Виктор Николаевич Белослюдов
Виктор Николаевич Белослюдов – суретші, этнограф, өлкетанушы. 1883 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Аналары Варвара Васильевна ұлдарының кішкене кездерінен бастап дүниетанымын молайтып,өлеңдер жаттатып, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді. Виктор Николаевич Белослюдов 1889 жылы күзде 5 сыныптық қалалық училищеге оқуға түседі. Училище қабырғасында үздік оқып, сурет салуға ыңғай байқатады. 1894 – 1898 жылдары Виктор Николаевич жаңа ашылған ерлер прогимназиясын үздік оқып бітіреді.

Прогимназида ол барлық оқушылардан суретті жақсы салып, жоғары бағаланған. 1899 жылы Мәскеу қаласындағы Строганов атындағы көркемсурет училищесіне түсу Виктор Николаевичтің өмірінің ең жақсы кезеңдерінің бірі болды. Училищеде оқып жүріп, ол Париж көрмесіне, Қазан қаласында өткен бүкіл Ресей көрмесіне қатысып, көрермендерді таңқалдырды. 1906 жылы оқуын бітірісімен жас суретшіні таңғажайып болашақ күтіп тұрды. Училище әкімшілігі оны мұғалімдікке қалдырғысы келді, шетелдерге қызықты жолдар күтті. Бірақ ол осының бәрінен бас тартып, туған жері Семейге ат басын бұрып үйренген білімін туған өлкеге арнауға шешім қабылдады.

Виктор Николаевичті археология мен тарих қызықтырды. 1906 жылы ол өзінің мұражайын ашуды ойлайды. Оның ойымен ағайындары келісіп, жұмыстар жүргізе бастады. Мұражай жылдан жылға өсіп, материалдар жинақтала береді. Жинақталған материалдар зерттеліп,бөлімдер бойынша сұрыпталады. «Сибирьский архив» журналында 1913 жылы Белослюдовтардың мұражайы жайлы арнайы мақала жарияланады. Мақалада мұражайдың Семей өлкесін зерттеуде баға жетпес маңыздылығы айтылған. 1911 жылы Омбы қаласында өткен ауылшаруашылық жетістіктері көрмесінде «ғылыми бөлім» бойынша ағайынды Белослюдовтардың коллекциялық жинақтары күміс алқаға ие болады. Мұражайда геология, минералогия және антропология, археология , ерте заманғы киім үлгілері , кітаптар мен қолжазбалар, нумизматика, этнография бөлімдері болды. Археология бөлімінде 600 – ден астам экспонат болса, нумизматика бөлімінде мыңнан аса алтын, күміс, жез теңгелер, этнография бөлімінде қазақтардың, сарттардың, татарлардың әр түрлі киім-кешектері, ою-өрнектері, т.б. жинақталды. Мұражайда сол кездің өзінде 4 мыңдай экспонат болған.

Виктор Николаевич Семей, Алтай өңіріне оқушылармен бірге ұзақ мерзімге зерттеу барысымен саяхатқа шығып, көптеген картина, пейзаждар салып әкелген. Сол пейзаж картиналары Алматы, Семей т.б. қалалардың өлкетану мұражайларында сақтаулы. Жұмыстары акварель, майлы бояу, қарындашпен салынған.

Виктор Николаевич көптеген суретшілермен хат жазысып, олардан көне картиналарды өз ақшасына сатып алып, өзінің жазған картиналарымен алмасып, мұражайларынан картина галереясын ұымдастырған. Оның қаламынан шыққан көптеген суреттер, этюдтер, композициялық туындылар қазақтардың өмірі мен тұрмысына, Шығыс Қазақстанның сұлу табиғатына арналған. Мәскеуде оқыған жылдары «Семей», «Киіз үй», «Қазақ әйелі», «Қымыз ішіп отырған қазақтар» т.б. суреттер, ал Семейде тұрған кездері «Су тасушы машина», «Қазақ арбасы», «Шай үстінде» , «Жылқы табыны», «Ертісте», «Күз кезіндегі орман» атты этюдтерін, ”А. Малдыбаевтың» портреттерін салды. Суреттері қазақ ертегілерін көркемдеуге пайдаланылған.

Сурет өнерімен қатар Виктор Николаевичте өлең шығару таланты да болған. «Семипалатинский край» газеті В.Н. Белослюдовтың өлеңдер жинағын басып шығарған. 1918 жылы Семей қаласының 200 жылдығына орай үлкен ғылыми мақала жазды. Географиялық қоғамның статистикалық комитеті және бастауыш білім қоғамының мүшесі ретінде Е.П.Михаэлис,И.Я. Коншин, В.Г.Потанин, А.Седельников, М.Әуезов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, М.Тұрғанбаевтармен бірге қызметтес болды.

Талантты суретші В.Белослюдов жақсы ұстаз-ағартушы да бола білді. Өмірінің соңына дейін мұғалімдік қызмет атқарды. 1906 жылы 5 сыныптық қалалық училищеде сурет, сызу, көркем жазу мұғалімі және 1907 жылы жалданып, 4 сыныптық Николаев қалалық училищесінде , 1913 жылы Семей қалалық жоғары бастауыш қыздар училищесінде , 1915 жылы 32 жасында Семей 1 –ші ерлер жоғары бастауыш училищесінде және басқа оқу орындарында мұғалімдік қызмет атқара отырып, В. Белослюдов өзінің шәкірттерінің сурет өнеріне деген қызығушылығын оята білді. Виктор Николаевич 1916 жылы қайтыс болды.