s03 (1)

Абай Құнанбаев                 Мұхтар Әуезов               Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қазақ аспанынан жарқырап шыққан жарық жұлдыздардың үркердей ұлы шоғырында алдымен есімдері аталатын үш арыс, үш бәйтерек – Абай, Шәкәрім, Мұхтар Шыңғыстауда дүниеге келіп, әлемді мойындатқан дала сахнасының төрінен көрініп тұтас адамзатқа ортақ биік парасатты мұраттарымен, болашаққа деген сенімдерімен, бүгінгі ұрпаққа ұлылықтарымен әйгіленген ұлы тұлғалар.

Сарыарқаның кіндік тұсында, алыс сахарада жатқан Шыңғыстау сияқты аймақта үш алыптың дүниеге келіп, сөз өнерінің әсемдік биігіне көтеруі адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс.

Абай – қазақтың қазіргі ұлттық әдебиетінің негізін салған классик. Оның бұл бағыттағы басты еңбегі – қазақ поэзиясына реформа жасап, оны дүние жүзілік көркемдік ойдың деңгейіне көтере алғандығында.

Ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам тіршілігінің сан саласын қамтып, бүгінгі мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен, әмбебап әрқилылығымен қымбат. Халық тарихи дамудың қаншама биігіне көтерілсе де, Абай аты мен Абай сөзі әрдайым оның аузындағы жыры, көкірегіндегі иманы, санасындағы ұжданы боп қала береді. Абай ақындығының тарихымызбен бірге жасайтын ұлы тағылымы да – осында!

ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде Шәкерім ойшыл, ақын-жазушы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылған, Абай заманына өзгелерден бір табан жақын тұрған, екі ғасыр арасын жалғастырушы ірі тұлға.

Шәкәрім – ұлы гуманист, кемеңгер ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі. Ол Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп дамыған демократиялық идеяларды, халықтың азаттығын ту ғып ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп еркін дамуын аңсаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі. Шәкәрімнің дүниетанымы, қоғамдық ой-пікірлері, философиялық, эстетикалық көзқарастары ХІХ ғасырдың екінші жартысында негізінен қалыптасты.

Семей – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке үлкен шабыт беріп, өнерін ұштап, жетілдіруге мүмкіндік алған киелі жер. Өйткені, ұлы жазушы ең алғаш білім көгіне осы қаладан қанаттанып, ең алғаш шығармаларын: «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелерін жазып, сан алуан ағартушылық қызметтерін де осы Семейден бастаған. Сондықтан жазушының өзі де Абай мен Шәкәрім туған және өмір сүрген Шыңғыстауда дүниеге келгенін мақтан тұтады.

Шыңғыстау бөктеріндегі атақты Қарауыл, Жидебай, Бөрілі – қазақтың Абайын, Шәкәрімін, Мұхтарын кемеңгер етіп, дүние жүзі ұлыларының санатына жеткізіп, олардың есімін әлемге паш етті.