rrҒарифолла Есім 1947 жылы 15 сәуірде (құжаттарда 8 мамыр) Павлодар облысы, Лебяжі ауданындағы Жалтыр көлінің шығыс жағалауындағы шағын ауылда дүниеге келді.

Ғарифолла Есімұлы  Семей өңіріне, Қазақстанға еңбегі сіңген азамат. 1966 жылы Семей мемлекеттік пединститутына оқуға келді. Студенттік жылдары мен жастық шағы осы қалада өтті. Осы қаладан  тамаша жолдастармен араласа жүріп, ұстаздар тәлімін көрді, шәкірттер тәрбиеледі.

«Егер осы тұлғаларға шәкірт болуға жарасам, мен оларды ұстазым деп санаймын. Алғашқы курстан бастап төрт жыл тәлім алған Қайым Мұхамедханұлы да менің ұстазым. Ол кісі мені жанынан екі елі қалдырмай алып жүрді, білгенін үйретті. Шындығында, әр адам ұстаз бола алмайды. Ұстаз болу үшін, ар тазалығымен қоса, адалдық керек. Ұстаз ешқашан өтірік айтпауы қажет. Қайым Мұхамедханұлы сондай адам болды»,- дейді Ғарифолла Есімұлы.

Өз ұлтының жанашыры, жаңашыл, танымал саясаткер, ойы ұшқыр, қаламы жүйрік публицист білім беру саласының негізгі бағытын айқындап, уақыт ағымы туындатып отырған өзекті мәселелерді тиімді шешудің жолдарын белгіледі, замануи тың идеяларды ортаға салды.

«Хакім Абай», «Абай туралы философиялық трактат», «Данышпан Шәкәрім», «Кемеңгер Мұхтар», «Тұлғалар-қаламгерлер»  деген кітаптары жарық көрді. «Хакім Абай» дүние жүзіндегі негізгі тілдерге аударылды.  Сондай-ақ, жекелеген шығармалары түрік, парсы тілдеріне тәржімаланған. Академиктің «Жар жағасында» философиялық новеллалар жинағы араб тіліне аударылып, Каирдың «Ұлттық аударма орталығында» 2009 жылы 50 мың таралыммен жарық көрген.

Бүгінде республика жұртшылығы оны көрнекті абайтанушы, қоғамның мәдени, саяси және ғылыми өміріне белсенді араласатын қайраткер, сонымен бірге Абай, Шәкәрім мұраларын зерттеуші деп біледі.  Академик Есім саяси, мәдениет және әлеуметтік өмір мәселелеріне арналған 500-ден аса публицистикалық, ғылыми-танымдық мақалалар мен кітаптардың авторы.

Философиялық проза жанрында жазылған “Таңсұлу”, “Күнә”, “Көсем-Көкжал”, “Бөгде сезім”, т.б. туындылары бар. Аударма саласында Әл-Кинди, ибн Туфейл, ибн Рушд, ибн Араби, әл-Ғазали, Халел Жебран, Мұхаммед Икбал сынды шығыс ойшылдарының шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқырмандар игілігіне айналдырды.

Семей қаласы маслихатының 2017 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есімге «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Еспенбетов А. Сегіз қырлы, бір сырлы  // Семей таңы. – 2007. – 3 мамыр. – Б. 4

Жарылғасынұлы М. “Менің досым Ғарекең…” атты жаңа туындымен таныстырамыз: (Кітап авторы Мақсат Жарылғасынұлының “Менің досым Ғарекең” атты кітабының үзіндісі беріліп отыр) // Ертіс өңірі. – 2017. – 15 наурыз. – Б. 7; Ертіс өңірі. – 2017. – Б. 11

Қайырбекұлы, А.  Абайтанушы философ  // Семей таңы. – 2003. – 18 шілде. – Б. 4

Омаш А. Ғұмыры ғибратты ғалым – 70 жаста // Ертіс өңірі. – 2017. – 31 мамыр. – Б. 7

Омаш А. “Құрметті азамат” атанды: Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала әкімі Е. Салимов “Семей Қаласының Құрметті” азаматы атағын беріп, төсбелгісін табыстады // Ертіс өңірі. – 2017. – 20 желтоқсан. – Б. 3

Сейсенұлы Д. Құрметті азамат атанды [Академик Ғ.Есім Абай ауданының құрметті азаматы атанды] // Семей таңы. – 2006. – 16 ақпан. – Б. 1

Төлегенқызы Ж. Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық: Тәуелсіздіктің 26 жылдығына орай «Семей қаласының Құрметті азаматы атағына» ие болған азаматтар марапатталды  // Семей таңы. – 2017. – 22 желтоқсан. – Б. 1

Ырысбекұлы А. Философия феномені: (Ғалым Ғ.Есімнің азаматтық келбеті туралы) / А. Ырысбекұлы // Семей таңы. – 2017. – 23 мамыр. – Б. 2