұлы істің игілігі үшін» атты публицистикалық мақалалары, 1931 жылы «Советбике» повесі жеке кітап болып шықты.

Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезов бipiгiп «Қазақ мемлекеттік театрының жеті жылдығы» мақаласын жазды. Қазақстан Жазушылар Одағының тұңғыш съезінде ұлттық театр өнерінің хал-ахуалын жақсарту жайлы баяндаманы Орынбек пен Мұхтар жасады. Әділетті, шындықты айтты. Орынбек Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегін» дайындап, жарыққа шығарды.

Қазақ ауылдарын ұжымдастыру, Кеңес өкіметін орнату мәселесі автордың келесі туындыларынан көрініс тапқан: «Ұлы жолға бір қасық қан» (1926), «Талай қорлық көрдік-ау», «Жазықсыз жапа шеккендер» т.б. Қаламгер шығармашылығынан «Советбике» повесі өзінің тартымды сюжетімен, көркемдігімен ерекше орын алған.

1937 жылдың 30 мамырында Орынбек Беков тұтқындалып, 1938 жылғы 11 наурызда ату жазасына кесіледі. Орынбек Беков жазықсыздан жазықсыз кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болғандықтан, 1958 жылғы 20 наурызда СССР Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен толық ақталды.

Әдебиеттер:

1. Айтбаева А. Жазықсыз жапа шеккендер: [саяси қуғын –сүргін құрбаны О. Беков туралы] // Қазақстан – ZAMAN. – 2013. – 12 желтоқсан. – Б.8.
2. Беков О. Ауылды кеңестендiру деген не?. – Қызыл-Орда, 1928. – 24 б.
3. Беков О. Жалықпасаң жау жеңесiң; Үкiбас жалшы ақысын қалай алды?. – Қызыл-Орда, 1927. – 39 б.
4. Беков О. Керiмбек: әңгiме // Жаңа әдебиет. – 1930. – № 2. – Б.72-74.
5. Беков О. Советбике: повесть // Жаңа әдебиет. – 1929. – № 10. – Б.2-12; № 11.- Б.19-29; № 12. – Б 25-32; 1930. – № 2. – Б.19-27; № 6. – Б.10-13.
6. Беков О. Талай қорлық көрдiк-ау: әңгiме // Әйел теңдiгi. – 1928. – № 7. – Б.57-60.