Алаш ақиығы

32Халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткен, Алаш қозғалысының қайраткері, орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесінің мүшесі, қазақ ғалымдары арасынан математика ғылымы саласынан шыққан тұң­ғыш профессор, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Әлімхан Ермековтың туғанына 2011 жылы 25 мамырда 115 жыл толды.
Алаш идеясын берiк ұстаған қайраткер Әлiмхан Ермеков хақында бүгінгі ұрпақ терең біле бермейді.
Әлімхан Ермеков 1896 жылы 25 мамырда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысының № 1 ауылында дәулетті отбасында туған. Әкесі Әбеу Темірші болысы болған. Жергілікті патша әкімшіліктерінен талай мақтау алып, шекпен де киген.
Бала Әлімхан алғашында Қар­қара­лыдағы училищеде оқып, 1905 жылы Семей ерлер гимназиясына түсіп, оны 1912 жылы алтын медальмен бiтiргеннен кейiн Томскiдегi технологиялық институтқа қабылданады. Осы институтқа конкурстық негiзде қабылдану барысында Шоқан Уалихановтың досы Григорий Потанинмен танысады.
Қарт Потанин Әлімхан Ермековке ағалық ақыл беріп, оған: «Әлімхан сенің білімің – ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» – деп, үлкен үміт артқан көрінеді.
Сол кезде ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлімхан Ермековке мынадай өлең жолдарын арнаған екен:

Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,
Келеді екінші болып бұл ретпенен.
Қазақта мұндай жігіт көрмедім, – деп,
Ардақты қарт Потанин лепес еткен.
Томдағы инженерлік сабағында,
Жетеді бір жылдан соң тамамына.
Өткізбекші өмірін ілім үстінде,
Бір түрлі биіктік бар талабында.
Сөйлеп кетсе, қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң ту осылай, – дегізер жанның бәрін.
Адалдық, ақжүректік, ақтығына,
Бір ауыз қарсы айта алмай құрыды әлің.
Меніңше Ермеков – деген бала,
Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға.
Сөз, білімін сынайтын жер ілгері,
Әзір адал кісі ғой, жеке дара.

Томск технологиялық институтын денсаулығына байланысты уақытында аяқтай алмай, 1917 жылы аласапыран басталып, тек 1920 жылы Халық ағарту комиссары А.Байтұр­сыновтың арнайы мандатымен Томдағы оқуын жалғастырып, бітіріп шығады.
Ә.Ермеков алғаш рет саяси іске, алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адамдармен бірге съезд президиумының хатшы­лығына, онан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайлана­ды. Халел Ғаб­басов екеуі Семей об­лыстық атқару коми­тетінің төр­ағасының орынбасары болады. Осы жылы шілде айында жалпықа­зақ­тық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналы­сына депутаттыққа ұсынылады. Ал қазан айында 1-Сібір облыс­тық съезіне қатысып, жаңадан құрылған Сібір авто­но­миясының негізгі заңын жаза­тын комитетке қазақ делегаттары Ә.Ерме­ковті кіргізеді.

Әлімхан Ермеков туралы кезінде «Қазақ» газеті «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп зор баға берген екен.

Әлімхан Ермеков орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. Ол туралы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған «Бюллетень Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества Июль. №1. 1924г.» басылымында Әлімхан Ермековтың орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болғандығы және «Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества с 1-го октября 1924г., по 1-е октября 1925г.» басылымында Әлімхан Ермековтың орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесінің қаладан тыс мүше болғандығы жайында мәліметтер жазылған.

Алматы қаласында 2008 жылы жарық көрген Марат Ескендірұлының «Алаш Орда» министрлері» атты кітабында: «Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жан­қиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.И.Ле­нин­нің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық ко­миссарлары кеңесінің мәжілі­сінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баян­дама жасайды. Онда ол жер, Қа­зақ­станның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлел­дер­мен қорғап шығады. Нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Кас­пийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақы­рымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақы­рым­дық ұлан-ғайыр жер Лениннің ті­келей қолдауымен Қазақ еліне қайта­рылады»,- деген тарихи мәлімет бар.