Өлке туралы жаңа басылымдар

Аханов Б. Жылдар сыры: өлеңдер жинағы. – Семей: «Крючков. А.», 2012. – 206 б.

Еңбек ардагері, ақын Бейсен Аханов «Қалбатау қызғалдақтары», «Көңіл толқыны» өлеңдер жинағымен оқырмандарға таныс.
Автордың «Жылдар сыры» атты үшінші кітабына Отан, туған жер, достық, махаббат, өмірдегі шындық оқиғалар арқау болған. Жинақта бір поэма бар.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Аханов Б. «Шашу» өлеңдер жинағы. – Алматы: «Халықаралық Жазушылар Одағы», 2015. – 111 б.

Бұл автордың қасиетті қаламынан туып, отырған бесінші жинақ. Кітап «Туған ел», «Ілтипат» және «Айна» атты үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімнен ақынның туған жерге, Отанға деген жүрекжарды жырлары топталса, екінші бөлімде адамгершілік, қарым-қатынас, тәрбие мәселелері, ал соңғы бөлімде лирикалық философиялық өлеңдері қамтылған. Жаңа туынды көпшілік оқырманға арналған.

Аханов Б. Көңіл толқындары. – Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2009. – 200 б.

Қарапайым тіршілік кешіп, әдеби ортадан алыста жүрсе де қаламын тастамаған ақынның жан дауысы, жүрек лүпілі, азаматтық көзқарасы оның өлеңдерінен айқын сезіледі. Бұл кітап автордың «Қалбатау қызғалдақтары» атты жыр жинағынан кейінгі оқырманға жол тартып отырған екінші кітабы.

Жәкішева З.С. Өзбекәлі Жәнібек тағлымы. – Алматы, 2011. -162 б.

Бұл еңбекте Қазақстан музей мамандарының Ұстазы, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, тарихшы-ғалым, музейтанушы-этнограф, мәдениет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің идеясы бойынша 1980 жылы ұйымдастырылып, шаңырағы көтерілген Қазақтың халық музыка аспаптары музейінің құрылу, қалыптасу және даму тарихы сөз болады. Сонымен қоса, музей жанынан қоғамдық негізде құрылған «Сазген» фольклорлы-этнографиялық көне аспаптар ансамблінің музей шаңырағындағы еңбек жолының алғашқы он бес жылдық шығармашылығы жайында. Музей – Орта Азия республикалары арасында алғашқы болып құрылса, дүниежүзі бойынша халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей аталып, әлемдік музейлер тарихында өз орнын айшықтады.
Кітап – арнаулы музыкалық жоғарғы оқу орындарының студент-жастарына, өнер- мәдениет қайраткерлеріне, тарихшы-этнографтар, мен зерттеушілерге, музейтанушылар мен музей-кітапхана қызметкерлеріне, аспаптанушы–шеберлерге және барша оқырман қауымға арналған.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлектану музейі археологиялық қорының каталогі. – Семей, 2017. – 256 б.

Музейдің алғышқы каталогтарының шығуынан кейін жүз жылдан астам уақыттан соң, Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай шығарылып отырған осы каталог археологиялық қордың және артефактар сақталуының кәзіргі жағдайынан хабардар етеді. Каталогқа мұражайда сақталған барлық артефактарды заман талабына сай реттеп, ғылыми жұртшылыққа толық көлемде ұсыну жұмыстары жалғаса түспек. Кітап археологтарға, мәдениеттанушыларға, өлкетанушыларға, тарих пәнінің мұғалімдеріне, студенттерге және Семей өңірінің тарихына қызығушылық білідіретін көпшілік қауымға арналған.

Сәрсеке М. Семей қасіреті. Деректі тарихи хикаят. – Астана: Фолиант, 2016. – 856 б.

Семей ядролық полигонындағы жарылыстарды өзі көзімен көрген жазушы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» кітабын деректі хикаят түрінде жазған. Ядролық полигоннан зардап шеккен халықтың жай-күйі, полигонды жабуға атсалсысқан тұлғалар жайында да осы кітаптан табуға болады. Жазушы қисапсыз көп жарылыс кімдер үшін, қазақ сахарасын сынақ алаңына айналдыруда қандай саясат болғандығы жайында, мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды деген ой-тұжырымдарымен бөліседі.

Имаханов Б. Естен кетпес естеліктер. – Семей: Интеллект, 2016. – 276 б.

Ұлылар туған асыл мекенде дүниеге келіп, ұлылықты пір тұтқан автор
Бүкіл өмірін сахнаға арнаған театр тарланының төлтумасында уақиға әу дегеннен-ақ өнер деген қасиетті ұғыммен бірге өріліп, сол үрдіс шығарманың өн бойында қабыса, үндестік тауып, актерлік шеберліктің шыңына шыққан тұлға бейнесі айқын көрінеді.
Ұлылар туған асыл мекенде дүниеге келіп, ұлылықты пір тұтқан автор туған жер, ата-ана, ағайын-туыс, өскен орта, өскелең ұрпақ алдындағы азаматтық парыз жайлы тартымды әңгімелейді. Өнерді қастерлеп, бойтұмары еткен сахна щебері өзі 60 жылға жуық үзіліссіз еңбек еткен киелі қарашаңырағы Семейдің Абай атындағы облыстық музыкалық драма театрының кешегі мен бүгінгісін ой елегінен өткізіп, әріптестер жайлы сыр шертеді.

Қалиақпаров Ш. Адольф Янушкевичтің ізімен: Тарихи очерк. – Семей: «Интеллект, 2008. – 106 б.

1846 жылы Омбыдан болыстыққа таласты шешуге арнайы комиссия келді. Ол Семейден Қақ ауылына барып, сонда мәжіліс өткізді. Оның құрамында А. Янушкевич те бар еді. Поляк халқының көрнекті демократ-революционері Адольф Янушкевич қазақ даласына сапарға шығып, осы сапарда көрген білгендерін күнделігіне түсіріп, хат арқылы еліне жолдап отырған. Оны әсіресе, қазақ елінің меймандостығы, әдет – ғұрпы, тілі, салт – санасы, ақындық, шешендік өнерлері қатты қызықтырды.
2003 –ші жылы құрамында осы кітап авторы бар топ А. Янушкевич жүрген ізбен өтті. Янушкевичтің жазғандары толықтырылып, сапар барысы туралы кітапта қызықты деректер келтірілген.

Әлімбетов С. Шығармалары. Анадан шыншыл туған Сапарғали: өлеңдер, поэмалар, айтыстар, естеліктер / Құраст. М. Иманжапар. – Семей, 2010. – 312 б.

Кітапқа оның алғашқы өлеңдер жинағына және кейін басылым көрген «Өлең гүл», «Жырмұра» жинақтарына енген туындыларымен қатар, ҚР ҰҒА Орталық кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазба қорларынан табылған, ел аузында жүрген, мұрағаттардан алынған бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары топтастырылды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7