Айтыскер ақын Дәмеш Серікбайқызы Омарбаева Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы  Қамысты  ауылында 1950 жылы  27  наурызда дүниеге келді. Семейдің Н.К.Крупская атындағы мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетің бітірген. Болашақ айтыскер өзінің қабілетін жастайынан-ақ байқаған. Бұған ықпал еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Қанипа Бітібаева еді. 20 жыл Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылында Тұрлықан Хасенұлы атындағы орта  мектепте мұғалімдік қызмет атқарған.

1985 жылдан бері Семей өңірінде айтыс өнерінің дамуына атсалысып жүрген ақынның биікке жеткен жетістіктері аз емес: 1985-1987 жылдары Алматыда өткен  респуликалық айтыстардың 1-орын иегері,  1989 жылы облыстық «Наурыз» айтысында 1-орын, Өскеменде өткен Сәрсен Аманжоловтың туғанына 90 жылдығына арналған республикалық айтыстың бас жүлдегері.

1990 жылы Алматыда өткен 3- республикалық Наурыз  айтысында, Жаркентте өткен аймақтық айтыста 1-орын жеңіп алды. 1991 жылы Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыста 2-орын алды.

1993 жылы Алматыда Ұлы үш биге арналған айтыста арнайы жүлдеге ие болып, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған айтыста жүлдегер атанды.

1996 жылы Семей қаласында «Халықтық» ақындар орталығын ашты.

Республикамызға танымал айтыс ақыны, талай-талай дүбірлі айтыстарға қатысып, намысты қолдан бермеген Сара апамыздың жолын қуған санаулы саңлақтарымыздың бірі. Жас талапкердің бойынан жылт еткен жақсылықты көрсе болды, соңынан шырақ алып жүріп іздеп, таптырып, болашағына бағыт-бағдар беріп, жол нұсқап жүретін ақынымыз бүгінде «Айтыс және жазба ақындары орталығының» жетекшісі,  қалалық Мәдениет орталығында тәлімгер ұстаз болып қызмет атқаруда.

Дәметкен Омарбаеваның шәкірттері бүгінгі күні Қазақстанға танымал. Олар: Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкірова, Әсем Жұмағазина, Дина Базылова, Нұржан Өмірбаев, Жалғас Зейнуллаев, Жасұлан Тәжиевтер.

Республикамызда ақындық өнер мен мәдениетті өркендетуге қосқан зор үлесі үшін Д.Омарбаеваға 2006 жылы  Қазақстан Республикасының  Мәдениет қайраткері атағы берілді. 2007 жылы Республикалық «Аламан» айтысында «Ең үздік бапкер-ұстаз» атағын жеңіп алды. ҚР Білім министрлігінің грамотасымен марапатталып (2004), Президент Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатына (2002) ие болды. 2011 жылы Президентіміз Н.Назарбаевтың қолы қойылған «Бірлік» алтын медалін  алды.

Әдебиеттер:

1.Омарбаева Д. Шығыс мінезі  // Семей таңы. – 2011. – 22 наурыз. – Б. 3.

2.Омарбаева Д. Ақындар орталығынан 120 ақын түлеттім // Дидар. – 2014. – 10 шілде. – Б. 8.

3.Омарбаева Д. Поэзия шырағы: [ақын Ф.Оңғарсыноваға арналған өлең] // Дидар. – 2014. – 3 ақпан. – Б. 5.

4.Омарбаева Д. Ғазал көктемім, жазар көктемім : наурыз кәде // Семей таңы. – 2011. – 22 наурыз. –  С. 3

5.Ахметбекқызы А. Жыр додасы //Семей таңы. – 2002. – 26 шілде.

6.Ахметбекова А.Ұшырған көкірегінен жырдың құсын: [ақынның 30 жылдық шығармашылығына орай] // Семей таңы. – 2002.- 12 шілде.

7.Дәмеш Омарбаева // Иманжапаров М., Зүкенов М. Жарма ақындары. -Семей: «Үш биік», 2010. – Б. 209-215

8.Зүкенұлы М. Дәмештің ақындық мектебінен шыққан талант көп  // Дидар. – 2011. – 14 қазан. –  Б. 7

9.Мұхаметқалиқызы   А.   Дәмештің мектебі – ертеңге дән  // Ертіс   өңірі. – 2004. – 16 қыркүйек. – Б. 11

10.Омарбаева Д. Тұлға // Семей таңы. – 2009. – 3 желт. –  Б. 1

11.Райыс К. Бала ақындар бапкері // Ертіс өңірі. – 2011. – 23 ақпан. – Б. 16

12.Семей     облысының   ақындары // Семей     облыстық     мәдениет басқармасы,1993. – Б. 16

13.Төкенқызы Н. Қалалық ақындар айтысы: [Д.Омарбаева жетекшілік ететін ақындар мектебі туралы] // Семей таңы. – 1999. – 18 қараша. – Б. З