Кітапхана тарихы

img05 Қазақстандағы ең көне кітапханалардың бірі – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы. Мыңдаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген мәдениет ошағының шаңырақ көтергеніне ғасырдан артық уақыт өтті.
Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді. Себебі, Семей тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерінен маңызды орын алатын кітапхана тарихы ұлы ақынның есімімен тығыз байланысты еді.

XIX ғасырдың соңынан бастау алатын Семейдің қоғамдық кітапханасының іргесі 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 20 қыркүйек) саяси жер аударылғандар Е.П.Михаэлис, В.Н.Филиппов, М.И.Суворцев, С.С.Гросс заңгер А. Леонтьев, суретші П.Д.Лобановский қала тұрғындары-өлкетанушы Г.Колмагоров, И.Земляницын және басқа да зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен қаланған. Жаңа мекеменің ірге көтеретіні туралы газетке хабарландыру беріліп, оған қала әкімшілігі – шенеуніктер және шіркеу қызметкерлері, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, салтанатты жағдайда ашылу рәсімі жасалған.
Облыстық Санақ комитетінің қамқорлығымен қызметін бастаған көпшілік кітапхана жеке ғимараты болмағандықтан Комитет жалға алып отырған Большевладимир көшесіндегі (қазіргі Абай көшесі) И.Земляницын үйінің бір бөлмесіне орналасты. Е.П.Михаэлистің өтінуімен И.Земляницын ата-анасынан өзіне мұраға қалған үйін жалға берген болатын. Кітапхана мен мұражайды басқаруға құрамында Комитет мүшелері В.Н.Филиппов, М.И.Суворцев және қалалық училище мұғалімдері мен Санақ комитетінің секретарі Е.П.Михаэлис енген арнайы комиссия құрылды.

Жаңадан ашылған қоғамдық кітапхана жайлы саяси жер аударылған А.Л.Блэк былай деп жазды: «В областном статистическом комитете было со времени его возникновения собрана библиотека частью популярных, частью же специальных научных сочинений по географии, этнографии, археологии, статистике, естественным наукам (175 названий в 260 томах), а также до двухсот номеров ежемесячных журналов и значительного количества сырого материала в виде отчетов и протоколов различных ученых обществ, комиссий и т.д. В сентябре с.г. статический комитет решил сделать это книгохранилище общедоступным для публики. Так основалось общественная библиотека» Комитет құрастырған кітапхананы пайдалану ережесі бойынша оқырмандардан абоненттік ақы алынды.

Қоғамдық кітапхана мен мұражайдың ұйымдастырылуына Қытай үкіметінің 1867 жылы Зайсан уезіндегі Ресей азаматтарына келтірілген зияны үшін төлеген лажа өтемақысы көмек болды. Ол қаржы 1880 жылы Семей облысының жергілікті қажетіне жұмсау үшін Ішкі Істер Министрлігінің арнайы қорына құйылған болатын. Министрлік Семей қаласында кітапхана мен мұражай ұйымдастыру үшін 1883 жылғы сметасына сол қаржыдан 1500 сом ақша бөлді. Деректер аталған лажа қаржысынан кітапханаға 1200 сом, ал мұражайға 300 сом жұмсалғанын айтады. Сирек басылымдағы мәліметтер қаржы тапшылығы үнемі болғанын, іргесі қаланған мерзімнен бастап лажа өтемақысынан 1893 жылдың 13 мамырына дейін кітапханаға 10.075 сом 34 тиын жұмсалғанын көрсетеді. Мұражайға жылына 250-300 сом, ал кітапханаға шамамен 1000 сом қаржы жұмсалып отырған.

Семейдің қоғамдық кітапханасын ұйымдастыру үшін семейлік- Ф.П.Плещеев, С.И.Хабаров, павлодарлық – А.И.Деров, Красноярда бай кітапхананы қаржыландырып тұрған – Г.В.Юдин сынды ауқатты көпестер қаражат беріп, қайырымдылық көмек жасаған. Обылыс орталығы Семей қаласында кітапхана мен мұражай сынды мәдени мекемелердің құрылуы көпшілік қауымнан қызу қолдау тапты. Семей әкімшілігінің әскери губернаторы В.С.Цеклинский өз тарапынан Қала Басы В.В.Поляковқа жыл сайын смета тәртібімен 300 сом кітапхананың және 100 сом мұражайдың қажеті үшін, жиыны 400 сом қаржы босатуын өтініп сұрады. Өтінішті қанағаттандырып қала басшылығы 1884 және 1885 жылдары 200 сом, ал 1887-1889 жылдары 100 сомнан қаржы бөліп, одан кейінгі жылдары қаржы бөлуден бас тартқан.
Құрылған жылдың күзінде кітапхана ішінде Л.Н.Толстой, С.М.Соловьев, В.Ф.Одоевский, Н.П.Огарев, А.Н.Плещеев шығармалары бар Санкт-Петербургтен арнайы жаздырып алдырған әдебиеттерінің бірінші партиясын қабылдап алды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7