h06

Қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет Географиялық қоғамның мүшесі болған Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтар күні Семей қаласында ұлы Абайдың қайтыс болғанына байланысты он жыл толуына орай әдебиет кешін ұйымдастырып, сол кеште орыс тілінде тамаша баяндама жасап шығады. Ақын Абайдың өлмес даңқының сыр-сипатына терең баға береді. Алғаш рет Абай өлеңдерінің орысша аудармасынан үзінділер оқиды. Бұл Нәзипаның ең басты тарихи еңбегі болып табылады. Ол Орыс Географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты.

Нәзипа, Нұрғали Құлжановтардың Семей қаласы тұрғындары арасында тұңғыш рет қазақ тілінде ойын-сауық ұйымдастырып,өнерлі адамдарды, халықтың телегей теңіз ән-күйін насихаттау жолындағы еңбектері бір төбе. Бірақ қазақтың ән-күйлері жайында жазған еңбектері әлі де жарияланбай келеді. Нәзипа Құлжанова Семей қаласында оқу-ағартаушылық саласында елеулі еңбектер сіңіргенін құжаттар растайды. Төңкерістен кейін кейінгі кезеңде Нәзипа Құлжанова қазақ баспасөзінде қызмет атқарады. «Қазақ», «Сарыарқа» және «Алаш» газеттеріне әйел мәселесіне байланысты мақалалар жариялайды. 1917 жылы Семей облыстық қазақ съезіне қатысып, оның төралқасы құрамына енеді. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Оқу ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі комиссияның белді мүшесі болған. Осы қызметте жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі Орталық Комитеттің құрамына мүшелікке енген.

Нәзипа 1930-жылдардың басында Мәскеуге барып Н.К.Крупскаямен кездесіп көптеген ақыл-кеңестер алады. Әлі де еңбек етіп, көлемді туындылар жазбақ болған журналист, ағартушы Нәзипа Құлжанова 1934 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді. Алғаш рет Нәзипа, Нұрғали Құлжановтардың есімін республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған белгілі ақын Мәриям Хакімжанова екен. Онан кейін де «Семей таңы» және «Иртыш» газеттерінің № 96,97 сандарында (19 мамыр 1967 жыл) «Сарғайған сурет сыры?» атты К.Сәкиева мен С.Сырымбетовтердің бірігіп жазған екі газетте бір мезгілде жарық көрген шағын мақаламен қоса екеуінің түскен суреті шыққан. С.Сейфуллин, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Хакімжанова, С.Бегалин, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Жиреншин сияқты ғалымдар, жазушылар Құлжановтардың Қазақ революциясына дейінгі және онан кейінгі қоғамдық жұмыстары, әдеби еңбектері жайлы реті келген жерде еске түсіріп, өз шығармаларында айтып отырды. Қорыта айтқанда, бүгінде сол ағалар мен апалардың салып кеткен рухани ізі жалғасын тауып, қазіргі және келер ұрпаққа мәңгілік мұра боп қалды.

Әдебиеттер тізімі:

Ахметова Л. Нәзипа Құлжанова // Алғашқы қарлығаштар. Құраст. Д.Дәуренбекова.-Алматы: Қазақстан, 1993.-17-29
Әділбекқызы Ж. Семей Орыс Географиялық қоғамы және қазақ зиялылары // Абай.-2004.-№1.-61-64 б.
Байжұманова Н. Ұлы ақынды ұлықтаған Нәзипа // Семей таңы.-2007.-30 тамыз.-3 б.
Ибраев М. Нәзипа, Нұрғали Құлжановтар // Семей таңы.-1990.-4 тамыз.
Кәрібжанова Г. Нәзипа Құлжанова және Ресей Географиялық қоғамы // Қазақ тарихы.-2003.-№3.-21-23 б.
Қазбалинов Т. Ірі аймақтың хикасясы: (Қала тарихынан: Н.Құлжанова туралы да бар) Ертіс өңірі.-2004.-24 маусым.-29 б.
Құлжанова Н. // Абай. Энциклопедия. /Бас ред.Р.Нұрғалиев.-Алматы: Атамұра, 1995.-370 б.
Құлжанова Н. // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.-Алматы, 2004.-109б.
Қуантайұлы Н. Қазақтың алғашқы журналист қызы // Ертіс өңірі.-2003.-9 қазан.-29 б.
Мағауина З. Қазақтың ардақты қызы // Семей таңы.-2007.-24 мамыр.-3 б.
Шаянбаева С. Семейдегі алғашқы әйел мұғалімдер // Қазақ тарихы.-2004.-№1.-62-68 б.; Ертіс өңірі.-2003.-4 желтоқсан.-16 б.