2Халел Ғаббасов – Алашорда үкіметінің Семей облысынан сайланған мүшесі, Үкімет төрағасының орынбасары, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі, публицист, Алаш үні «Сарыарқа» газетінің кезектескен редакторы, мамандығы-физик-математик.
Халел Ахмеджанұлы Ғаббасов 1888 жылдың 1 қазанында Семей облысы Семей уезі Шаған болысында дүниеге келген. Ата-анасы мал шаруашылығымен айналысқан. Семей губерниясының Шаған болысында болған олардың жеке шаруашылығы кейіннен тәркіленіп, отбасы кедейге айналады.

Халелдің арғы ата–тегі татар, ұста болған. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. 1898 жылы Халел Семей қаласындағы мектепке барады. Ол 1901 жылы Семей ерлер гиназиясының бірінші сыныбына түсіп, 1909 жылы көктемде оның толық 8 сыныбын бітірген.

Гимназияны үздік бітіріп шыққаннан кейін Халел ары қарай оқуға қаражаттан тапшылық көріп, Семей уезінің Сейсен болысында ұстаздық етеді.
Ал, 1912 жылы ол Мәскеуге барып, алғашында Мәскеу университетінің заң факультетінде, содан кейін физика-математика факультетінде оқу оқиды. Аталмыш оқу орнын Халел 1915 жылы алтын медальмен бітіріп шықты.
Халел студенттік кезінде-ақ Жақып Ақбаевтың ұйымдастырушылығымен өткен революциялық қозғалыстарға белсене қатысып жүрген. Сонымен қатар ол Мәскеуде балаларды оқуға дайындаумен де шұғылданған. 1914 жылы Ғаббасов муровшылар мен толстойшылардың шеруіне қатысқаны үшін оқудан да бір шығып, қайта қабылданған.

Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Халел Семейге оралып, осында уақ-қарыз серіктігінде инспектор болып қызмет атқарады. Осы қызметінде ол Ақпан төңкерісіне дейін істейді. Патша үкіметі құлаған соң Халел елдегі саяси өмірге, Алаш қозғалысына белсене араласқан.
Уақытша үкімет тарапынан Ғаббасов Түркістан комитетінің мүшелігіне тағайындалады. Алайда, ол комитеттің мүшесі ретінде нақты жұмыс атқармайды. Ал Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасының орынбасары, облыстық Земство басқармасының мүшесі, облыстық Делегаттар жиналысының мүшелігіне сайланған Ғаббасов бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарған. Осы жылдары ол әртүрлі әлеуметтік саяси жұмыстарды ұйымдастыру-үйлестіру бағытында елге шығып тұрған.

Халел Ғаббасов осы кезеңде Семейде «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің үніне айналған «Сарыарқа» газетін шығарушылардың және кезектескен редакторларының бірі бола­ды. Онда ол ел-жұртты толғандырып, маза­лап жүрген әлеуметтік-саяси жағ­дайды түсіндіріп, талдаған және большевиктердің озбырлық саясатын әшкерелеген өткір мақалалар жария­лап тұрған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігіне айналып, 1917 жылы 21-28 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне Семейден Г.Н.Потанин, Әлімхан Ермеков, Биахмет Сәрсенов, Мұқыш Поштаев, Ахметжан Қозыбағаров, Жақып Ақбаевтармен бірге делегат болып қатысады.

Халел Ғаббасов өзі туралы былай деп еске алады: «Шамамен 1918 жылдың ақпанының соңында, наурыздың басында Семейде партияда жоқ жұмысшы-шаруа кеңесі құрылып, мен тең төрағалыққа сайландым. 1918 жылдан бастап барлық ұлттық бөлімшелер жойылды, соның ішінде қазақтарға ерекше қысым көрсетілді. Ә. Бөкейхановқа Семейге келу қауіпті еді, ол Орынбор маңында жасырынып жүрген болатын. Бұл жөнінде орталық үкіметке шағым түсірдік. Мәскеумен, Сталин жолдаспен тікелей байланысқа шығып, қазақ автономиясын құру туралы сөйлестік. Онда мен жергілікті совдептердің қысымын айта отырып, кеңес үкіметі жариялаған ұлттардың өзін-өзі анықтау және басқару туралы үндеуін тездетіп жүзеге асыруды талап еттім. Ол пікірімді мен 14 баптан тұратын, негізінен қазақ мекемелерін қалпына келтіру, кеңестің құрамындағы автономия құру, қазақ қайраткерлерін түрмеден шығару туралы болды. Сталин жолдас бұл ұсынысты қолдады. Ол: автономия жариялау үшін шұғыл түрде құрылтай шақыруды ұсынды. Орынбордағы Бүкілқазақ құрылтайы кеңес үкіметінің ұлт саясатына сай келетіні, облыстық кеңеске ұлт еркіндігі мен автономия құруға дайындық жасау, тұтқындағыларды босату туралы пәрмен беретінін айтты. Қалған мәселелерді Мәскеуде жүрген Халел Досмұхамедовке тапсыруды ұсынды.

Осы байланыстан кейін Бөкейханов, Омаров, Марсеков, Ермеков, Сәрсенов, мен-Ғаббасов, Байтұрсынов пен Дулатов қатысқан «Алашорда» мәжілісінде Сталинге: кеңес үкіметін сөзсіз мойындайтынымыз, орталықтағы біздің мүддемізді Х.Досмұхамедов қорғайтыны туралы мәлімдеме жолдадық.

Мен Сталинмен сөйлескеннен кейін облыстық кеңестің төрағасы Шугаев тура байланысқа шақырылды. Олардың не деп сөйлескенің білмеймін. Бұдан кейін облыстық кеңес бізге деген көзқарасын өзгертіп, тұтқындағылардың біразын босатты. Алайда құрылтайды шақыру ісін қолға алмады. Екі арадағы қатынасымыз тағы да бұзыла бастады. Қазақ қызметкерлеріне тағы да қысым көрсетіле бастады. Автономия мәселесін түбегейлі шешу үшін Семей облысы қазақтарының құрылтайын шақыру үшін рұқсат алуға мәжбүр болдық. Өкілдерді әр болысқа барып жүріп, жергілікті жерден сайладық. құрылтай мамыр айының басында шақырылды. Автономия мәселесі және кеңес үкіметінің бұл туралы саясаты бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар қатаң талаптар да қойылды. Менің кеңес үкіметі туралы көзқарасым осылай қалыптасты және Сталинмен арадағы тікелей байланысымның мазмұны осындай». (Жұртбай Т. «Ұраным- Алаш»: 1-ші том.- Алматы: Ел-шежіре, 2008.- 204 б.)