Абайдың рухани орталығы

Біздің кітапхананың тарихы 1883 жылдың қыркүйегінде ірге көтеруінен бастап кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы есімімен тығыз байланысты. Семейдің қоғамдық кітапханасының алғашқы кезеңінен тұрақты оқырманы хакім Абайдың құрметіне 2013 жылдың күзінде ашылған «Абайдың рухани орталығы» аясы кең шаралар ауқымын қамтиды.

Орталықтың мақсаты: Абай оқыған әдебиеттер әлемімен, Абай заманындағы қоғамдық кітапхананың рухани қазына қорымен, Абайдың рухани мұрагерлері – ұлт зиялыларының, абайтанушы ғалымдардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын көпшілік қауымға таныстыру, абайтану ғылымына байланысты әдебиеттерді зерттеуші-ғалымдарға даралап ұсыну.

Орталық жұмысының міндеттері:

  • сирек басылымдар қорын зерделеу;
  • Абай заманындағы сирек баспа өнімдерін іріктеу;
  • тұрақты сирек басылымдар көрмесін, шолу дайындау;
  • сирек басылымдарды сандық түрге көшіруді ұйымдастыру;
  • ғылыми бағытта жұмыс істейтін ғалымдарымыз бен ғылым жолындағы жастар үшін орта құру;
  • шетел кітапханаларымен, ғылыми зерттеу орталықтарымен сирек басылымдар қорын толықтыру, абайтануға байланысты ғылыми-зерттеу еңбектер мен әлем тілдеріндегі Абай шығармаларын жинақтау, осы бағытта ақпарат алмасу үшін қарым-қатынас орнату;
  • республика көлемінде сирек басылымдар қорын, заманында Абай оқыған әдебиеттер әлемін насихаттау;
  • сандық форматтағы әдебиеттерге интернет пайдаланушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Орталықтың қорында қазақ, орыс, араб, түрік, ағылшын, қытай, қырғыз, өзбек, тілдерінде Абай шығармалары сақталған. Абай Құнанбайұлы туралы және ақын шығармаларының әлем тілдерінде баспа көрген ақпараттарымен кітапхана қорын толықтыру бағытында шетелдердің (барлығы 42) Қазақстандағы елшіліктеріне хат жазылып, сұраныс жасалды. Нәтижесінде сирек басылымдар қоры Әзербайжан Елшілігінен кітапхана қорына «Шерлар вә поемалар» (Өлеңдер мен дастандар) атты Абай шығармаларының аудармасының электронды нұсқасымен (9,86 МБ) толықты. Германия Елшілігіне хат арқылы хабарласу нәтижесінде елшілік қызметкерлері кітапханамызға әкеліп салтанатты түрде неміс тіліндегі Абайдың «Қара сөздерін» табыс етті. Қытай Халық Республикасынан профессор, академик, Қытайдың ғылым білім министрі болған ғалым Жанболатов Сұлтанның «Қытайда Абайдың туысы бар екен» деген зерттеу мақаласы кітапханаға келіп түсті. Кітапханамыздың құнды қоры Венгриядан мадьяр тілінде Будапештте 1956 жылы шыққан М.Әуезовтың «Ақын жолы» («Абай жолы») романымен толықты.

Алдағы уақытта сирек басылымдар қорын жұртшылыққа кеңінен насихаттау шаралары атқарылмақшы. Бұл шараларды алыс-жақын шетелдер – көршілес Ресей, Қытай, Монғол елдері кітапханаларымен бірлесіп қызмет атқару шаралары жоспарлануда.

Қала тұрғындары және қонақтары, студенттер, мамандар, ғалымдар мен ізденушілер, қаламгерлер, зейнеткерлер сирек басылымдарымыздың алтын қорынан өздерінің шығармашылық ізденістеріне, ғылыми жұмыстарына, кәсіби шыңдалуына қажетті ақпаратты кітапханамызға келіп пайдалана алады.

Байланысшы: Манжибаева Жаңылгүл Әділбекқызы

Оқу залы

Тел.: 8 (7222) 52-36-45

e-mail: biblioabay.ch.z@yandex.kz

 

2017 жылы атқарылатын іс-шаралар:

Ұлы даланың ұлы жазушысы (Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл): кең көлемді кітап көрмесі

Әлемге танылған тұлға: Абай Құнанбайұлына арналған тұрақты кітап көрмесі

Ғасырлармен үндескен асыл қазына: сирек басылымдардан тұрақты кітап көрмесі

Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы (Абай Құнанбайұлының туғанына 172 жыл, ақын ескерткішінің ашылуына 45 жыл толуына орай): дөңгелек үстел

Абайдың шәкірті – Мұқа Әділханұлының туғанына 160 жыл: танымдық сағат

Көне газеттер ізімен (Ұлы жеңіске 72 жыл): фотосуретті сирек басылымдар көрмесі

Ұлы соғыс жаңғырығы өшпейді: соғыс ардагерімен кездесу кеші

Ұлт зиялыларының асыл мұралары: ретро-көрме

Ғалым-этнограф М.Мұхамадиұлының «Ер Жәнібек» кітабы: тұсаукесер

Ер Жәнібек батыр: фильмнің көрсетілімі

Ғалым Т.Шаңбайдың «Гумилев» тұлғалық энциклопедиясы: тұсаукесер

Ақын-импровизатор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрлыбек Баймұратовтың туғанына 130 жыл: сирек кітаптар көрмесі

Ақын, ұстаз, зиялы азамат (Тұрлықан Қасеновтің туғанына 115 жыл): бір туындының көрмесі.