Алаш азаматы

«Мінбеге шығар болса Тұрғанбаев,
Сөйлейді балғаменен ұрғандай ғып.
Алды-артын түгел орап сөз айтады,
Белсенді орнынан тұрмастай ғып…
Тұрлыхан Қасенов

mnМәннан Тұрғанбаев – Семей өңірінің ата газеті, бүгінгі «Семей таңының» негізін қалап, алғаш редакторы болған, көрнекті ағартушы, баспагер-журналист, Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, сыншы, публицист,ұстаз-ғалым.
Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысының «Сарыапан» ауылында туған. Алғашқыда Мәннан оқу іздеп, Семей қаласына барып, Кәмәлиден хазіреттен арабша діни сабақтар бойынша дәріс алады. Содан кейін Мәннан алты жылдай Семейдегі медреседе оқиды. 1906-1910 жылдар аралығында ол туған ауылында ұстаздық қызмет атқарған.

М.Тұрғанбаев 1910 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады. «Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия шәкірттері еді», деп жазады М.Әуезов. Міне, солардың бірі Мәнннан да шәкірт кезінде-ақ өзін жазда демалысқа елге оралған сайын төңірегіне үлгі-өнеге шашқан, көкірек көзі оянған талапты жас ретінде танытады.
Мәннанға жастай іліккен «жетім тағдыр» тырнағынан құтылып, жігерін тасытпай, қайта жетімдік жетесін жетілдіріп саналы өмірге дайындық шағын бастайды. Оның туған алтын ұя мекені – Берікқара жерінің қойнауынан кен қазып, жер кезген шет жұрттық ағылшындардың іс-әрекеттеріне зер салып, көрші ел, Қарқаралыда біраз оқыған жастардың асқақ үндеріне құлақ түруі, жерлесі Ақбайдың Жақыбы сынды зиялылармен жақын танысып, жанаса түсуі, революциялық сынайдың өрістеуінің бет алысын аңдауына, сергек сезіміне от алдырар әсер алған болатын.

Мәннанның патша үкіметінің сол тұстағы ішкі және сыртқы саясатымен таныс болды және ел ішіндегі 1916 жылғы жарлыққа қарсы дүрбелең мен күйзеліс оған өз ықпалын тигізгенді. Оқумен қалыптасқан қоғамдық ой-сана Мәннанды тынымсыз ізденіске баурап, қияға қыранша көз жіберген. Қырға оралған М.Тұрғанбаевтың ендігі ғұмыры Орынборда жалғасып, ондағы Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады. Ахаңмен етене таныса жүріп, оның сенімді серігіне айналады. Еуропалық тәрбие алған алты алаштың бір туар тұлғасы Әлихан Бөкейханның бастауымен Мәннан Түркияға сапарлап, Каирдегі мұсылманның рухани академиясы мен Стамбулда қысқа мерзімді курстардан өтеді. Бұған да, Мәннанның қазақ тіліне жетіктігі мен араб, түрік тілдерін меңгергендігі, орыс тіліне жүйріктігі, ислам дініне жастайынан қанық болуы басты себеп болса керек.
Мәннан Тұрғанбаев 1917 жылы Орынбордан Семейге келіп, «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары ретінде Санкт-Петербургтегі екі жарым айлық журналистік курстан өтеді.

Мәннан Тұрғанбаевтың газетте редакторлық, журналистік қабылетімен қатар, оның ағартушылық майданыңдағы губерниялық оқу бөлімінің мектеп инспекторы болып істеген кезінде, қазақ мектебін негізінен қайта құру, оның түрлерін белгілеу, оқытудың мазмұның аңықтау, мұғалімдердің әдіс-шеберліктерін жетілдіру сияқты сан-салалы ұстаздардың ұстазы болғандығы дәлелдене түсуде.

Семейде жарық көрген «Таң» журналында М.Тұрғанбаев «Жазу, тану, һәм жаздыру әдісі» атты мақаласы жарияланып, онда елімізде жүргізілген мәдени революцияның өзекті мәселесі – сауатсыздықты жою туралы арнайы сөз етіледі. Мақалада автор сауатсыздықты жою жолындағы жұмысқа Қарқаралы және Семей техникумдарының төменгі курс оқушыларының «Жойылсын, сауатсыздық!» науқаны бойынша ел ішінде арнаулы сапарлармен аттанғандығы туралы жазған. Яғни, бұл мақаласын оқу бағдарламасы негізінде методикалық құрал ретінде пайдаланылған.

Сондай-ақ, Қызылордадан шығатын «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы №6 санында шыққан «Еңбек мектебінің түрлері» деген мақаласында Мәннан Тұрғанбаев Қазақстандағы мектеп түрлерінің ойдағыдай шешілмегендігін дәлелдей келе, мектеп программасының тұрмысқа, өмірге бейім емес екендігін сынға алады. Семейлік мұғалім өз тәжрибесіне сүйене отырып, негізінен бірінші басқыштың төрт жылдық болып құрылуын тиімді деп есептеді. Қазақ халқының «тұрмыс шарты бір түрлі, сондықтан мектеп түрлері де бір түрлі болу керек» деген пірірді қолдай алмайтындығын айтты. Әр аймақтағы қазақтардың әр түрлі кәсіп-қаракетін еске алған ол «барлық қазақ елін бір түрлі тұрмыс шартына айдап түсіре алмаймыз. Жалпы қазақ елін бір тұрмысқа айналдырамыз деген ой құр пайдасыз қиял болып, желге ұшады. Егер, қазақ елінің тұрмыс шарты бір ғана түрлі емес болса, мен жалпы Қазақстандағы жасалатын мектеп түрі бір ғана емес деген байлауды айта аламын»-деп тұжырымдады Мәнан Тұрғанбаев.

Осы пікірін дәлелдемек болған автор Қарқаралы уезіндегі мектеп жұмысының іс-тәжрибесімен тыңғылықты түрде таныса келе, мектептің мынадай түрлерін қолдау тиімді деген ұсыныс жасады:
1. Қыр жерінде бір ғана оқытушылық ауылдық (бірінші және екінші бөлімді) мектептер болып, оқу ана тілінде жүргізілсін;
2. Болыстық мектептер (III-IV-V бөлімді) үш оқытушы болып, жатақханалы, асханалы болсын. Мұнда бес жылдық программа түгел өткерілсін, орыс тілі жақсы жолға қойылып оқытылсын. Осы мектепті бітіргендердің екінші басқыш мектепке түсуіне мүмкүндік жасалсын;
3. Екінші басқыш төрт жылдық мектеп болып, оны бітірген шәкірт жоғары дәрежелі мектепке (жоғарғы оқу орындарына) кіре алатын болсын. Екінші басқышта сабақ орыс тілінде болып, қазақ тілі мен әдебиеті пән ретінде жүргізілсін. Мектеп жатақханалы, асханалы және оған тиісті барлық қаражат қазынадан болсын деген пікірін алға тартты.
Осы мақалада Мәннан жаздың үш айында сабақ оқытудың қолайлы еместігін дәлелдеді. Сондай-ақ мақалада дидактикалық принциптер сөз болып, әсіресе бала үшін оқудың күшпен, зорлықпен берілуін дұрыс деп есептемейтіндігін айтады. «Зорлықпен берілген білім сіңімді болмақ емес. Мақсат оқушыны оқуға қызықтыра білуде», – деген орынды пікірін ұсынды.