«Бір ел – бір кітап» – 2017

Жыл кітабы – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары

7«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы комиссия мүшелерінің шешімімен «Жыл кітабы – 2017» таңдауына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды.

Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған.Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді. Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман деген молданың медресесіне түсіп, одан 2-3 жыл сабақ алады. Молданың ұрып – соғуына шыдай алмай, ол оқуды тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын сықақ етіп өлең шығарады. Ол 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен оқиды. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарды, газет – журналдарды оқуға дағдыланады. Өзінің білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесінде оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бала оқытудан бос уақытында, өз бетімен оқумен шұғылданады, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиетінің өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.

Іс-шаралар жоспары